Accessibility links

Керри азаматтық қоғамның маңыздылығына нұсқады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстан президентін исламшыл экстремизммен күресі үшін мақтап, бірақ терроризмнің демократия мен өзгеше ойлауды қыспаққа алуға негіз болмау керектігін айтып кетті.

Назарбаев университетінің мыңға жуық адам сыятын "Қызғылт залында" өткен Джон Керридің дәрісіне аккредитация түскі 15.30 кездерінде басталды. Азаттық тілшісінің мәртебелі қонаққа сауал қою туралы өтініші күтпеген кедергіге тап болды. Университет өкілдері АҚШ мемлекеттік хатшысының дәріс оқу бағдарламасында журналистердің сұрақ қоюы қарастырылмағанын айтып, Керридің баспасөз қызметіне сілтеді. Ал мемлекеттік хатшының баспасөз қызметі тек студенттердің сауал қою мүмкіндігі болатынын айтып тұрып алды. Залдың жоғарғы екі басына бөліне жайғастырылған ондаған жергілікті және шетелдік журналист Джон Керриге тіке сауал қоюдан біржола күдер үзген кезде топ-тобымен студенттер мен оқытушылар да залға кіре бастады. Кешкі 17.00 шамасында университет президенті, Дүниежүзілік банкте 30 жылдай істеген Шигео Катсу Джон Керриді ортаға алып шығып таныстырып өтті.

СТУДЕНТТЕРДІҢ ӘСЕРІ

45 минутқа созылған баяндамасында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы негізінен Қазақстанмен арадағы экономикалық серіктестікті, мұнайға тәуелді елдердегі экологиялық мәселелерді және Ирак пен Сириядағы исламшыл экстремизмді сөз етті. Ол үкіметтердің терроризммен күресті желеу етіп демократия мен азаматтық қоғамды қыспаққа алуы жөн емес екеніне нұсқады.

"Терроршылардың болуы билікке жөн-жосықсыз күш қолдануға рұқсат бермейтінін түсінуге тиіспіз. Біз ДАЕШ (ИМ - ред.) пен "Боко Харамнан" құтқарамыз деп тұтас ауылды талқандап тастай алмаймыз. Терроризм саяси қарсыластарды қамауға, азаматтық қоғамның құқықтарын азайтуға, бейбіт түрде наразылық танытушы белсенділерге жалған айдар тағуға негіз болмайды. Мұндай іс-әрекет һәм әділетсіздікке һәм өнімсіз іске жатады, терроршылардың қолайына жағады. Бейбіт түрде өзгеріс жасау жолы жабылған кезде экстремизм жолы ұтымдырақ болып шығады. Соңғы жылдары куә болған азап пен қиындықты ескерсек, мұндай жолды еш қабылдай алмаймыз" деді Керри.

Орталық Азия елдерінің ешбірін атап айтпаған Керри олар үшін демократиялық институттар орнатудың маңыздылығын атап өтті. "Егер барлық партиялар қатысып, еркін һәм әділ өтпесе, онда сайлаудың мәні аз болып қалады" деді ол бір сөзінде.

Іңкәр Айтқожина, Назарбаев университетінің студенті. Астана, 2 қараша 2015 жыл

Іңкәр Айтқожина, Назарбаев университетінің студенті. Астана, 2 қараша 2015 жыл

Баяндама барысында залдағы жұрт Джон Керри әу баста Геннадий Головкинді білетінін айтқан кезде бір дүр етіп қол соқты да, одан кейін көбіне бұйығыңқы, тыныш отырды. Дәріс соңында студенттердің сұрақ қоюына рұқсат етілгенде залдағы қарақұрым тыңдаушының тек үшеуі қол көтерді. Үш сұрақты да сол кезек-кезек қол көтерген үш студент қойды. Дияс Арқандықов есімді студент "Орталық Азия елдерінің интеграциясына АҚШ-тың қандай үлес қосатынын" білгісі келді. Джон Керри бұл сауалға жауап беріп тұрып, президент Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлескен кезінде совет үкіметі кезінде бүкіл республикалардың шикізаты бір-ақ жолға түсіп Мәскеуге жөнелтілетін заманның өткенін, қазір Қазақстанның сыртқы әлеммен жан-жақты экономикалық қарым-қатынасқа түсуіне барлық жағдай бар екенін талқылағанын айтып өтті.

Іңкәр Айтқожина есімді екінші сауал қоюшы студент АҚШ мемлекеттік хатшысынан "Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ауыспалы мүше болу үшін сайлауға түсіп жатыр. 2016 жылдың маусымында дауыс беру кезінде Қазақстанды қолдайсыз ба?" деп тіке сұрады. Бұл сауалдың жауабына залдағы студенттерден гөрі Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің жетекшілері көбірек құлақ тіккендей еді. Амал не, Джон Керри дипломаттығына салып, анық жауап бермей, дауыс беру процедурасының құпия екеніне сілтеді.

Мадияр Райымқұлов, Назарбаев университетінің студенті. Астана, 2 қараша 2015 жыл

Мадияр Райымқұлов, Назарбаев университетінің студенті. Астана, 2 қараша 2015 жыл

Үшінші сауал қоюшы Шыңғыс есімді студент "Табысты өмір сүру мен студенттік өмірді қалай ұштастыруға болатынын" сұрады. Мемлекеттік хатшының "Дәрісте ұйықтамау керек" деген сөзіне зал ду күлді. Дәл осы тұста Головкин туралы сөзден кейін екінші рет қол соғылды.

Азаттық тілшісі "Қызғылт залды" әп-сәтте босатып жөңкіле шығып жатқан студенттердің бірнешеуінен дәрістен алған әсерлерін сұрап үлгерді.

Электротехникалық және электрондық инженерия факультетінің студенті Расул Байрамқұлов америкалық жоғары лауазымды дипломаттың дәрісінен "АҚШ-тың Қазақстандағы инфрақұрылым мен табиғи қуат көздерін пайдалануды дамыту үшін маңызды инвестор әрі экономикалық әріптес екенін ұққанын" айтты.

Жоғарғы мемлекеттік басқару мектебінің студенті Мадияр Райымқұлов: "Меніңше бүгін ол кісі (Джон Керри - ред.) атап өткен мәселелердің қазіргі кезде Қазақстан үшін ең өзектісі - үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігі, тазалығы және шынайылығы" деді.

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНА ҚАТЫСТЫ СИПАЙ ҚАМШЫЛАУ

"Рейтерс" агенттігі АҚШ үкіметіндегі дерек көзіне сілтеме жасап, бес Орталық Азия елін түгел шарлаған Керри АҚШ әскері Ауғанстаннан шығарылса да, Вашингтонның бұл аймақтағы қауіпсіздік пен экономикалық мүддесінің кемімейтінін көрсетуге ынталы екенін хабарлаған.

Қазақстан - Джон Керри Орталық Азияның бес елін шарлау сапары кезінде аяқ басқан үшінші ел. Дипломаттың мәлімдеуінше, АҚШ Ауғанстанның төңірегіндегі Орталық Азияның бес мұсылман елімен жақсы қарым-қатынас орнатқысы келеді. Бірақ бұл елдердегі азаматтық қоғамды тықсыру керісінше экстремизмді күшейтетініне назар аударады. Керридің сапарының алдында HRW оны Орталық Азия елдерінің жетекшілерімен кездескенде адам құқықтары мен сөз бостандығының шектелуі туралы сөйлесуге шақырған.

Джон Керри Назарбаев университетіндегі дәрісіне дейін дүйсенбі күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп отырып: "Президент Барак Обама ядролық қарусыздану, экстремизммен күрес, Ауғанстан бойынша ықпалдасу мен ДАЕШ-қа қарсы тұруға қатысты жетекшілігіңізді қатты бағалайды" деді. Ол АҚШ пен Қазақстанның "қауіпсіздік мүддесі үшін аса маңызды ұстанымдары бар екенін" атап өтті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездесіп тұр. Астана, 2 қараша 2015 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездесіп тұр. Астана, 2 қараша 2015 жыл

​Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 25 жылдан астам билік құрып отырған кезеңінде барлық оппоненттерін саясат сахнасынан тықсырып шығарған. Өзі биылғы сәуірде мерзімінен бұрын өткен сайлауда "дауыс берушілердің 98 пайыз қолдауын иеленіп", бесінші мәрте президент болып сайланып алған. Жасы 75-тен асқан саясаткер өзінің режимін этникалық және мәдени тұрғыда алуан түрлі пост-советтік елде тұрақтылық орнату үшін ең тиімді басқару жүйесі деп біледі.

Керримен кездесуі кезінде Назарбаев АҚШ-ты "Қазақстанның ең үлкен инвесторларының бірі" деп сипаттап, экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығына баса назар аударды.

АҚШ Мәскеудің соңғы жылдары жандандырған Орталық Азияға ықпалын жүргізу тәсілдерінен хабардар. Бірақ Керри: "АҚШ Орталық Азия елдерін барынша кең аймақта әріптес табуға ынталандыратынын" ғана айтып қойды.

Бұл - Джон Керридің Орталық Азияға жасаған алғашқы ресми сапары. Ол қазанның соңында Қырғызстан мен Өзбекстанда болып, қарашының 1-і күні Самарқандта осы аймақ елдерінің сыртқы істер министрлерімен жаңа форматта кездескен. Керри енді Тәжікстан мен Түркіменстанға бет алды.

(Мақаланы дайындауға Мәди Бекмағанбет пен Ержан Әмірханов қатысты)

XS
SM
MD
LG