Accessibility links

Түркия қазағы: Жастарға «бір кәсіппен шектеліп қалма» дейміз


Түркияның Стамбул қаласында тұратын этникалық қазақ Ілияс Сака. (Жеке мұрағаттағы сурет.)
Түркияның Стамбул қаласында тұратын этникалық қазақ Ілияс Сака. (Жеке мұрағаттағы сурет.)

Стамбулда тұратын қазақ шет елдердегі, әсіресе Ресей мен Қытай және Моңғолиядағы қандастарының білім алу жайын сөз етті.

Түркияның Стамбул қаласында тұратын этникалық қазақ, 49 жастағы Ілияс Сака – ондағы Зейтінбурну ауданы әкімінің кеңесшісі. Мамандығы саясаттанушы азамат Қожа Ахмет Ясауи білім қорының төрағасы қызметін де атқарады. Ол Азаттыққа берген сұқбатында жастарға қандай бағытта білім үйретіп, қандай кеңес беретіндерін айтты.

Жастар бір ғана кәсіппен шектелмеуі тиіс
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:50 0:00
Жүктеп алу

Азаттық: – Өзіңіз басқаратын қор қандай мақсатта жұмыс істейді?

Ілияс Сака: – Қордың жұмыс істеп келе жатқанына 20 жыл болды, Дүниенің әр түкпіріндегі қазақтарды оқыту мақсатында құрылған. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын Қазақстаннан бір топ бала әкеліп оқыттық. Кейін екі жыл оқығаннан соң олар еліне қайтты. Соңғы екі жылдан бері басқа бағдарлама қабылдап жатырмыз. Яғни Қазақстаннан басқа елдерде тұратын, оның ішінде Ресей мен Қытай және Моңғолияда тұратын қазақ балаларын әкеліп оқыту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, қазіргі кезде қордың атынан білім алып жатқан 50 баланың 10-ы Моңғолиядан келген 11-13 жас аралығындағы оқушылар.

Азаттық: – Неге бұл елдерді таңдап алдыңыздар?

Ілияс Сака: – Осыдан үш ай бұрын Моңғолияға барып, Улаанбаатар қаласының айналасындағы қазақтар мекен ететін өңірлерді аралап қайттық. Сол кезде Баян-Өлгий аймағынан тысқары тұратын қазақ балаларының ана тілдерін ұмытып бара жатқанын көрдік. Бұл тек сол жердегі қазақтарға ғана тиісті емес, өзге мемлекетте тұратын диаспораларға да қатысты. Сол себепті Ресей, Қытай және Моңғолияда тұратын әлеуметтік жағдайы төмен балаларды алып кеп оқытсақ дегенді мақсат етіп отырмыз. Биыл Моңғолиядан әкелсек, келесі жылы Ресейден балалар әкелеміз. Онда да тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларды.

Азаттық: – Балаларға кім сабақ береді, оларға қандай пәндерді оқытасыздар?

Ілияс Сака: – Білімді жергілікті мектептен алады. Қай саладан білім алғысы келеді, сол саланы оқытамыз, баланың бейіміне, қабілетіне қараймыз. Бұдан басқа сабақтан тыс уақытта математиканы, Құранды және түрік тілін оқытамыз. Бұрын лицей бітірген балаларды одан әрі мамандық бойынша оқытатын едік. Енді 11 жасқа толған балаларды оқытуды қолға алып жатырмыз. Балалар қордың жеке жатақханасында тұрады.

Қазір бұрынғыдай емес – заман өзгерді, түсінік те өзгерді. Сондықтан біз Түркиядағы қазақ жастарын «тек бір мамандықпен, бір кәсіппен ғана шектеліп қалма – барлық саланы игер» деп үгіттейміз. Қазақ жастарының үлкен қызметте жүргенін қалаймыз.

Азаттық: – Қордың қаржылық мәселесін қалай шешесіздер?

Ілияс Сака: – Қаржы мәселесін Түркияда тұратын жергілікті қазақтар, кәсіпкерлер көтереді. Түрлі қайырымдылық шаралардан түскен қаржыны жұмсаймыз. Мемлекеттен бір тиын қаржы алмаймыз.

Азаттық: – Әңгімеңізге рақмет.

XS
SM
MD
LG