Accessibility links

Nakanune.kz журналисі "есірткі сақтады" деп айыпталды


Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлова.
Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлова.

Оппозициялық Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлова "заңсыз есірткі сақтады" деген күдікке ілінді деп хабарлайды "Әділ сөз" баспасөз бостандығын қорғау ұйымы.

"Әділ сөз" мәліметінше, Козлованы қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-тармағы бойынша күдікті деп тану туралы қаулы 11 қаңтарда шыққан. Козлованың адвокаты Айман Омарованың айтуынша, қылмыстық іс материалы таяу уақытта сотқа жолданбақ.

Алматы полициясы 18 желтоқсанда "Казкоммерцбанк" туралы тапсырыспен мақала жариялау туралы іс бойынша Nakanune.kz сайтының редакциясына, сайт иесі Гузяль Байдалинова мен Юлия Козлованың пәтерлеріне тінту жүргізген. Тінту кезінде полицияның Козлованың үйінен "есірткі затына ұқсас" шөп тапқаны хабарланған. Тергеушілер тағайындаған сараптамада табылған шөптің "есірткі" екенін дәлелдеген. Бірақ "Әділ сөз" тәуелсіз сараптама нәтижесі мұны жоққа шығарғанын айтады.

Козлова бұдан өзге "Казкоммерцбанкке" қатысты тапсырыспен мақала жариялауға қатысты қылмыстық іске куәгер ретінде тартылған.

XS
SM
MD
LG