Accessibility links

Әлем ғаламдық климат өзгерісін талқылап жатыр


Париждегі ғаламдық климат өзгерісі конференциясына келген АҚШ президенті Барак Обама (сол жақта) мен Қытай президенті Си Цзиньпин. 30 қараша 2015 жыл

Париждегі ғаламдық климат өзгерісі конференциясына келген АҚШ президенті Барак Обама (сол жақта) мен Қытай президенті Си Цзиньпин. 30 қараша 2015 жыл

Францияда БҰҰ-ның Ғаламдық климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі конференциясы басталды. Ондаған мемлекет басшысы Киото хаттамасын жаңартуды ойластырмақ.

Париждегі Ғаламдық климат саммитіне Қазақстан делегациясын премьер-министр Кәрім Мәсімов бастап барды. Оның қандай ұсыныс айтатыны, кіммен кездесетіні әзірге белгісіз.

Саммитті ашқан Франция президенті Франсуа Олланд әлем елдері лидерлерін климат туралы салмақты келісім жасауға шақырды. «Бұған дейін зор үміт артылған халықаралық мұндай кездесу болған емес» деп мәлімдеді ол саммитте.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун ғасырдың аяғында ғаламдық жылынуды шектеуге қол жеткізу үшін "неғұрлым жылдамырақ жүру" керектігін жеткізді.

196 мемлекеттен қатысушылар жиналған СОР21 деген атпен белгілі БҰҰ конференциясы ғаламдық жылынудың себебі болып отырған парниктік газдардың шығарылуын тежейтін келісімдерге қол жеткізуге арналған.

Пан Ги Мун, БҰҰ бас хатшысы (оң жақтан бірінші) Франция президенті Франсуа Олландпен (ортада). Париж, 30 қараша 2015 жыл

Пан Ги Мун, БҰҰ бас хатшысы (оң жақтан бірінші) Франция президенті Франсуа Олландпен (ортада). Париж, 30 қараша 2015 жыл

Конференция Франция астанасындағы қанды терактіден соң қауіпсіздік бақылау аса күшейген деңгейде өтіп жатыр. Франция қарашаның 13-інен бастап бір айға шекарасындағы тексеру бекеттерін қайта іске қосты.

Жиында жаһандық жылынуды тежейтін бірқатар келісім жасалады. Соңғы ірі келісім - 1997 жылғы Киото хаттамасы қабылданған саммитке тек дамыған елдер атынан қоршаған ортаны ластауды доғару керектігі айтылып, әрі оған АҚШ қатыспаған еді.

«Мен Американың соңғы жеті жылда теңдессіз жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын көре отырып, біз ортақ келісімге келеміз деген оптимистік көңіл күйдемін» деп жазған АҚШ президенті Барак Обама Францияға сапарының алдында Facebook парақшасында. – «Бұл жиынның маңыздылығы сонда, 180 ел климаттық өзгеруге себеп болып отырған қауіпті қалдық шығаруды қысқартудың жоспарын ұсынып үлгерді».

Екі апта бойы әр ел қоршаған орта тазалығын сақтауда, ауаны ластамауда жасап жатқан әрекеттері туралы баяндайды. Қатысушы мемлекеттер жан-жақты климаттық өзгерудің алдын алатын келісімдерге қоса парниктік газдардың таралуын болдырмау мақсатындағы экологиялық бағдарламалар үшін жыл сайын 100 миллиард доллар жинауды көздеп отыр.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта). Париж, 30 қараша 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта). Париж, 30 қараша 2015 жыл.

Париждің Ле-Бурже ауданында өтіп жатқан әлем лидерлерінің бұл бас қосуына Ресей президенті Владимир Путин де келді. Конференция барысында саяси жетекшілер терроризммен және "Ислам мемлекеті" экстремистік тобымен күрес жөнінде маңызды кездесулер өткізбек.

Бірақ Кремельдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Парижде 30 қарашада президент Владимир Путин Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездеспейтінін мәлімдеді. 24 қарашада Түркияның Сириямен шекарасында жойылған ресейлік ұшақтан кейін Ресей мен Түркияның арасында даудың ушығып тұрған кезінде, Песков түрік шенеуніктерімен ешқандай кездесудің жоспарланбағанын айтты. Песковтің сөзінше, Путин мен Обама климаттық өзгерістер туралы жеке сөйлесуі мүмкін.

Париждегі ғаламдық климат мәселелері жөніндегі конференциямен қатар Франция астанасында және бірқатар елдерде ғаламдық жылынуға қарсы нақты шаралар қабылдауды талап еткен шерулер де өтті. 13 қарашадағы 130 адамның өліміне себепкер болған терактілерден соң елде төтенше жағдай жарияланғанына қарамастан мыңдаған шеруші тұтас шеп құрып, Париждің орталық алаңына шықты. Қала көшелеріне шыққан 208 адам ұсталып, шерушілер мен полицейлердің қақтығысынан соң 174 адам қамалды. Ғаламдық климат мәселелеріне арналған конференция 11 желтоқсанда аяқталады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG