Accessibility links

Козловқа «нөлдік мінез-құлық деңгейі» берілгені хабарланды


Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов түрмеде құқық қорғаушылармен кездесуде отыр. Заречный, Алматы облысы, 21 шілде 2015 жыл.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов түрмеде құқық қорғаушылармен кездесуде отыр. Заречный, Алматы облысы, 21 шілде 2015 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталып, қазір Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА155/14 түзеу мекемесінде қатаң тәртіпті жағдайда (СУС) қамауда отырған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың мінез-құлқын түрме комиссиясы «нөлдік деңгей» деп бағалаған. Енді ол ресми түрде «түрме ережесін бұзушы» болып саналмайды, сондықтан оның осы түрмеде кәдуілгі жағдайда отыруына құқығы бар деп жазды Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында оның адвокаты Айман Умарова бүгін Владимир Козловқа жолығып шыққаннан кейін.

«Енді біз [тұтқынды – ред.] қамауда ұстаудың қатаң тәртібі кәдуілгі жағдайға ауыстырылуын күтеміз. В.И.Козлов Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне өтініш берді, бірақ әзірше жауап жоқ», - деп жазды Айман Умарова.

Владимир Козловқа соңғы салынған тәртіптік жазаның мерзімі 24 ақпанда аяқталған соң ол өзін кәдуілгі жағдайға ауыстыруды сұрап өтініш берген. Егер ондай жағдайға көшірілсе, тұтқын ұзақ мерзімді кездесу және телефонмен сөйлесуге мүмкіндік алады. Ал қазір Козловтың тек төтенше жағдайда ғана телефон шалуға құқысы бар.

Қазақстанда сот шешімімен қызметіне тыйым салынған оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы басшысы Владимир Козлов 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасына қатысты «әлеуметтік алауыздық өршіткен» деген айыппен жеті жарым жылға түрмеге кесілген. Владимир Козлов пен жақтастары билік таққан айыптардың саяси астары бар деп біледі.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG