Accessibility links

Ректордың "ар-ұждан" шағымы сотта қаралды


Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Абдумүтәліп Абжаппаров. Сурет ректор рұқсатымен Facebook парақшасынан алынды.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Абдумүтәліп Абжаппаров. Сурет ректор рұқсатымен Facebook парақшасынан алынды.

Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры жергілікті «Курс» газеті мен белсенді Марат Жанұзақовтан «ар-ұжданына нұқсан келтіргені» үшін 2 миллион теңге талап етіп отыр.

Терістеу мақала шығаруға келіскен жауапкер тарап «шағымда «негізсіз баю» сипаты бар» десе, ректор өндірілген айыппұлды «жетім-жесір студенттерге таратамын» дейді.

Көкшетау қалалық сотында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың шағымы қаралып жатыр. Шағымға жергілікті «Курс» газетінде биыл қаңтардың 14-інде жарияланған «Мемлекеттік университеттің бір хаттағы бейнесі» («Госуниверситет в зеркале одного письма») мақаласы себеп болған. «Мақала ар-ұжданыма нұқсан келтірді» деген ректор «Курс» газеті мен мақала авторы көкшетаулық белсенді Марат Жанұзақовтан терістеу материалдан бөлек, 2 миллион теңге моральдық шығын талап еткен.

НАЗАРБАЕВАҒА АШЫҚ ХАТ

Көкшетауда орыс тілінде «Курс» және қазақ тілінде «Бұқпа» апталық газеттерін шығаратын кәсіпкер Мұрат Айбашпанов Көкшетау мемлекеттік университетінің ұстаздар ұжымы вице-министр Дариға Назарбаеваның атына газет арқылы ашық хат жолдағанын айтады.

- Ректордың реніші сол ашық хатпен қосақталып жарияланған Марат Жанұзақовтың мақаласынан соң туды, - дейді ол.

Мақалада «Оңтүстіктен келген ректор өзінің жерлестерін қызметке әкелген», «мемлекет қаржысын мақсаттан тыс, жеке бас, шетелдік сапарларына жұмсаған» деп айтылған. Мақала авторы Жанұзақовтың жазуынша, ашық хатқа атын атап, қолын қоюға ұстаздар қорыққан.

"Курс" газетінде жарияланып, дау тудырған "Госуниверситет в зеркале одного письма" мақаласының үзіндісі.

"Курс" газетінде жарияланып, дау тудырған "Госуниверситет в зеркале одного письма" мақаласының үзіндісі.

Ал «Курс» газетінің иесі Мұрат Айбашпанов:

- Ашық хат біздің газетпен бірге тағы бір оппозициялық газетте жарияланған. Бізге басылған материалда хат пен Марат Жанұзақовтың комментариі ретінде қатар шыққан. Ректор бізге терістеу жазыңдар деп хат жіберді. Бірақ терістеу мәтінін өздері беру керек. Біз қалай жазамыз терістеуін?! Терістеу берсе, біз оны бір айдың ішінде газетке шығара аламыз. Ал олар бізге мәтіндерін берген жоқ. Енді сотқа беріп, бізден бір миллион теңге және автордан бір миллион теңге талап етіп отыр, - дейді.

«Курс» басылымының соттағы ресми өкілі, заңгер Ирина Эисмонт жауапкерлер мәселені «бейбіт түрде» шешуге ұсыныс жасағанын айтады.

- Жауапкер тараптың екеуі де «бейбіт шешімге» келуге ұсыныс жасады. Журналист терістеу мақала жазып, біз оны жариялайтын едік. Бірақ ол оған келіспей отыр. Мәселе терістеу туралы ғана емес, 2 миллион теңге айыпта болып тұр. Меніңше, мұнда негізсіз баю мәселесі бар. Егер адамға оның ар-ұжданы мен кәсіби беделі маңызды болса, оған БАҚ-та терістеудің шыққаны маңызды еді. Меніңше мұнда қаржы мәселесі тұр, - дейді Ирина Эисмонт.

Газеттерге бұрыннан мақала жазып жүргенін айтқан Марат Жанұзақов «ректордың ар-ұжданына тіл тигіздім» деп санамайды.

- Мен мұның алдында интернетте жарияланған ұстаздардың ашық хатына коментарий жаздым. Тек фактілерге сүйеніп пікір білдірдім. Сондықтан ректордың ар-ұжданына тидім деп санамаймын, - дейді Марат Жанұзақов.

РЕКТОРДЫҢ УӘЖІ

Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров газет өз еркімен терістеп мақала шығармаған соң заңға жүгініп отырғанын, енді бейбіт шешімге келіспейтінін айтады.

- Егер де біз бір нәрсеге таласып жатсақ, бейбіт шешімге келуге болар еді. Менің үстімнен қара жауып, кінә таққаны үшін алдымен оларға «өздерің айыптарыңды мойындап, терістеу жазыңдар» деп хат жаздым. Олар жазудан бас тартты. Енді мен сотқа беріп отырмын. Екі миллион теңге ол елдің алдында, Көкшетау өңірі халқының алдында менің абыройымды түсіргені үшін талап етіп отырмыз. Ертеңгі күні оны біз жетім-жесір студенттерге таратып бермекшіміз, - дейді Абдумүтәліп Абжаппаров.

Азаматтық белсенді Марат Жанұзақов

Азаматтық белсенді Марат Жанұзақов

Мамыр айында жазылған ректор шағымы маусымнан бастап қаралып, шешуші кезеңге жетіп қалды. Осыған дейін сот отырыстарында Көкшетау мемлекеттік университетінің бас экономисі, кадрлар бөлімінің бас маманы және шетелге іссапарға құжат дайындайтын бас маман сұралды.

Бүгін Көкшетау қалалық сотының судьясы Могульсум Сатубалдинова жарыс сөз кезеңін өткізді. Жарыс сөзге Марат Жанұзақов пен оның адвокаты Жанар Балғабаева, «Курс» газетінің өкілі Ирина Эисмонт, куәгер ретінде шақырылған Көкшетау мемлекеттік университетінің қызметкері және ректор Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың өкілі Дмитрий Шенбергер қатысты.

Қарсы тараптар өз пікірлерінде қалған сот шешімі дүйсенбі күні шығады.

XS
SM
MD
LG