Accessibility links

Айман Сағидуллаеваның шағымы бойынша сот басталды


Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаева (сол жақта) сотқа өзін қолдап келгендермен бірге тұр. Қарасай ауданы, Алматы облысы. 18 тамыз 2016 жыл.

Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаева (сол жақта) сотқа өзін қолдап келгендермен бірге тұр. Қарасай ауданы, Алматы облысы. 18 тамыз 2016 жыл.

Алматы облысы Қарасай ауданық сотында Жаңатұрмыс ауылдық мектебі мұғалімінің «өз тәртібін заңсыз талқыға салды» деп мектеп директоры үстінен түсірген шағым бойынша сот отырысы басталды.

Тамыздың 18-і күні таңғы сағат онда басталады деп хабарланған сот отырысы бір сағатқа жуық кешігіп басталды. Сот отырысын судья Айгүл Жаңбырбаева жүргізді. Соңғы жылдары мұғалімдер құқығын қорғаушы қоғамдық белсенді ретінде жиі көзге түскен Айман Сағидуллаеваға (кейбір БАҚ-та Сағидулла деп те жазылады - ред.) қолдау көрсету үшін он шақты адам сот залына келді.

Сот отырысын күтушілердің арасында Жаңатұрмыс ауылындағы орта мектептің төрт-бес қызметкері де байқалды. Оларды жауапкер, мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова куәгер ретінде ертіп келген болып шықты. Алайда сот отырысы барысында куәгерлер сұралмай, кейінге қалғандықтан Бекжан Нүсіпбекова оларға құжаттарын қайта таратып берді. Нүсіпбекованың қарсылығына қарамастан судья Айгүл Жаңбырбаева бірнеше ақпарат құралы өкілдерінің отырысқа қатысуына рұқсат етті.

«ІРІТКІ САЛУ»

Сот отырысы Айман Сағидуллаеваның талап-арызын тыңдаудан басталды. Оның айтуынша, биыл 2016 жылы, мамырдың 19-ында Жаңатұрмыс ауылындағы орта мектепке Қарасай ауданына қарайтын бірнеше ауылдан өздерін «ақсақалдар кеңесінің мүшелеріміз» теп таныстырған бірнеше адам келіп, Айман Сағидуллаеваның «тәртібін талқыламақ болған».

Жаңатұрмыс орта мектебінің директоры Бекжан Нүсіпбекова (сол жақта) сотта отыр. Қарасай ауданы, Алматы облысы. 18 тамыз 2016 жыл.

Жаңатұрмыс орта мектебінің директоры Бекжан Нүсіпбекова (сол жақта) сотта отыр. Қарасай ауданы, Алматы облысы. 18 тамыз 2016 жыл.

- Алайда бұл «ақсақалдардың» көбі аты-жөнін айтқысы келмеді, кейбіреуінің аты-жөнін жазып алған қағазымды алып қойды. Сөйтіп «біздің балаларымызды оқытып, тәрбиелейтін мұғалім бола тұра сенбілікке шығуға қарсы болдың, мектеп ішіне іріткі салдың» деп айыптады. Бірақ өздерін «ата-ана ретінде таныстырса да олардың ешбірінің баласы мен сабақ беретін мектепте оқымайды. Екіншіден, ақсақалдар кеңесінің мұғалімді талқыға салуға құқығы жоқ. Сол себептен талқылауды соңына дейін күтпей, ақпарат құралдары мен прокуратураға шағымданатынымды ескерттім, артынша денсаулығым сыр беріп, дәрігердің қарауына жүгінуіме тура келді, - деді мұғалима.

Айман Сағидуллаеваның айтуынша, «осы талқылауға құлақ аспағандықтан» мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова «педагогикалық әдеп қағидаларын сақтамағаны үшін» ескерту берген.

- Ескерту берілгенін 13 күннен соң бір-ақ білдім. Заңсыз талқылаудан кейінгі заңсыз ескертудің күшін жоюды сұраймын, - дейді Айман Сағидуллаева.

Өзіне сөз берілген кезде мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова «орта мектеп құрылтайшысы ауыл әкімдігі болғандықтан әкімдік жанындағы ақсақалдар кеңесі мұғалімдердің іс-әрекеті туралы пікір айта алатынын» алға тартты.

Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаева (оң жақта) өзін қолдаушылармен бірге Қарасай аудандық сот ғимараты алдында тұр. Алматы облысы. 18 тамыз 2016 жыл.

Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаева (оң жақта) өзін қолдаушылармен бірге Қарасай аудандық сот ғимараты алдында тұр. Алматы облысы. 18 тамыз 2016 жыл.

- Беделді ақсақалдар келіп, «мамырдың 21-іне ресми рұқсат етілмеген митинг болайын деп жатыр. Ал Айман Сағидуллаева осыған байланысты мектеп ішінде іріткі салып, мұғалімдер мен оқушыларды ертең жерсіз қаласыңдар деп көтеріліске шақырып жүр екен» деді. Мен оларға «Сағидуллаева митингіден бір ай бұрын қатысуға рұқсат сұраған, бірақ мен ол күні педсовет болатындықтан рұқсат бермегенімді» айттым, - дейді Бекжан Нүсіпбекова.

Бекжан Нүсіпбекова осы талқылау барысында Айман Сағидуллаева ақсақалдарды тыңдамай ерсілік көрсеткендіктен ескерту беруге мәжбүр болғанын және оны педсоветте жариялағанын, оны Сағидуллаеваның өзі де естігенін айтты. Бірақ соңғы уәжді Айман Сағидуллаева теріске шығарды. Судья екі тараптың куәларын тыңдауды келесі сот отырысына қалдырды.

«МЕКТЕПТІҢ ІШКІ ІСІ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен Айман Сағидуллаеваның қоғамдық қорғаушысы Маржан Аспандиярова бұл іске байланысты маңызды жағдайларға назар аудару керек деп санайды. Оның айтуынша, «орта мектеп мұғалімдерін сабақтан тыс жұмысқа жегуге қарсылық білдірген Айман Сағидуллаева қазіргі билікке тиімсіз болып тұр».

Ақсақалдарды мұндай шаруаға араластырған кім? Біз бір ғана ескертуді заңсыз деп тануды сұрадық. Басқа еш талабымыз жоқ. Бірақ мектеп директоры мәселені қайта-қайта биыл көктемде өтпей қалған шерумен байланыстырып, саясиландырып отыр. Мәселе шеруде емес, мұғалімнің азаматтық құқығында, соны ажырата қарау керек еді. Ескерту ақсақалдар жиынының қорытындысының негізінде жасалған, ал жиынның өзі заңсыз, - дейді Аспандиярова.

Айман Сағидуллаева өзіне ескерту беруге негіз болған ақсақалдар алқасының жиынының хаттамасы да жоқ деп налиды. Оның сөзінше, ақсақалдар жиынынан кейін ескертудің жария түрде берілгенін жоққа шығаратын құжаттары да бар.

Соттан шыққан мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова «мектеп ішіндегі ахуалды сыртқа жаюға болмайтыны туралы» министрлік қаулысына сәйкес БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере алмайтынын алға тартып, кетіп қалды.

Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылы мектебінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім Айман Сағидулла 2015 жылы мектеп ұстаздарына өздерінің тікелей міндеттерінен басқа да артық жұмыстар жүктелетіні жөнінде мәселе көтеріп танылған еді. Оның әлеуметтік желідегі жазбалары мен жергілікті БАҚ-тағы мақалаларынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары сол тұстағы білім және ғылым министрі Асылан Сәрінжіповті мұғалиманы қудалауды тоқтатуға ықпал етуге шақырып, ашық хат жазып, қол жинаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG