Accessibility links

Құқық қорғау органдары екі түрлі жауап айтады


Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Атырауда өткен жер туралы митинг ұйымдастырушыларын биліктің жауапқа тарту қаупі әлі сейілген жоқ. Сенбі күні «WhatsApp арқылы тараған әлдебір мәліметке байланысты белгісіз тұлғалардың үстінен қылмыстық іс қозғалған» болып шықты.

Сәуірдің 24-і күні Атырау қаласындағы Исатай-Махамбет алаңында өткен жер мәселесі туралы митинг кезінде қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарап, алаңға жиналған халық наразы болған еді. Жиналғандар облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтан Макс Бокаев пен Талғат Аян сияқты митингіні ұйымдастырушы белсенділердің қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтыны туралы сөз беруін талап еткен. Бірақ митингіден соң дүйсенбі күні Tengrinews.kz ақпарат агенттігі бірнеше атыраулықтың рұқсат етілмеген жиынға қатысты сот алды жауаптауға шақырылғаны туралы облыстық ІІД-ге сілтеме жасап хабар таратты. Көп кешікпей бұл хабарды облыстық ІІД терістей бастады.

Атырау қаласының прокуроры Руфат Құттықов «белгісіз тұлғаларға қатысты факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын» растаса, облыстық ішкі істер департаменті «ешқандай іс қозғалмағанын» айтады. Сонымен жер туралы митинг ұйымдастырушылары мен оған қатысушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды ма, жоқ па?

ӘР ТҮРЛІ ЖАУАПТАР

Атырау қаласының прокуроры Руфат Құттықовтың Азаттыққа мәлімдеуінше, қылмыстық іс жексенбі емес, сенбі күні қозғалған, бірақ «рұқсат етілмеген митингіні ұйымдастырған адамдарға қатысы жоқ».

- Облыс әкімінің [митинг ұйымдастырушыларын жауапқа тартқызбау туралы] уәдесін есіттіңіздер. Кейбір БАҚ-та тараған митингіні ұйымдастырушыларға қатысты қозғалған қылмыстық іс туралы ақпарат дұрыс емес, оны ІІД терістеп жатыр, - деді прокурор.

Құттықовтың айтуынша, Қылмыстық кодекстің 174-бабы, яғни «әлеуметтік және ұлттық араздық қоздыру» фактісіне байланысты «басқа бір қылмыстық іс» сәуірдің 23-інде тіркелген.

- WhatsApp мессенджерімен белгісіз тұлғалар таратқан ақпаратқа байланысты қозғалған іс тергеліп жатыр. Әлі сараптама жасалады. Ал Макс Боқаев және басқалары процессуалдық іс бойынша күдікті ретінде шақырылған жоқ, - деді прокурор.

Прокурор «WhatsApp арқылы тараған ақпараттың» митингіге қатыстылығы туралы сауалға анық жауап бермеді.

Атырау облыстық ішкі істер департаментінің бірінші орынбасары Аян Дүйсембаевтың Азаттық тілшісіне прокуратураның мәліметіне қарама-қайшы комментарий беріп, «ешкімге қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмағанын» айтты.

- Ішкі істер департаменті өз жұмыстарын істеп жатыр. Ешкімді ешқайда жауаптауға шақырған жоқ, - деді ол.

Алайда полиция полковнигі сәуірдің 23-і күні қылмыстық іс қозғалғанын не растамады, не терістемеді.

«КЕЙІН ҚОЗҒАУЫ МҮМКІН»

Атыраулық белсенділер өздерін ешкімнің мазаламағанын айтады. Бірақ бір апта немесе бір ай өткен соң «жаңадан ашылған жағдайға байланысты қудалауға ұшырауымыз мүмкін» деп қауіптенеді. Солардың бірі Макс Боқаевтың сөзінше, «сот алды қылмыстық тергеуі» туралы мәлімет бекерге тарап жатқан жоқ, полиция әкімнің уәдесіне бола рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырушыларын жайына қалдыруы күмәнді.

- Рұқсат етілмеген митингіден соң құқық қорғау органдары үндемей қалмауға тырысуы мүмкін, - дейді Макс Боқаев

Атырау қаласының орталық алаңында мыңдаған адам қатысқан бейбіт наразылық жиынын ұйымдастырушылардың бірі Макс Боқаев сәуірдің 23-і күні облыстық ішкі істер департаментіне шақырту қағазын алған болатын. Атырау облысы ІІД тергеу басқарамасының аға тергеушісі Р.Жұмағалиевтің қолы қойылған қағазда белсендінің «23 сәуір 2016 жылы болған жағдайға байланысты куә ретінде жауаптауға шақырылатыны» баяндалған.

«Cот алды қылмыстық тергеуі» туралы мәлімет бекерге тарап жатқан жоқ, полиция әкімнің уәдесіне бола рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырушыларын жайына қалдыруы күмәнді.

Белсенді қөрсетілген уақытта тергеушінің алдына барғанда оған бірыңғай тіркеу кітабына тіркелген қылмыстық іске байланысты куәгер ретінде шақыртылып отырғаны туралы айтылған.

- Тіркеу кітабындағы Қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-тармағы (әлеуметтік және ұлттық алауыздық қоздыру – ред.) деген жазуға көзім түсе салысымен адвокатсыз түсініктеме беруден де, сөйлесуден де бас тарттым, - дейді Макс Боқаев Азаттыққа.

Боқаевтың айтуынша, куәгер ретінде мәліметпен танысып жатып өзі тәрізді шақырылған «алты-жеті адамның аты-жөнін көрген».

- Олардың арасынан есімде қалғаны өзіммен бірге жүрген Талғат Аян болды, - дейді ол.

Сәуірдің 24-і күні Атырау қаласының орталығындағы Исатай-Махамбет алаңына «жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға наразылық білдіріп» жиналған халық алдына шыққан азаматтық белсенділер «әлеуметтік алауыздық туралы» қозғалған қылмыстық іс туралы ел алдында жария етіп, халық арасына келген әкімнен ешкімді жазаға тарттырмау туралы уәде беруді сұраған еді. Шерушілердің талабынан бас тарта алмаған Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев«мен облыс әкімі ретінде айтамын, ешкім де жауапкершілікке тартылмайды» деген болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG