Accessibility links

Жаңаөзендегі жұмыссыздар жуырда азаймайды


Құрылыста жұмыс істеп жүрген азаматтар. Жаңаөзен, 6 желтоқсан 2013 жыл.

Құрылыста жұмыс істеп жүрген азаматтар. Жаңаөзен, 6 желтоқсан 2013 жыл.

ЕО-ның Жаңаөзенде жаңа жұмыс орындарын ашу туралы арнайы жоба бастамақшы екенін жергілікті тұрғындар әлі білмейді. Әкімдік дені жас жұмыссыздардың мәселесін шешуге тырысып жатқандарын айтады.

Жаңаөзен тұрғыны зейнеткер Тоқтагүл Исантұрдиеваның үш баласы бар. Күйеуі Жаңаөзен қалалық газбен қамту мекемесінде жұмыс істеп, кейін жүрек ауруына байланысты 3-топтағы мүгедек болып зейнетке шыққан. Екі қызы тұрмыста, ал ұлы ұзақ уақыт бойы жұмыссыз жүр. Оның айтуынша, бүкіл отбасы Тоқтагүлдің алатын 19 мың зейнетақысы мен күйеуінің 27 мың теңге мүгедектік жәрдемақысына күн көруге мәжбүр.

Жаңаөзен тұрғыны Тоқтагүл Исантұрдиева.

Жаңаөзен тұрғыны Тоқтагүл Исантұрдиева.

«2010 жылдан бері үйдің коммуналдық төлемдерін де төлей алмай келемін» деді ол Азаттық тілшісіне.

Тоқтагүл тұратын Жаңаөзендегі 1-шағынауданды жоқ-жітік пен жұмыссыздар ауданы деп атауға болады. Құлағалы тұрған ескі үй көп. Соның бірі – Тоқтагүл тұратын 43-үй. Зейнеткердің сөзінше, апаттық жағдайда тұрса да, әкімдік ғимаратқа қатысты шешім қабылдамай келеді.

«Жұмыссыздықты, баспана мәселесін айтып бармаған жерім қалған жоқ. Бізде жұмыссыздық та, кедейшілік те жетеді» деді ол ашынып.

​Жаңаөзен қаласындағы ең ірі өндіріс «ӨзенМұнайГаз» компаниясында 8 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін мұнда жұмысқа қабылдауға мораторий жарияланған. Мұндай мораторийді қаладағы «ӨзенМұнайГазға» сервистік қызмет көрсететін басқа өндіріс мекемелері де қабылдаған. Қала тұрғындары жалдамалы жұмыспен, жергілікті билік ұсынатын түрлі уақытша қоғамдық жұмыстармен күн көріп отыр. Бірақ оған төленетін ақы тұрмыс қажеттілігін өтей алмайды. Сұранысқа ие емес Жаңаөзендегі политехникалық колледж бітірушілері де жыл сайын қаладағы жұмыссыздар қатарын қалыңдатып келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жаңаөзендегі «Шаң ауыл», «Бай ауыл» және «Арам ауыл»

ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ІЗДЕУ

Нұрпатша Өмірзақова да осы 1-шағынауданда 20 жылдан астам уақыт тұрады. Жаңаөзендегі жұмыссыздықты сөз еткенде ол Азаттық тілшісіне қолын бір сілтеп: «Жұмыссыздық деген Жаңаөзеннің маңдайына жазылған зат қой» деді.
Нұрпатша Өмірзақова 1998 жылдан бері жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғанын, бірнеше мәрте уақытша тазалау жұмыстарына тартылғанын айтты.

Нұрпатшаның жалғыз ұлы бар. Ол да жұмыссыз.

«Ұлым Жаңаөзендегі полтихеникалық колледжді бітірді. Бірақ оның білімі жақсы жұмыс табуға жетпейді деген соң Ақтөбедегі «Дүние» университетінің инженерлік мамандығын алды. Бірақ бәрібір жұмыс жоқ» дейді Нұрпатша.

​Нұрпатша Жаңаөзендегі тазалық, көше сыпыру тәрізді кезінде ұсынылған жұмыстарды жасай жүріп жинаған ақшасын баласын оқытуға жұмсағанымен, еңбегінің ақтаусыз кеткеніне ренішті.

«Әділетсіздік көп. Мәселен Жаңаөзенде мұнай мекемелерінде бір үйден үш адамнан жұмыс жасайтын отбасылар бар. Ал менің үйіме тым құрымағанда 50 мың теңгенің табысы кірмейді» дейді ол.

Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Балзира Маркашова. 29 мамыр 2014 жыл.

Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Балзира Маркашова. 29 мамыр 2014 жыл.

Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Балзира Маркашованың айтуынша, «Жаңаөзендегі жұмыссыздар жұмыспен толық қамтылды деуге де болмайды, жұмыс жоқ деуге де болмайды».

Маркашова Жаңаөзендегі жұмыссыздықты былтырдан бері салынып жатқан балабақша, мектеп тәрізді әлеуметтік нысандардың құрылысына тарту арқылы да шешуге тырысып жатқандарын айтты.

Оның айтуынша ресми тіркелген жұмыссыздардың былтырғы жылдың аяғындағы сандық көрсеткіші 800 адам немесе жұмысқа қабілетті тұрғындардың 1,7 пайызы ғана.

«Мәселен, былтыр 500 адамды «Тазалық» мекемесіне жұмысқа тарттық. Жыл сайын қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырып отырамыз. 60 адамды қайта даярлау курстарынан өткізіп, жұмыс тауып бердік, 90 адамды мекемелерге субсидия арқылы орналастырып жатырмыз» деді Балзира Маркашова.

Жұмысқа орналастыру орталығында кезекте тұрған тұрғындар. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жұмысқа орналастыру орталығында кезекте тұрған тұрғындар. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның айтуынша, биылғы мамырдың 1-іне дейін жұмыс сұрап тіркелгендердің саны 1 мың 846 адам және бұл көрсеткіш соңғы екі жылда осыдан аспай келеді. Бірақ жаңаөзендіктердің басым көпшілігі тұрақты жұмыс іздейді.

«Жұмыс іздеушілер жалақысы 100-150 мың теңге болса келісер едік дейді. Көбі мұнайшы мамандығын талап етеді» дейді Маркашова.

Жергілікті әкімдік ұсынатын көше тазалығы тәрізді жұмыстар уақытша болып есептеледі. Әрі оның айлық жалақысы - 40-60 мың теңгенің аралығы. Қоғамдық жұмыстар үшін айлық жалақы – 40 мың теңге.

«ЖҰМЫССЫЗДАРДЫҢ ДЕНІ – ЖАСТАР»

Жұмыссыздықты шешудің бір жолы ретінде әкімдік мұқтаж тұрғындарға шағын несие беру мәселесін шешуге де атсалысқан. Бірақ жұмыссыздардың банк талабына сай кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болмағандықтан, бұл бастама да тоқырап тұр. Өйткені биыл тек он шақты жаңаөзендік құжаттарын жинап, несие алуға дайындалып жатыр. Әкімдік өкілінің айтуынша, оларға 12
миллион теңге несие беру қарастырылып отыр, ал несие алуға талпынғандардың дені мал шаруашылығымен айналысқысы келеді.

Жұмыспен қамту бөлімі бастығының сөзіне сүйенсек, жұмыссыздардың басым көпшілігі – 16-29 жас арасындағы жастар. Шенеунік жұмыссыз жастардың қарасын Жаңаөзен қаласындағы мұнайшы мамандығын даярлап шығаратын колледж бітірушілері көбейтіп тұрғанын айтады.

«Жұмыссыздықты ұлғайтып тұрған тағы бір мәселе – жастар әскерге барғысы келмейді. Денсаулығының жарамсыздығын, отбасында асыраушысының жоқтығын себеп қылады. Жуырда қалалық ішкі істер бөлімі тұрақты жұмысқа 100 адам сұрағанда біз ұсына аламдық. Жұмыс ұсынушылар әскерде болғандарды ғана қалады» деп түсіндірді Маркашова.

Жаңаөзендегі жайма базар саудагерлері. (Көрнекі сурет)

Жаңаөзендегі жайма базар саудагерлері. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласында жуырда ашылған өрт сөндіру қызметінің де жұмысқа қабылданатындардан әскери билетінің болуын талап ететінін білді.

Мамырдың ортасында Еуропа Одағының «Қазақстанның аймақтық дамуы» жобасының жетекшісі Ольга Бродерик Жаңаөзен тұрғындарын жұмыспен қамту туралы ұсыныс-бағдарлама бойынша жұмыс басталғаны туралы хабарлаған еді.

Бродерик «Шағын қалалар» туралы арнайы сессия өтеді. Оның соңында қандай салаларды дамытуға болатынына қатысты ұсыныстар әзірленеді. Мұның Жаңаөзенде жаңа жұмыс орындарын ашуға тікелей қатысы бар» деп мәлімдеген.

Былтыр жарияланған аталмыш бағдарламаны ЕО Қазақстандағы үш аймақ – Қызылорда облысы, Маңғыстау облысы мен Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бірақ ЕО-ның бұл жобасынан Жаңаөзендегі жұмыспен қамту орталығы әзірге хабарсыз болып шықты.

2011 жылғы желтоқсан айында Жаңаөзен қаласында болған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қанды қақтығысқа да жергілікті жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен еңбек шарттарына наразылығы түрткі болған еді. Бір жылға жуық қала ортасында ереуілдеп тұрған мұнайшыларды полиция оқ атып таратып, ресми ақпарат бойынша 16 адам өліп, жүзден астамы жараланған.
XS
SM
MD
LG