Accessibility links

Премьер шабуылдан 10 күн өткенде Ақтөбеге барды


Жұмыс сапарымен Ақтөбеге барған Кәрім Мәсімов қарулы шабуылдан кейінгі қаланы аралап көріп, терроризмге қарсы штаб жұмысымен танысты. ҰҚКД мен полиция басшылары оған материалдық-техникалық қиындықтары туралы баяндады.

Үкімет мүшелері қатысқан терроризмге қарсы аймақтық штабтың жиыны10 күн бұрын қарулы шабуылға ұшыраған Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлімінде өтті. Сөз алған ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастығы Нұрлан Қыдырбаев облыс аумағында «радикалды исламды ұстанатын 1655 адам бар, олардың 90-ы – оңтайлы сәтті күтіп отырған дайын джихадшылар» деп мәлімдеді.

- Біз 30-дан астам адамды райынан қайтардық. Бұл оңай шаруа емес. Өйткені Ақтөбе облысында сауатты теологтар мен беделді имамдар жетіспейді. Сондықтан «Нұр Мүбәрәк» университеті арқылы маман даярлау мәселесін тезірек шешу керек, - деді Нұрлан Қыдырбаев.

«КОМПЬЮТЕРЛЕРДІҢ 60 ПАЙЫЗЫ ЕСКІРІП ТҰР»

ҰҚК комитетінің Ақтөбе облыстық департаменті мұндай деректерді бұрын-соңды жалпыға жария еткен емес. Терроризмге қарсы аймақтық штаб жиынында белгілі болған тағы бір ресми дерек – ақтөбелік ҰҚКД «былтырдан бері Таяу Шығысқа кетпек болған 14 топты тоқтатқан».

Нұрлан Қыдырбаевтың сөзіне қарағанда, Ақтөбе облысындағы діни ахуал әлі де күрделі. Ол жергілікті жастарға «ДАИШ-тің интернет арқылы нұсқау беріп, ел аумағында джихад жасауға үгіттеп отырғанын» айтты.

Ақтөбе облыстық ҰҚКД бастығы Нұрлан Қыдырбаевтың сөзі

«Радикалды исламды ұстанушылар» деп сипатталған топтың қарулы шабуылынан соң ұйымдастырылған жеті күндік арнайы операция Ақтөбедегі күш құрылымдарының материалдық-техникалық базасында олқылықтардың көп екенін көрсеткен. Мәсімовтің алдында Қыдырбаев бұл мәселені де қозғады.

- ҰҚК-нің Ақтөбедегі ғимараты ғана емес, департаменттегі компьютерлердің 60 пайызы да ескіріп тұр. Күдіктілердің жасырынған жерінен түскен сигналды іздеп тауып, жылдам анықтайтын құрылғылар жетіспейді. Департаментті заманауи құрылғылармен жабдықтау үшін ең кемі 200 миллион теңге қажет, - деді ҰҚКД бастығы.

Жергілікті полицияның мәселелері ҰҚКД-дан аз болмай шықты. Премьердің алдында келесі болып сөз алған Ақтөбе облыстық ІІД бастығы Махсудхан Аблязимов арнайы операция кезінде полиция қызметкерлерін бір ауданнан екінші ауданға жеткізу үшін арнайы көліктері болмаған соң облыстық әкімдіктен қайта-қайта автобус сұрауға мәжбүр болған.

«Діни экстремизммен күресетін небәрі 11 маманы бар» департамент басшысы қарулы шабуыл кезінде қанар қапшықтарға құм толтырып, бүлікшілерден барынша қорғанғандарын айтады.

- Арнайы жасақ тосын жағдайларға дайын екендерін көрсетті. Ал қатардағы полиция қызметкерлері қала ішінде қорғану тәсілдерін меңгермеген. Осындай қиындықтарға қарамастан күш құрылымдары өздеріне артылған міндетті абыроймен атқарып шықты, - деді Махсудхан Аблязимов.

Ақтөбе облыстық ІІД бастығы Махсудхан Аблязимовтің сөзі

Тап осы тұсқа келгенде аймақтық штаб жиынынан журналистердің шығарылатыны жарияланды. Кәрім Мәсімов пен үкімет мүшелері штабта оңаша қалып қойды.

«АХУАЛ ТОЛЫҚ БАҚЫЛАУДА»

Әскери бөлімдегі жиыннан бұрын бірнеше әлеуметтік нысанды аралаған Кәрім Мәсімов «Нұр Отан» партиясының филиалына келген кезінде «өз көзімен көргендерін Нұрсұлтан Назарбаевқа хабарлап та үлгергенін» айтты.

Президентке Ақтөбедегі ахуалдың толық бақылауда екенін хабарладым. Бейбітшілік, тыныштықпен қауіпсіздік қалпына келтірілген. Бұл өте маңызды. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін қосымша іс-шаралар қабылданыпты. Теракт құрбандарының туыстарына да тиісті көмек көрсетілген. Жедел штаб жұмыс істепжатыр. Тіршілік қалпына келе бастаған. Сол үшін күш құрылымдары, дәрігерлер мен қарапайым тұрғындарға алғыс айтамын, - деді Кәрім Мәсімов.

Осыдан кейін аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы баяндаған Бердібек Сапарбаевқа премьер-министр жастардың жұмыссыздық мәселесі мен өзге де әлеуметтік проблемаларға баса назар аударуды тапсырды.

Бердібек Сапарбаевтың сөзіне қарағанда, Ақтөбе облысындағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз. Жастар арасында бұл көрсеткіш 2,3 пайызға тең.

- Жұмыссыздардың жалпы саны 20 мыңнан аспайды. Жұмыссыздықпен күрес негізінен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында біз биыл 19280 жаңа жұмыс орнын ашамыз, - деді Сапарбаев.

Белсенді Естай Жайлыбайдың сөзі

Кәрім Мәсімовтің халықпен кездесуі кезінде Ақтөбе облысындағы автокөлік жолдары мен медициналық мекемелер жайы, аймақтағы экологиялық ахуал да көтерілді. Қоғам белсенділерінің бірі Естай Жайлыбай Қазақстанда жерді сату не жалға берудің «экономикалық, экологиялық, құқықтық, әлеуметтік негізі жоқтығына» дәлел келтіруге тырысты. Белсенді президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жерді сатуға вето қоюын талап етті. Сәуірдің соңынан бері Қазақстанның бірнеше қаласында мыңдаған тұрғын үкіметтің жерді сату мен жалға беру тәртібін өзгерту жоспарына қарсы шеруге шыққан. Мұндай толқу дәл «қарулы радикалдардың шабуылы» алдында Ақтөбеде де өткен.

Премьер-министрмен кездесуге бір күн бұрын шақырту алып, кейін тізімнен шығып қалғанын естіген жергілікті профессор, Мәжілістің бұрынғы депутаты Амангелді Айталы «Кәрім Мәсімовтің бұл сапары ештеңені де өзгерпейді» деп санайды.

- Сірә, «Нұр Отан» партиясының мүшелері ғана жиналып, өзара кеңес құрсакерек. Мен партия қатарында жоқ адаммын. Әрі 15 адам жиынға шақырылғандар тізімінен шығып қалыппыз. Бірақ мен Мәсімовпен кездесуге бармағаныма еш өкінбедім. Өйткені Мәсімов ештеңе деайтпайды. Осының алдында Мұхтар Құл-Мұхаммед те («Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары – ред.) келіп кетті. Бұлардың барлығы шешім қабылдайтын адамдар емес, тапсырма орындаушылар ғана, - дейді Амангелді Айталы.

Кәрім Мәсімов Ақтөбеге қарулы шабуылдан соң араға 10 тәулік салып келіп тұр. Бірақ «Нұр Отан» ғимаратындағы «премьердің халықпен кездесуі» кезінде маусымның 5-і күні қалада болған қарулы шабуыл жайын ешкім ауызға алмады.

Маусымның 5-і күні бір топ қарулы «діни радикалдың» Ақтөбеде екі қару-жарақ дүкенін тонап, полиция мен әскери бөлімге шабуыл жасағаны хабарланған болатын. Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов маусымның 14-і күні 25 шабуыл жасаушының «түгел көзі жойылғанын» хабарлады. Ақтөбедегі шабуылдаушылар қолынан барлығы жеті адам қаза тапты. Олардың үшеуі - әскерилер, төртеуі - бейбіт тұрғындар.

Шабуылдарға байланысты Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің сары деңгейі, Ақтөбеде қызыл деңгейі жарияланған. Күдіктілер ұсталып не жойылған соң Ақтөбе облысы бойынша террористік шабуыл қаупі сары деңгейге түсірілген. Ақтөбедегі оқиғаларға билік "террорлық шабуыл" деген баға берді, алайда әзірге қандай да бір ұйым бұл шабуылды мойнына алған жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG