Accessibility links

Жазасын естіген айыпталушылар жылап жіберді


"5 маусым күні теракт жасады, қарулы шабуыл ұйымдастырды" деген айыппен сотталғандар сот залында отыр. Ақтөбе, 28 қараша 2016 жыл.

"5 маусым күні теракт жасады, қарулы шабуыл ұйымдастырды" деген айыппен сотталғандар сот залында отыр. Ақтөбе, 28 қараша 2016 жыл.

Ақтөбеде полиция мен әскери бөлімге қарулы шабуыл жасады деп айыпталғандарға қарашаның 28-і күні сот үкімімен өмірлік және ұзақ мерзімді түрме жазалары кесілді.

Қарашаның 28-і күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 5 маусым күнгі атысқа қатысушыларға үкім шығарды.

Қарулы шабуылдан соң түрлі айып тағылған 29 адамның жетеуі сот үкімімен өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Олар – Ақтөбе қаласының тұрғындары Жаңабай Қуанышбаев, Әлібек Ақпанбетов, Бақыт Қуанышбаев, Асхат Рахметов, Әнуар Садихов, Арсен Таңатаров пен Асхат Иманғалиев.

ВИДЕО: Ақтөбедегі соттың үкімі

​Тергеу бұл азаматтарды «терроризм актісіне қатысты», «адам өлтірді», «қаруды заңсыз иемденді», «шабуыл жасады», «адам ұрлады» деп айыптаған болатын.

АҚИҚА ҮСТІНДЕ АНТТАСУ

Осы топтың құрамында болды деп айыпталған екі адам Азамат Абдрахманов пен Айдос Жұбанов 20 және 22 жылға сотталды. Екеуінің де мүліктері тәркіленіп, жазаларын қатаң режимді колонияда өтейтін болды.

- Сотталушылар Азамат Абдрахманов пен Айдос Жұбанов «Паллада» дүкеніне шабуыл жасаған. Бірақ дүкеннен алып шыққан қаруларын тастап, белгісіз бағытқа кетіп қалады. Яғни, жасырынып қалған. Сөйтіп, олар террорлық топтың өзге мүшелерімен бірге «Пантера» дүкені мен Ұлттық гвардияның 6655-әскери бөліміне, «Родниковка-Ақжар» блок постына жасалған шабуылдарға қатыспаған, - дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада Досова.

Тергеу материалдарына қарағанда, 2016 жылғы маусымның 5-і күні «дін жолын ұстанатын» 45 адам Ақтөбенің Есет батыр көшесіндегі жалдамалы пәтерге жиналады. Тергеу кезінде айыпталушылар ортақ таныстары Дмитрий Таңатаров пен Арман Айтуғанның перзентті болуына орай жайылатын дастарқанға яғни, «ақиқаға шақырту алғандарын» айтқан. Қарулы шабуылдың жоспарын Дмитрий Таңатаров пен Арман Айтуған «қонақтары қара су мен құрмадан дәм татқаннан соң» жария етеді.

Тап осы тұста 26 адам Дмитрий Таңатаровты өздеріне «әмір» етіп сайлап, оның соңынан ерген. Оның 18-і (араларында Дмитрий Таңатаров пен Арман Айтуған да бар) қарулы шабуыл барысында оққа ұшқан. Ал қарулы шабуыл туралы жоспарды құптамай, үйді-үйлеріне тарасқан 18 адамға тергеу Қылмыс кодексінің 434-бабы бойынша айып тақты. Яғни, олар «қылмысты хабарламағаны үшін» айыпты болып шықты. Қарашаның 28-інде олар сот үкімімен 2 мен 5 жыл аралығында бас бостандықтарынан айырылды.

ЖАЗАСЫ ЖЕҢІЛДЕГЕН ЖАЛҒЫЗ АЙЫПТАЛУШЫ

«5 маусым оқиғасы» бойынша айыпталушылардың жалпы саны – 29 адам. Соның 28-і сот үкімімен екі жылдан бастап өмір бойы түрмеде отыруға дейінгі аралықта жазаға кесілді. Тек бір адам – «қылмысты жасырып қалды» деп айыпталған Үсен Өтеповтің бас бостандығы шектеліп, төрт жылдық жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.

– Үсен Өтеповке жаза тағайындау кезінде сот оның кінәсін толық мойындайтынын, жағымды мінездемесін, отбасы жағдайын және қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатын, қылмыстық жазасын ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескерді, – деді соттың баспасөз қызметінің өкілі.

Үкім оқылған кезде сот залында сотталушылардың адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары ғана болды. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратына белгіленген уақыттан екі сағат ерте келген сотталушылардың туыстарын күшті күзет өткізген жоқ. Сот залында қоғамдық қорғаушы ретінде енгендер өздерін аса сабырлы ұстады. Үкім оқылғанда қыстыға жылағандары болмаса, эмоцияларын сыртқа шығармады.

Өздеріне өмірлік түрме жазасы кесілгенін естіген Бақыт Қуанышбаев пен Әлібек Ақпанбетов еңкілдеп жылап жіберді. Ал сотталушыларды бөліп тұрған әйнекке сүйеніп әрең тұрған Асхат Рахметовтің алдында ингалятор жатты.

Тергеу материалдарына қарағанда, 28 жастағы Асхат Рахметовті Арман Айтуған ақиқаға Бурабайда емделіп жатқан жерінен шақырған. Бала күнінен мүгедек, демікпе болып ауыратын Асхат Рахметов мамыр айында мемлекет есебінен шипажайға жолдама алып, маусымның 4-іне дейін Бурабайда болады. Сол күні ол Арман Айтуған Ақтөбеден жолдаған қаржыға ұшақ билетін сатып алып, кешкі рейспен Астанадан ұшып шыққан.

Сотталушылардың адвокаттары үкімге қатысты түсініктеме берген жоқ. Сот залына қоғамдық қорғаушы ретінде енген туыстары да жүздерін көлегейлеп, сұхбат беруден бас тартты. Ал мемлекеттік айыптаушы Рамазан Қалыбаев сот үкіміне қанағаттанатынын айтты.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 30 шақты адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде «діни радикал», «қарулы шабуылшы» деп сипатталған 18 адамның көзі жойылып, 20 шақты адам ұсталған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG