Accessibility links

Бұл қайсы көктен түскен реформа?


Талғар ауданындағы үш тілді мектептегі ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл. Көрнекі сурет

Талғар ауданындағы үш тілді мектептегі ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл. Көрнекі сурет

Жобаның мақсаты барлық оқушыларды үш тілде оқыту. Бұл әрекет олардың конституциялық құқықтарын бұзбай ма?

Еліміздегі білім беру саласы ылғи да реформаланып жатады. 1990 жылдары 12 жылдық оқу жүйесіне көшеміз дедік, бірақ көшуге онша асықпадық. Сосын барлық оқу мемлектеттік тілде болсын деп, білім беру саласын "қазақыландырып" көрдік, одан да түк шықпады. Қайта білім сапасы мүлде төмендеп, қайтадан орысшаға көштік. Енді, міне, жаңа білім және ғылым министрі келіп, "үш тілді білім жүйесіне көшу керек" деп отыр. Және бұл осыдан біраз жыл бұрын ойластырылған нәрсе екен. "2013-2014 оқу жылынан бері, мектептерде 1-сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылған. 2017-2018 оқу жылында 5-сыныпқа 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқыған оқушылар келеді. Сондықтан 5-сыныптан бастап, жоғары сыныпқа дейін ағылшын тілінде оқуға дайындық басталады" деген министрліктің түсініктемесінде. Ал реформаның жалпы нобайына келсек, жаңа министр Ерлан Сағадиевтің айтуынша, еліміздегі білім беру жүйесіне мектептің бір нұсқасын сақтап, сабақ беруді үш тілде дамыту қажет. Яғни, техникалық ғылымдар ағылшын тілінде оқытылуға тиіс, Қазақстан тарихы мен мәдениеті - қазақ тілінде, ТМД елдерінің тарихы мен мәдениеті - орыс тілінде. Министрдің айтуынша, біз әлемдік білім беру жүйесінен екі жылға қалып отырмыз. Егер шұғыл шаралар қолданбасақ, бұл артта қалушылық ұлғая береді.

Бір жағынан министрдікі дұрыс та шығар, прогрестен қалмауға тиіспіз. Орта білім беру саласы бір нұсқада болуға тиіс. Сонда ғана біз қай тілде болсын, бір сападағы білім аламыз. Егер тиісті оқулықтар қазақ тілінде жоқ болса, онда оларды ана тілімізге аударту керек. Сол сияқты өзіміздің гуманитарлық саладағы материалдарды, қазіргі заманның тәсілнамаларымен саралап шығу қажет. Сонда ғана біз, бір жағынан, дәуір биігінен көрініп, екінші жағынан, өзіміздің төл ұлттық мұрамызға жаңа көзқарас қалыптастырамыз. Өкінішке орай, бұл жағынан осынша жылда білім саласында жасалған тәжірибе мен сынақтар еш мақтауға татымайды.

Ал егер жоғарыдағы реформаға келсек, кім бізді сонша асықтырып жатыр? Алдымен бұл бастаманы кеңінен талқылау керек емес пе еді? Ең қызығы, бұл жөнінде әлі заң да қабылданбаған екен. Сонда қай негізде бұл мәселеге бюджеттен 1 триллион 391 миллиард теңге қаржы бөлінеді?

Бұл әрекет олардың конституциялық құқықтарын бұзбай ма? Қай тілде оқуды таңдау әркімнің негізгі заң берген хақы еді ғой?

Бұл жобаның мақсаты барлық оқушыларды үш тілде оқыту. Бұл әрекет олардың конституциялық құқықтарын бұзбай ма? Қай тілде оқуды таңдау әркімнің негізгі заң берген хақы еді ғой? Бізде осындай үш тілге көшу мүмкіндігі бар ма, бұл миға қонатын дүние ме, мұны жасайтын кадрларымыз жеткілікті ме? "Балаңыздың қай тілде оқығанын қалайсыз?", "Баланың өзі қалай ойлайды?" деген сауалнамалар таратып, халықтың пікірін біліп, сосын барып кіріскенде мүлдем басқаша болар ма еді.

Және бір мәселе - балалардың каникулын қысқартып, оқуын шілдеге дейін созып, есесіне олар үшін бес күндік оқу кестесін бекіту. Бұл - вице-премьер Дариға Назарбаеваның ұсынысы. Бір қарағанда, бәрі тамаша, демалысқа ең қолайлы жазғы айда жеткіншектер оқу керек, ал мұғалімдер оларды қадағалап, мектеп табалдырығынан тыс жерге аттап басуына мүмкіндік бермеуге тиіс. Сөйтіп, бір оқпен екі қоянды атып, екі топты да заңды демалысынан айырайын деп отырмыз. Бұл да Конституцияға қайшы әрекет емес пе? Және мұның түбінен саяси астар да көрінетіндей. Бізде білім саласында істейтін азаматтардың саны жарты миллионға таяйды. Егер олар жұмысбасты боп жылдың 11 айы шапқылап жүрсе, қайдағы қоғамдық белсенділік?

Сол себепті бұл реформаның мақсаты мен үшін түсініксіздеу. Біріншіден, кей жерлері заңға қайшы, екіншіден, кең талқыға түспей, бірден шешім қабылданып отыр, үшіншіден, балама вариант жоқ. Меніңше, мұны алдымен бір үлкен конкурс жариялап, соны ұтқан талапты топтарға тапсыру керек еді. Ал мына жалпылама түрінде бұл жоба баяғы совет кезіндегі тоталитарлық нобайдан аспайтын сияқты. Өйткені ол халықтың қалауы емес, биліктің ұсынысы. Ұсыныс жақсы ғой, бірақ талап тым биік боп тұр. Және ол талапқа сай кадрларымыз өте аз. Сонда мұндай ірі, өзекті, заманауи реформаны кіммен жасайсыздар? Және кім үшін жасайсыздар?

Ескерту: блог авторының көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG