Accessibility links

Кешегі мен бүгінгінің салмағы


Қазақстандық көлеңке театрының қойылымынан көрініс. Көрнекі сурет

Қазақстандық көлеңке театрының қойылымынан көрініс. Көрнекі сурет

Біздің басымызды айналдырған, бізге қанат бітірген - еркіндік елесі болатын. Біз - сол құдыретті елестен туған ұрпақпыз. Әлі сол елес күйімізше келе жатырмыз...

Менің бүгінгі ойым саяси-экономикалық дағдарыс кезінде туған мықты көркем әдебиет және философия шығармалары жөнінде әңгімелеп беру. Қазақстанда 1990 жылдары болған дағдарыс - дағдарыстың көкесі еді ғой! Жарық жоқ, жылу жоқ, дүкендерде шәй, шырпы, темекіге дейін болмай қалды. Бір кезде кітапханалар жабыла бастады, аудандарда мәдениет сарайлары қаңырап, ешкімге керек болмай қалды, жалақы мен зейнетақы айлап берілмеді.

Міне, осындай жағдайда елімізде халықаралық "Сорос" қорының бөлімшесі ашылып, жаңа культурогенезге дайын мәдениет өкілдері өз бастамаларымен грант ұтып, түрлі конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыра бастады. Ол кезде оппозиция да қазіргіге қарағанда ықпалдылау болатын. Осыған байланысты біз Мұрат Әуезов екеуміз «Азамат» демократиялық партиясы жанынан «Тамыр» журналын ашып, мәдениеттану, тарих, постмодерн туралы материалдар бере бастадық. Ол кезде мәдениеттанушылық жағынан Нұрлан Оспанұлының есімі де біраз танылып қалып еді. 2000 жылы әдебиеттанушы Әлия Бөпежанова екеуміз «Қазақ әдебиеті» газетінде постмодернизм жөнінде сұхбат жүргізіп, бізге үш қарсы мақала шығып, қызық болған. Сөйтсек, еліміздегі зиялылар ол кезде бүкіл Батысты дүрліктірген постмодернизм ағымын қабылдауға дайын емес екен ғой. Кейін құрметтті ақсақалымыз, әдебиеттануымыздың майталманы Зейнолла Серікқалиев қомақты мақала жазып, бізді жақтап, қоғамымызда жаңа дәуірдің басталғанын ашып берген еді. Сол жылдары "Сорос" қоры әдеби байқау ұйымдастырып, оның жеңімпаздары Айгүл Кемелбаева, Дидар Амантай, Таласбек Әсемқұлов грант ұтып, кітаптарын жазатын болды. Орыс поэзиясынан жүлдені Игорь Полуяхтов алды. Ол кездері "Сорос" қоры жанындағы Қазіргі өнер орталығы да көп жұмыс істеді. Біздің Қанат Ибрагимов, Рустам Халфин, "Қызыл трактор" деген художниктер мен топтар шет елдерде, әсіресе, Еуропада таныла бастады.

Бекет Нұржанов

Бекет Нұржанов

Философ Бекет Нұржанов «Қала мен дала» деген мақала жазып, көшпенділер мен отырықшылар арасындағы айырмашылықты ашты. Жиль Делёз бен Феликс Гваттаридың ойынша, көшпенділер кеңістікті бөлмейді, олар кеңістікте бөлінеді. Сосын отырықшылардың жоспарлы экономикасы оларға жат. Көшпенділір өндіруден гөрі табиғаттың дайын сыйын жөнге келтіруге лайық боп шықты, сондықтан олардың экономикасы, үнемшілдік емес, ысырап экономикасы болды. "Тәңірі жарылқады" деген сол. Сол жылдары Жанат Баймухаметов деген философ Мартин Хайдеггердің ақиқат туралы ілімін есімізде жаңғыртты. Көне грекше оны, «алетейя» дейді екен, яғни, «жасырын емес нәрсе», бұл арада Хайдеггер, тіпті, логикалық категория емес, өз өзін әйгілей алатын әрбір нәрсе ақиқат деп отыр. Бұл ақиқатты табиғат құбылысы қылатын нәрсе емес пе?

Сол жылдардан бері Қазақстан мәдениеті қос тілді мәдениет екені айқындалды. Алдан Айымбетов «Казахская правда» газетін шығарды, танымал публицист боп қалған Жәнібек Сүлеев «Навигатор» деген интернет басылым шығарып, сонда қазақ газеттеріне шолуын жасап отырды. Осындай жағдайда «Тамыр» журналында Аслан Жақсылықовтың «Қарғыс атқандардың түсі» эпопеясы басыла бастады. Бірнеше жылда ол тетралогияға айналып, сосын бесінші томы қосылып, қазір сол қиын уақыттың тура айнасындай боп, көзге ыстық көріне бастады.

Дидар Амантай, жазушы

Дидар Амантай, жазушы

Егер сол дағдарыс кезеңіндегі қазақ прозасына тоқтасақ, әрине, Асылбек Ықсанның түрлі контекстке толы модернистік прозасынан аттап өте алмайсыз. Оның «Тамырға» шыққан бірінші әңгімелері «Аяқтың иесі» және «Шеңбер» деп аталатын. Бірінші әңгімесінде тақырып аясын тым тарылтып, әңгімені ұтымды детальдар арқылы құлпыртып отырса, екіншісінде тек шеңберден шығу мәселесін шегіне жеткенше суреттеп береді. Жалпы, Асылбек Ықсан жапон прозасынан, Эжен Ионеско сияқты абсурд эстетикасы өкілдерінен көп үйрене білген. Ықсан – театр режиссері. Содан болар прозасында символикалық бейнелеу, архетиптік таңбалау басым. Асылбектің мақсаты - ұлттық дүнитенамымыздың метафизикалық кілтін табу және оны қазіргі шақпен байланыстыру. Мысалы, «Шеңбер» әңгімесінде ол осы ойларын структуралистік типология арқылы береді. Бұл әңгімеде баяндау немесе сюжет мүлде жоқ. Автор шартты белгілер арқылы нақты дүниетаным қайшылығын бере білген. Кейіпкердің рухани талпынысы шеңберден шығу талпынысына құрылған. Мейлінше кең алғанда, шеңбер - күнделікті өмір, күйкі тіршілік, ой табында шыңдалмаған әдет-ғұрып. Міне, осы шеңберден шығу нағыз руханиятқа көтерілумен парапар. Бұл әңгіменің бірінші қабаты. Екінші қабатында автор нағыз ұлттық болмыссыз абстрактылы руханилік мүмкін емес деген шешімге келеді. Кейіпкер өз ортасын қанша жатсынса да, кесілген кіндігі сыздап, оған қайта оралады. Сөйтіп, руханилық өгейсіну мен аңсаудан, іздену азабынан, ақиқатқа мойынұсынудан құралады. Тоңазытқышта сақталған бюст арқылы автор кейіпкерінің ешқашанда жүзеге аспайтын идеалды бейнесін береді. Әңгіменің соңында бұл бейне қасқырға айналады. Меніңше, бұлайша таңбалаудың екі астары бар. Біріншісі, белгісіздікке қанша талпынсаң да, ұлттық болмысыңнан аса алмайсың. Екіншісі, адам ішіндегі орындалмаған, жүзеге аспаған арман-талаптар оны жан шыдатпас азаптан көкке ұлыған қасқырға айналдырады. Бұл әңгімедегі автордың ең сәтті табысы - мәңгілік пен қазіргі шақты бірдей ұстауы. Шығыс пен Батыс құндылықтарын бірдей тұтынуы, скрипка мен сандықты, ақ қанат пен кіндікті, адам болмысы мен құс, қасқыр, жұмыртқа бейнелерінің өзара алмасуын ғажайып сюрреалистік пластикамен берген Асылбек Ықсан жапон прозасының және абсурдтық еуропа театры тәсілдерін қазақ топырағына алып келеді.

Қорытындыласақ, 1990 жылдардың дағдарысынан біздің мәдениет өкілдері абыроймен өтті - жаңа әдебиет, жаңа мәдениет, жаңа философия тудыра білді. Тек дала төсіндегі тірлікке ғана емес, әлемдік болмысқа да дайын екенін көрсете білді. Өйткені біздің басымызды айналдырған, бізге қанат бітірген - еркіндік елесі болатын. Біз - сол құдыретті елестен туған ұрпақпыз. Әлі сол елес күйімізше келе жатырмыз. Егер сондай аласапыран өзгерістер кезеңінде біз әрбіреуіміз өз орнымызды таба білсек, онда осал болмағанымыз ғой. Әлде де талай зерттеуге тақырып бола алатын мүмкіндігіміз бар.

XS
SM
MD
LG