Accessibility links

Атыраудың мүгедек балалар интернатындағы дау


Атыраудағы мүмкіндігі шектеулі балалар интернаты. Атырау , 4 қазан, 2012 жыл

Атыраудағы мүмкіндігі шектеулі балалар интернаты. Атырау , 4 қазан, 2012 жыл

Атыраудағы №3 мүмкіндігі шектеулі балалардың мектеп-интернатын қаланың өндірістік кешендер орналасқан аумағына көшіру ата-аналар наразылығын тудырды. Мектеп директоры жөндеуден өткен жаңа ғимараттың ауру балалар үшін қолайлы екенін айтады.

Атырау қаласындағы Пушкин көшесінде орналасқан мүмкіндігі шектеулі балалардың мектеп-интернатын осы апта басқа ғимаратқа көшірудің соңы дауға ұласты. Ата-аналар жаңа мекен-жайдың "өндірістік қауіпті экологиялық аймақта орналасқанын әрі қатынаудың қиындығын" көлденең тартады. Мектеп директоры "70 миллион теңгеге жөндеуден өткен ғимаратта арнайы жабдықталған кабинеттердің көптігін, спорт залы, асхана, жатақхана барлығын" айтады. Атырау облысының әлеуметтік, экологиялық жағдайын зерттеп жүрген қоғам белсендісі мүмкіндігі шектеулі балаларға "Жайықтың жағасынан, қаланың экологиялық таза аумағынан жаңа мектеп-интернет салып беруге мұнайлы облыстың мүмкіндігі бар" дейді.

ҚАРСЫЛЫҚ

Ләззат Жаманбаеваның ұлы жеті жаста. Оған "психикалық дамуы тежелген, тіл мүкістігі бар" деген диагноз қойылған. Ләззаттың Азаттыққа айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балалар интернатының Атырау қаласының шетіндегі экологиялық жағдайы нашар Химпоселок атанып кеткен ауданға көшірілуі ата-аналарды алаңдатып отыр.

- Химпоселок - қаланың өндірістік аймағы. Ұсынылып отырған ғимараттан бар болғаны екі шақырым қашықтықта АМӨЗ (Атырау мұнай өңдеу зауыты - ред.), 500 метрдей аумақта жылу электр станциясы орналасқан. Сол маңайдан өтетін темір жол арқылы мұнай мен мұнай өнімдері тасымалданады. Химиялық улы заттар өртенгенде оның исінен 2-3 минутта-ақ естен айырылып, 4-5 минутта жан тапсыратыны белгілі. Бұл өте қауіпті аймақ, - дейді Ләззат Жаманбаева.

Бұдан бөлек ата - аналар мектептің жаңа мекен-жайына дейін жетудің қиындығын да айтады.

- Кейбір ата-аналардың 3-4 баласы бар. Олар ауру баласын қаланың шетіндегі Химпоселокқа, қалған балаларын мектеп, балабақшаға апаруы тиіс. Ал Химпоселокқа жүретін жалғыз маршрут екі сағатта бір қатынайды, - дейді Ләззат Жаманбаева.

Оның айтуынша, қаладағы дайын ғимараттары бар "Авангард", "Нұрсая" тәрізді көлік жиі қатынайтын аймақтарға да көшірудің мүмкіндігі бар.

Ата-аналар Атырау облысы әкіміне, облыс прокурорына, «Нұр Отан» партиясына шағым-арыз жолдады. Олар облыс билігінің мүмкіндігі шектеулі балалар мектеп-итернатының өндірістік аймаққа көшіруін "балалардың құқытарын бұзу" деп бағалайды. Ата-аналар арыздарында: «Бұл - балаларымызды жақсы орынға лайық емес деп санағаны. Ал конституция бойынша барлығы тең құқықты. Бала құқығы туралы Қазақстан ратификациялаған конвенцияға, мүгедектер құқығы туралы БҰҰ конвенциясына сай денсаулығының кінәратына қарамастан мүгедек балалар да ешқандай дискриминациясыз тең құқыққа ие» деп жазған.

Ата-аналардың талаптарын Атыраудың әлеуметтік және экологиялық мәселелерін зерттеп жүрген «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев та қолдайды.

Оның сөзінше, "Химпоселоктың экологиялық лас аймақ екені бәріне белгілі". Қоғамдық белсенді мүгедек балаларға Жайықтың жағасынан, ауасы таза жерден бөлек арнайы жабдықталған мектеп-интернат салып беруге облыстың әлеуеті жетеді деп санайды.

- Атырауды мұнайлы аймақ дейміз. Жуырда салықтан облыстың 3 миллиард теңгені үнемдегені айтылды. Басқа табиғат пайдаланушылардан түсетін айыппұлдар бар. Жайықтың жағасынан мүгедек балаларға жайлы мектеп-интернат салып беруге толық мүмкіндік бар, - дейді Макс Боқаев.

«АТЫРАУДА АУА БІР»

Азаттық Атырау облыстық білім басқармасының бастығы Нұрсәуле Сайлауоваға бірнеше мәрте қоңырау шалғанымен хабарласа алмады. Оның хатшысы басшының «қолы бос емес» екенін айтты.

№3 мүмкіндігі шектеулі балалар мектеп-интернатының директоры Ғали Құлжанұлының Азаттыққа айтуынша, жаңа ғимарат мүгедек балаларға өте ыңғайлы. Онда арнайы жабдықталған дефектологтардың, психологтардың бірнеше кабинеті бар. Мектеп асхана, спорт залдарымен де жабдықталған. Мектепке балаларды тасымалдау үшін 45 орындық екі автобус бөлінген. Олар қаланың барлық аудандарын қамтиды.

- Ата-аналардың экологиялық қауіпті аймақ деп отырғандары жай айтылған әңгіме. Ол жерде 1500 бала оқитын №7 мектеп бар. Ел тығыз қоныстанған. Ал ауа бір емес пе? Атыраудың да, Химпоселоктың да ауасы бір, - деді мектеп директоры.

Макс Боқаев мұндай уәжбен келіспейді.

- Химпоселок АМӨЗ-ге жақын тұрады және қаламен арасынан темір жол өтеді. Темір жолмен мұнай өнімдері, бензол, параксилол сияқты аса зиянды заттар тасымалданады, - дейді ол.

Атыраудағы 80 орындық №3 мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернат қаланың Пушкин көшесіндегі мекен-жайға 1988 жылы Еркінқала ауылынан көшірілген. Онда ДЦП, Даун синдромы, тіл мүкістігі тәрізді ауруларға шалдыққан 200-ге жуық бала оқиды. Білім басқармасының мәліметінше, облыстың өзге аудандарынан осы мектеп-интернатқа тағы 200 шақты бала кезекте тұр.

XS
SM
MD
LG