Accessibility links

Наразы жұмысшылар «Нұр Отаннан» көмек тіледі


Уәли Еспановтың сөзі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00

Techno Trading LTD мұнай-сервис компаниясы операторы Уәли Еспановтың пікірі. 6 сәуір 2016 жыл

Маңғыстаулық Techno Trading LTD жұмысшылары «Нұр Отаннан» «жұмыстағы әділетсіздіктер мен қудалауды» тоқтатуға көмектесуді сұрады.

Әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау өткізетін күндері. Осы уақытты пайдаланып Techno Trading LTD компаниясының бір топ жұмысшысы сәуірдің 6-сы күні партияның қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мұхамбет Жайлыбаевқа келді. Олардың қатарында кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Қуан Сапарбаев, Жетібай кен орнындағы операторлар Кенжебек Ержанов, Мария Жаркова, Ринат Фазылов, Алдияр Сағымбаев, Нұрат Қонысов болды. Жұмысшылар «тоқсандық сыйақы талап еткендері үшін қудалауға ұшырағандары» туралы соңғы бірнеше ай бойы айтып келеді. Techno Trading LTD өкілдері «қаржылық дағдарыс жағдайында өндіріс көлемі азайғанын» уәж қылады.

Партия өкілі Ақтаудағы қоғамдық тыңдауға қатысуға келген Азаттық тілшісін жиынға «рұқсатсыз кірді» деп айыптады.

Кабинетті босатыңыз! - деген ол дауысын көтеріп, орнынан тұрып есікті нұсқады.

Жайлыбаевтың айтуынша, қоғамдық тыңдау болса да, журналист қатысуға алдын ала рұқсат алуы керек. Кейін тыңдаудан соң Азаттық тілшісімен сөйлескен Techno Trading LTD жұмысшылары өздеріне «Нұр Отан» өкілінің «15 күнге мұрсат сұрағанын» айтты.

«АШТЫҚТАН БАСҚА ЖОЛЫМЫЗ ЖОҚ»

«Нұр Отан» партиясына шағым айта келгендердің бірі – Techno Trading LTD компаниясының Жетібай кенішіндегі операторы Уәли Еспанов. Осы компанияда 10 жылдан бері мұнай қондырғыларын жөндеу операторы болып еңбек ететін оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясы – жұмысшылардың құзырлы орындарға шағымданудағы соңғы сатысы.

Бәріміз – осы партияның мүшесіміз. Партияға бізді қудалап, қысым көрсетіп отырған Techno Trading LTD басшысы Әділ Ниязовтың жұмыс орнын босату туралы талабымызды тағы айттық, - деді ол.

Маңғыстау облысындағы "Нұр Отан" филиалы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мұхамбет Жайлыбаев Азаттық тілшісінің қоғамдық қабылдауға қатысуына рұқсат етпеді. Ақтау, 6 сәуір 2016 жыл
Маңғыстау облысындағы "Нұр Отан" филиалы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мұхамбет Жайлыбаев Азаттық тілшісінің қоғамдық қабылдауға қатысуына рұқсат етпеді. Ақтау, 6 сәуір 2016 жыл

Компания жұмысшылары дәл осы талапты наурыздың 4-і күні де қойып, түскі ас ішуден бас тартып, Жетібайдағы кеніш басына жиналған еді. Жұмысшылар компания басшылығы одан нәтиже шығарудың орынына қысым көрсетуді күшейтіп отыр деп шағымданады.

«Бізге дағдарыс келді, енді алты ауысымдық жұмысқа көшесіңдер» дейді. Дағдарыс неге бізге ғана келеді? Ал компания басшылығы жалақысына дағдарыстың қатысы жоқ па? - дейді ол қынжыла.

Уәли Еспанов компанияда еңбек ететіндердің барлығының мойындарында несие, отбасы, бала-шағасы, үйлерінде бағып-қағып отырған қариялары бар екенін айтты.

Былтырғы тоқсандық сыйақыны бермесе, қудалауды тоқтатпаса, бізге енді тек аштық жариялау ғана қалып отыр. Басқа жолымыз жоқ тығырықтан шығатын, - деді ол.

«ОРНЫНДА ОТЫРМАЙТЫН» БАСШЫЛАР

Азаттық тілшісімен жолыққан Techno Trading компаниясының техникалық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бұрынғы бастығы Серік Боранбаев компанияда еңбек дауын тудырып жүрген «ыңғайсыз жұмысшыларды» қудалаудың барлығын растайды. Ол өзінің осындай қысымға шыдамай 2015 жылы өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын баяндады.

Компания басшылығы менің қолыма жеті адамның тізімін беріп, оларды үнемі аңдып, жұмыс талабын бұзушылықты табуымды талап етті. Арасында жұмысшылардың белсенділері Абай Қалиев пен Мария Жаркованың аты-жөндері бар екені анық есімде, - деді ол.

Жұмысшылар мәжіліс депутаттарына, сотқа, еңбек департаментіне жүгінгенімен арыздарының еш жерде қолдау таппайтындарын айтады.

Techno Trading LTD компаниясы жұмысшылары Мария Жаркова мен Уәли Еспанов "Нұр Отан" мүшелері екендігін растайтын куәліктерін көрсетіп тұр. Ақтау, 6 сәуір 2016 жыл
Techno Trading LTD компаниясы жұмысшылары Мария Жаркова мен Уәли Еспанов "Нұр Отан" мүшелері екендігін растайтын куәліктерін көрсетіп тұр. Ақтау, 6 сәуір 2016 жыл

Сәуірдің 5-сінде компанияның электр қондырғыларын жөндеу цехының жұмысшылары аз уақытқа жұмысты тоқтатып, жұмыс уақытын қысқартпауды, жұмысшыларды қудаламауды талап еткен болатын.

Азаттық тілшісі Techno Trading LTD компаниясының Мұнайлы ауданының Бірлік селосындағы кеңсесіне бірнеше мәрте қоңырау шалған еді. Филиал директорының хатшысы Ақтоты компанияның бас директоры Әділ Ниязовтың Ақтауға сирек келетінін, оны Алматыдағы бас кеңседен табуға болатынын мәлімдеді. Ол филиал директоры Нұрболат Қабытаевтың да жұмыс орынында жоқтығын айтты.

Бірақ мен басшылардың телефонын бере алмаймын, Алматыға қалай хабарласу керектігін білмеймін, - деді ол.

Techno Trading LTD бас директоры бұған дейін Азаттыққа арнайы сұхбат беріп, жұмысшылардың өзінің жұмыстан кету туралы талабының негізсіз екенін, ал жұмыс уақытының дағдарысықа байланысты қысқарып жатқанын мәлімдеген болатын.

Techno Trading компаниясындағы жұмысшылар наразылығы былтырдан бері жалғасып келеді. Бірнеше мәрте митинг өткізген жұмысшылар жұмыс орындарын қысқартпауды, әлеуметтік төлемдер мен тоқсандық сыйақыларын тұрақты төлеуді, жалақыны көбейтуді, наразылық шарасынан кейінгі қысымды тоқтатуды талап еткен. Наразылық акциясынан соң алты жұмысшы – Эрик Мифтахов, Марат Кеммекиев, Ерсайын Түйешиев, Айболат Өтесінов, Жолдас Көкімбай, Мырзабек Изенов «себепсіз жұмыста болмады» деген айыппен жұмыстан босатылған еді. Олардың жұмыс берушіні сотқа берген шағымын қараған Мұнайлы аудандық соты компания басшылығының бұйрығын қуаттап шешім шығарған.

Techno Trading LTD компаниясының Маңғыстаудағы филиалы «МаңғыстауМұнайГаздың» Қаламқас пен Жетібай кеніштеріндегі мұнай жабдықтарын жөндеумен айналысады. Компанияға қарасты алты цехта 700-дей жұмысшы еңбек етеді.

XS
SM
MD
LG