Accessibility links

Егер жаңа буынның жас ақындары өзі мен қоғам арасына поэзиясынан тұлғалық бөлектену сарайын көтеріп, содан хабарласып отырса, Секең тура халық атынан сөйлейді, соған жанашыр екенін білдіреді.

Қазақ ұлты үшін қазіргі заман - өз-өзін жиып, мүмкіндігінше қайта құрастырып, тұтастыққа талпыну заманы. Өйткені, ХХ ғасырда ұлтымыздың көрмеген қасіреті жоқ: Октябрь төңкерісінің зобалаңы, Сталиннің репрессиялары, Голощекин ұйымдастырған аштықтан болған орасан зор адам шығыны. Сондықтан бізде әрбір кезеңде мәдениетіміз енді толыса бастағанда үзіліп кетіп, кейін жалғасын таппай, жарым ортада қала берген. Мысалы бізде кезінде мықты дәуірлеген жыраулар поэзиясы болған, Абай, Шәкәрім, Мағжан шығармашылығы өркендеген, бірақ кейін, біздің заманымызда еш жалғаусыз, еш мұрагерсіз қала берген. Ал мысалы, орыс поэзиясында кенеттен Пушкин пайда болып, біздікіндей үзік-үзік боп қалған орыс поэзиясының дәстүрін бір-біріне жалғап, оны әлемдік поэзиямен сұхбатқа келтіріп, жаңа деңгейге көтерген. Мұндай талпыныстар XIX-ХХ ғасырда қазақ поэзиясында да болған, біздің алғашқы пушкиндеріміз Абай, Мағжан, Мұқағали, және, әсіресе, Өтежан, әлем поэзиясының жарқын да, көлеңкелі тұстарын да төл дәстүрімізге енгізіп оңай игере білген. Әйтсе де Кеңес дәуіріндегі қазақ поэзиясын «бассыз салт атты» деуге болады. Себебі ол ұлттық тұтастығын жоғалтқан, өткенімен байланысы жоқ, провинциалдық, фрагментарлық, идеологиялық-дидактикалық поэзия болатын. Сондықтан оның ең мықты өкілдері - Қадыр Мырзалиев, Жарасқан Әбдірашев, Мұқтар Шаханов болған. Олар көпе-көрінеу дидактикалық ақиқаттарды жаңа ашылған жаңалықтай әкеліп, замандастарына біраз күрделілеу озық ақындар ретінде көрінген. Өйткені ол кезде шегі мен шеті жоқ, Нұрлан Оразалиннің баяндамасындағыдай, қолпаш сөзуарлық, еш дербес ойы жоқ, барабанша соғылған арзанқол ділмәрсу ресми поэзияның қасиетті парызы саналатын.

Серік Ақсұңқарұлы да біздің кеңестік отарланған болмысымыздан аттап өтіп, оқырманды тарихы тұңғиық өткенімізге сүңгітіп, әсіресе, Алаш дәуірінің ұлт боп қалыптасуымызда өшпес із қалдырған ізгі құндылықтарына бойлатады.

Алайда менің блогым өткен заманға емес, белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлына арналады. Ол өзі өмір бойы Қарағанды аймағында тұрса да, поэзиясының әрбір кезеңінде астаналық, яғни ең ірі, татымды, ең жан-жақты және терең ұлттық ақынымыз болып келеді. Мен мұны Пушкин синдромы деп атар едім. Өйткені Пушкиннен бұрынғы поэзия, Ломоносов, Тредиаковскийлер өлеңдері, оқуға келмейтін, жергілікті, аймақтық қана мағынасы бар әрбір сөзі, сөйлемі қалт-құлт етіп тұрған провинциалдық поэзия болатын. Ал Пушкин болса орыс поэзиясын аймақтық, диалектілік, ахлақтық ергежейлігінен арылтып, оп-оңай ғана әлемдік деңгейге көтерген. Сол сияқты Серік Ақсұңқарұлы да біздің кеңестік отарланған болмысымыздан аттап өтіп, оқырманды тарихы тұңғиық өткенімізге сүңгітіп, әсіресе, Алаш дәуірінің ұлт боп қалыптасуымызда өшпес із қалдырған ізгі құндылықтарына бойлатады. Ақынның қайсыбір өлеңін алмасаңыз да онда алаш, немесе оның өкілдерінің есімі аталмай қалмайды.

Мен – Рухпын –

Қан тамырыңда қайнаған.

Менсіз Күннің көңілі – күпті, Ай да – алаң,

Анахарсистен Абай болам бір күні,

әл Фарабиден Алихан Бөкейханға айналам.

Еріп кеткен жаным эпос-дастанға,

Егіледі парақтарын ашқанда.

Адамзаттың аруларын арбармын

Жамбылдайын тоқсан жастан асқанда.

Сұм дүние сірескен мұз кірпігі

Сұраусыз деп ойламасын түркіні.

Мағжаннан

Мұқағалиға айналып,

Ордаңа кеп ойнақ салам бір күні.

Соңғы жолында Махамбеттің тегеурінді ойнақылығы да жоқ емес. Расында да, Ақсұңқарұлының қай мәтінін алсаңыз да, қазақ руханилығының түрлі нұсқасынан дерек беретін жаңғырықтарға, аллюзияларға толы. Қазір кейбір зерттеушілеріміз бар екен, "постмодернизм тек батыс әдебиетінде мүмкін, ал біздің қазақ мәдениеті оған әлі өсе қоймаған" дейтін. Бұл тіпті де олай емес. Егер Серік ағаның поэзиясына үңілсеңіз, ол түгелімен ұлттық мәдениетіміздің аллюзияларына негізделген. Мысалы, ол бір жолында әл Фараби мен Әлихан Бөкейханды біріктіріп отыр. Ал олардың араларында он екі ғасыр қашықтық жатыр. Бұл тек кең құлаш гуманитарлық эрудициясы бар постмодерндік ақынға тән құбылыс. Сонымен бірге Ақсұңқарұлы бұрынғы кеңес дәуірінің майталмандарын да жырға қоса береді. Мысалы оның Вознесенскийге, Евтушенкоға арнаған жырлары бар. Ал бірақ қазақ ақыны олармен не үшін сұхбаттасады?

Жыр оқысам дүние дүркіреді,

Дүркіреді,

Күнің де күркіреді.

Лебім шықса аузымнан жасындай боп,

Сарыарқаның етегін бір түреді;

Ақын болу азап бұл бодан елде,

Бомж болып кетуім мүмкін еді...

Бұл - егемендік дәуірінде жаңа сатыға көтерілген, жоқ-жітігін таразылап, мейлінше бүтіндеуге тырысқан, өз негізінде және әлемдік әдебиетпен сұхбаттасу арқылы сан-салалы дамыған, мейлінше кемелденген поэзия.

Бұл баяғы Жұматай айтып кеткен кеңестік қазақтың «ақын өлтіру» дағдысына меңзеуі. Бұл Секеңнің оларға: "сендерге оңай, атақтарың әлемге таралып кетті, көрер едім сендердің Қарағандыда тұрып Вознесенский болғандарыңды" дегені. Көріп тұрғаныңыздай Серік өзін ең атақты орыс ақынынан кем сезіп тұрған жоқ, тек өзінің қазақы ақын тағдырына налып тұр, атақты орыс ақынына мұңын шағып тұр. Несі бар, кейде басқа ұлттың адамы өзіңмен теңдес, мұңдас болса, туысыңнан да жақын болады. Тағы бір өлеңінде ол өтіп бара жатқан жылқы жылына арнап, мынандай сауалдар қояды.

Менің кием кім еді осы сен емей,

Не күн туды ел жұртыңды елемей.

Қайырылмай қайда жөнеп барасың,

Қайдағы бір тексіз есек немедей?

Жылқы жылы!

Алашыңды жебе, кел,

Енді қанша көресінін көреді ел?

Қазақ қалмай «Құлыным!» деп еміренер,

Құтырды ма жаман жабы немелер?

Егер жаңа буынның жас ақындары өзі мен қоғам арасына поэзиясынан тұлғалық бөлектену сарайын көтеріп, содан хабарласып отырса, Секең тура халық атынан сөлейді, соған жанашыр екенін білдіреді. Кенесарыға арнаған келесі өлеңінде, зиялысынан, ақсүйгінен, рухани көсемдерінен айырылған халықты ақын бассыз салт аттыға теңейді.

Алаштың тау мен тасына

Талыстай таңба басылып,

Ит пен құс шықты басыңа,

Басыңның жоғын басынып...

Мүмкін, солай да болар... Бірақ егер Ақсұңқарұлы поэзиясы жөніндегі әңгімемізді қорытындылайтын болсақ, бұл егемендік дәуірінде жаңа сатыға көтерілген, жоқ-жітігін таразылап, мейлінше бүтіндеуге тырысқан, өз негізінде және әлемдік әдебиетпен сұхбаттасу арқылы сан-салалы дамыған, мейлінше кемелденген поэзия. Мен, тіпті, оның поэзиясын бассыз емес, тұтастанған салт атты деп атар едім. Өйткені ол - алдын да, артын да зерделеп, оңын да солын да байқап, жердегі пендеуи бағыныштылыққа емес, аспанға, тәңіруи еркіндікке қол созған поэзия.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG