Accessibility links

Владимир Козлов түрмеден үйіне оралды


Владимир Козловтың бостандыққа шыққан сәті. Алматы, 20 тамыз 2016 жыл

Владимир Козловтың бостандыққа шыққан сәті. Алматы, 20 тамыз 2016 жыл

Сенбіге қараған түні түрмеден үйіне жеткен Қазақстанның оппозициялық саясаткері Владимир Козлов Азаттыққа енді немен шұғылданатыны туралы ойын айтты.

Сот шешімімен қызметіне тыйым салынған "Алға" оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов тамыздың 20-сына қараған түні Алматыға жетті. Мұнда оны туыстарының пәтерінде тұрып жатқан әйелі Әлия Тұрысбекова балаларымен бірге қарсы алды. Қамауға алынардан бұрын Қазақстанда бірнеше пәтері болған (оппозициялық партиясының кеңселері) Козлов үйіне қайтқанда сот шешімі бойынша барлық жылжымайтын мүлкі тәркіленген отбасын көрді.

Тыйым салынған "Алға" оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов Заречный кентіндегі түрмеден тамыздың 19-ы кешкісін босатылды. Түрме қақпасында оны адвокат Айман Умарова мен азаматтық белсенді Юлия Козлова қарсы алды. Владимир Козлов "әлеуметтік араздық тудырды" деген айыппен сотталып, ұзақ мерзімді түрме жазасын өтеп жатқан. Саясаткердің өзі, жақтастары мен кейбір халықаралық ұйымдар оны "саяси көзқарасы үшін зардап шекті" деп санайды.

Тамыздың 4-інде Қапшағай қалалық соты Владимир Козловты мерзімінен бұрын шартты жаза кесіп, босату туралы қаулы шығарған. Тамыздың 10-ы күні 56 жасқа толған туған күнін ол түрмеде өткерген. Биліктің тұжырымы бойынша түрмеге түскен кезінде 16 пәтердің иесі ретінде аталған Козловтың баспанасыз адам ретінде қамаудан шығуы туралы Азаттық тілшісінің сұрағына Козлов:

- Қиын болайын деп тұр, бәрін тәркілегенде, партия мүлкіне қосып, өз мүлкімді де алғанда соңғы баспанам - екі бөлмелі пәтерім қоса кетті. Қазір қиын жағдай туайын деп тұр, өйткені әйелім жалдамалы пәтерде қысылып тұрып жатыр, оған мен қосылдым. Бірақ, ең бастысы - бостандыққа шықтым, басқа мәселелер шешіледі деп ойлаймын, - деп жауап берді.

Адвокат Айман Умарова (ортада) түрмеден шыққан Владимир Козловты (оң жақта) үйіне жеткізгендердің бірі болды. Алматы, 19 тамыз 2016 жыл

Адвокат Айман Умарова (ортада) түрмеден шыққан Владимир Козловты (оң жақта) үйіне жеткізгендердің бірі болды. Алматы, 19 тамыз 2016 жыл

Түрмеге түсерінде оппозициялық партия жетекшісі болғаны, ал шыққанда партиясының жоққа айналғаны туралы сауалға, енді немен айналысатыны жайлы сұраққа саясаткер:

- Бірдеңе деу қиын. Оппозиция дейтіндей ештеңе қалмағанын білем, өзім саясатпен шұғылданған кездегісін айтам. Енді немен айналысатынымды білмеймін. Жан-жағыма қарап алуым керек. Кімнің кім екенін танып алуым қажет, - деді.

Түрмеден шыққан Владимир Козловтың Азаттыққа сұхбаты:

2012 жылғы қаңтарда қамауға алынып, қазанда жеті жарым жылға сотталған Козлов соңғы жылдары Алматы түбіндегі Заречный кентінің түрмесінде отырған. Оған қарсы түрлі дисциплинарлық жаза түрлері қолданылған еді. Саясаткер мұндай жаза түрлері өзін мерзімінен бұрын босатпау үшін жасалып жатыр деп санаған. Алайда екі апта бұрын Қапшағай қалалық соты оны мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.

2011 жылғы желтоқсанда болған қанды Жаңаөзен оқиғасынан соң көп ұзамай ұсталған Владимир Козлов "әлеуметтік араздық тудырды" деп айыпталған. Жаңаөзенде полиция қарусыз ереуілшілерге оқ атып, 16 адам өліп, 100-ден астамы жараланған еді.

Козловтың ісіне қатысты архив материалдарын мына сілтемеден таба аласыздар.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG