Accessibility links

"Білім беру мәселесі үш тілде даму керек" деген министрдің тұжырымына еш қарсылығым жоқ. Бірақ, ең алдымен өзіміздің ұлттық мүддені көздеуіміз керек.

Білім және ғылым министрлігі... Байқасаңыздар, ғылым мен білім деп отырған жоқпын. Өйткені, министрлік деген әкімшілік жүйе, ал білім мен ғылым деген құдай адамға берген зерденің туындысы. Бізде білім мен ғылымның дамымай отырғаны осы қайшылықтан деп ойлаймын. Себебі министрліктегілер, бұрынғы "абыздар" сияқты, тек өз мүдделерін ойлайды, реформалардың қоғамға қанша қажетті екені оларға бәрібір сияқты. Сондықтан соңғы 20 жылда егемендік алғаннан кейінгі жазылған оқулықтардың көпшілігі қажетсіз, өйткені білім мен ғылым үшін жазылмаған, тек қана автордың қаламақысы үшін жазылған.

Бұл жүйе совет кезеңінен қалыптасқан ешбір найза күйрете алмайтын жүйе. Оның негізі - сол заманда өте атақты, кең танымал болған академиктер, профессорлар, лауреаттар. Әрине, олардың бәрін білімсіз, жетесіз деп санамаймын, бірақ сол кездегі жүйе солай болған: бір көтерілген адамды көтере беру керек, ал егер бір сүрінсе, оған жүйеде орын жоқ. Бізде осы егемендік жылдары білім мен ғылым саласында 14 министр ауысқан екен, және ең ғажабы, соның, ең болмаса, біреуі де табысты болған жоқ. Ау, бұл кісілердің қабілеттерімен санассақ, бұлай болуы мүмкін емес еді ғой. Мысалы, Ғалым Әбілсейітов қандай министр болды: Мәскеуде жоғарғы оқу орнын бітірген, Ресейде ірі теоретик ретінде өзін мойындатқан. Ал біздің министрлік жүйесінде ол да тырп ете алмады, ақыры жүйеден кетуге мәжбүр болды. Оның орнына қаншама министр келіп, кейбірі жемқорлық дауына қалып, сосын жұмбақ түрде еш жауапқа тартылусыз тек орын ауыстырды. Сондықтан біздің білім және ғылым жөніндегі министрлік реформаларды жүзеге асыратын емес, реформашыларды орға жыға салатын қазіргі карьеристердің корытосы.

Мен жаңа министрдің келгенін қолдаймын, тек әйтеуір ол шынымен "жаңа" болса.

Мысалы, кешегі Сәрінжіпов биліктің қандай құдыретті қолдауымен келіп еді, бірақ бұл жүйеге ол да қарсы тұра алмады, қанша реформашыл болса да. Міне, осы туралы ойлануымыз керек. Өйткені, Сәрінжіпов сияқты адамдар - жаңа буынның өкілдері: шет елде оқыған, білім берудің қазіргі стандарттарын меңгерген. Бірақ, ең ғажабы, олар өз еліне не керек екенін білмейді, себебі ұлттық сана-сезімнен, ұлттық тарихтан мүлде алыс. Мысалы, кезінде Еуропада кең тараған 12 жылдық мектеп жүйесіне қарсы болғам. Қазіргі Қазақстанға сәйкес келмейтін жүйе болатын. Бізге ол кезде өмірге тез араласу керек еді, жігерлі, зерделі буын тудыру керек болатын. Сол сияқты әрқашан да тек өз жағдайыңмен санасу керек. Ау, бұл ел қаншама ғасыр демократиясы бар, нарық әлемінің заңдарына әбден ысталған АҚШ, немесе Еуропа емес қой, әлі азаматтық қоғам тудыру керек, жеке тұлғалық сананы дәріптеуге, оны міндет санауға үйрену керек.

Біздің ұлт тек қана көп этностың қосындысы емес, ол түрлі жастағы ұрпақтардың да бірлестігі.

Мен жаңа министрдің келгенін қолдаймын, тек әйтеуір ол шынымен "жаңа" болса. Жақында айтыпты, ендігі "білім беру мәселесі үш тілде даму керек" деп. Бұл тұжырымға еш қарсылығым жоқ, бірақ, ең алдымен біз өзіміздің ұлттық мүддені көздеуіміз керек. Әсіресе, гуманитарлық салада. Мысалы, Алаш Орда дәуірінің мәдениетіне үңілу керек. Биылғы Әлихан Бөкейхановтың ЮНЕСКО ұсынысы бойынша тойланатын мерейтойына байланысты олай жасау соншалықты қиын емес шығар. Міне, бұл - назарға алынатын басты нәрсе. Әсіресе, осыған байланысты, Мағжан Жұмабаевтың тағдыры, Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайдың көзқарастарындағы қайшылық, эмиграциядағы қазақтың ойшылдары мен ақындарына назар аудару қажет. Әрқашан да өз мүддемізді, ұлттық болмысымызды күйттеуіміз керек. Егер жаңа министр осы мәселені түсінсе, ол құтты министр болады.

Сонымен, жүгенсіз жүйеге қарсы тұра алатын тек жүйелілік. Осыған байланысты, ол қазіргі адамзаттық және, сонымен бірге, талапшыл ұлттық деңгейде болуға тиіс. Тағы бір айтатын нәрсе, біздің елде нағыз зиялы қауымның, нағыз мамандардың, өз саласында нағыз алға жетелей алатын адамдардың беделі түсіп барады. Бұл мәселе ескерілмейтін болса, аз уақытта мүлде мамансыз қаламыз. Біздің ұлт тек қана көп этностың қосындысы емес, ол түрлі жастағы ұрпақтардың да бірлестігі. Міне, осының бәрін бір жүйеге келтіргенде ғана жүгенсіз жүйе жөнге келеді.

Ескерту: блог авторының көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG