Accessibility links

Мұнайшылар Назарбаевтан еңбек кодексін қабылдамауды сұрайды


Қаламқас кенішіне жиналған мұнайшылар. Maңғыстау облысы, 10 қаңтар 2015 жыл. Көрнекі сурет.

Қаламқас кенішіне жиналған мұнайшылар. Maңғыстау облысы, 10 қаңтар 2015 жыл. Көрнекі сурет.

Еңбек кодексінің жобасына қатысты ұсыныстарын мәжіліс талқылауында енгізе алмадық деген маңғыстаулық мұнайшылар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен вице-премьер Дариға Назарбаеваның атына қол жинауға кіріскендерін мәлімдеді. Сенатор Бақтыбай Шелпеков мұнайшылардың талабын заң жобасын қарап жатқан сенаттағы комитетке хабарлағанын айтады.

Бұған дейін бірнеше мәрте еңбек кодексінің жаңа жобасына қатысты наразылықтарын үкімет пен парламент мәжілісіне жолдап, орындата алмаған мұнайшылар соңғы үміттерінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевта екендерін айтады. Олар «президентті Конституцияның кепілі» деп санайтындарын мәлімдеп, қолдарын қойып, хат жазып жатыр. Мұнайшылар талабы премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваға да бағытталған.

ЖАППАЙ ҚОЛ ЖИНАУ

Oil Construction Company (ОСС) кәсіподағының төрағасы Әмин Елеусіновтың Азаттыққа мәлімдеуінше, мұнайшылар Маңғыстаудан сайланған мәжіліс депутаттарынан мардымды жауап ала алмаған соң президентке арыздануды жөн деп шешкен.

Маңғыстаулық мұнайшылардың парламент мәжілісіне биыл 7 қыркүйекте барған кездегі суреттері.

Маңғыстаулық мұнайшылардың парламент мәжілісіне биыл 7 қыркүйекте барған кездегі суреттері.

​- Біз маңғыстаулық сенатор Бақтыбай Шелпековпен сөйлестік. Оның сөзінен ұққанымыз алдағы аптада еңбек кодексінің жобасы сенатта да мақұлданып, президентке қол қоюға жөнелтіледі, - дейді Әмин Елеусінов.

Елеусіновтің сөзін растаған ОСС кәсіподағы ұйымының еңбек инспекторы Нұрбек Қошақбаевтың Азаттыққа айтуынша, мұнайшылар Facebook әлеуметтік желісі арқылы таралған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясының президент Назарбаевтың атына жазылған еңбек кодексіне қатысты талаптарын қолдап, қол қоюға кіріскен.

- Біз бұл талапты Назарбаевқа қоса, вице-премьер Дариға Назарбаевға да бағыттап жатырмыз, - деді ол.

Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» компаниясына қарасты 2011 жылғы мұнайшылар ереуілінен соң құрылған жаңа мекеме «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» (БЖБ) мұнайшылары да жаңа кодекске наразы.

- Мен басқа басқармалар үшін жауап бере алмаймын. Бірақ біздің басқарма мұнайшыларының талабын Ақордаға (президент әкімшілігі - ред.) апарамыз деп отырмыз, - деді БЖБ кәсіподағы төрағасы Марат Жақсыбаев.

«Техно Трэйдинг» компаниясы кәсіподағының өкілі Аралбек Өтепқалиев та жұмысшылардың еңбек кодексін қабылдамауды сұрап, қол жинап жатқандарын айтты.

Мұнайшылар қол қойып президент пен вице-премьерге жазған хатта «еңбек кодексінің жаңа жобасы кәсіподақтар рөлін шектейді» деп санайтындарын мәлімдеген.

«Жаңа жоба қабылданған соң себепсіз жұмыстан қысқарту көбейеді, онда жұмысшы құқығы сақталмаған» деп санаған тағы бір маңғыстаулық компания - Caspian Oil Services Management Incorporation Kazakhstan жұмысшыларының өкілі Сайлау Бастаев та наразылық білдіріп жатқандарын айтты.

- Еңбек кодексі бір этаптан талдаудан өтіпті деген соң наразы болып, қарсылық білдіріп хатқа қол қойып жатырмыз, - деді ол.

Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласындағы Баутино түбегінде орналасқан Oil Services Management Incorporation Kazakhstan компаниясы - Солтүстік Каспий жобасының операторы North Caspian Operating Company N.V. мердігері. Ол теңізде компанияға жіберілетін жүктерді жөнелтумен айналысады. Ұйымда 300-ден астам адам екі ауысыммен 14 күннен жұмыс істейді.

Маңғыстау облысындағы 16 мұнай кәсіпорнының кәсіподақ ұйымдары бұған дейін де жаңа еңбек кодексі жобасының үкімет ұсынған нұсқасын қарауды тоқтатуды сұраған. Мұнайшылар кәсіподақ ұйымының кейбір жетекшілері «еңбек кодексі жобасын сынағаны үшін қылмыстық қудалауға ұшырағандарын» да айтқан еді. Ал Алматыда өткен аптада бір топ қоғам белсенділері еңбек кодексін қабылдамауды талап етіп, баспасөз мәслихатын өткізген. Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы (ҚТКК) еңбек кодексінің жаңа жобасын талқылау басталғаннан бері оны қабылдамауды талап етіп келеді.

Мұнайшылар қол қойып президент Нұрсұлтан Назарбаев пен вице-премьер Дариға Назарбаеваға жазған хатта «еңбек кодексінің жаңа жобасы кәсіподақтар рөлін шектейді» деп санайтындарын мәлімдеген. «Өндірістегі еңбек қатынасын тек ұжымдық шартпен реттеуге болмайды, себебі Қазақстанда әлі күшті әлеуметтік серіктес жоқ» деп жазған.

Арызда: «Нарықтық экономика жағдайында жұмысшыларға төленетін жалақының индексациясын жасауды енгізу керек, аймақтағы жалақы деңгейіне қарай уақытымен индексация жасалып отыруы керек. Тәуелсіз кәсіподақтар заңда осы мәселелерді шешетін нақты механизмдерді қарастыруды талап етеді, бізге қызыл сөздің керек жоқ.

Біз сізден Конституция кепілі ретінде Қазақстан Республикасы парламентінде қаралып жатқан еңбек кодексін тоқатуды және оны талқылауға беруді сұраймыз» деген жолдар бар.

«ЕҢБЕК КОДЕКСІ КЕЛЕСІ АПТАДА ҚАБЫЛАДАНАДЫ»

Жаңаөзен және Шетпе сотына келген сенат депутаттары Бақтыбай Шелпеков (оң жақта) және Михаил Бортник (сол жақта). Ақтау, 20 сәуір 2012 жыл.

Жаңаөзен және Шетпе сотына келген сенат депутаттары Бақтыбай Шелпеков (оң жақта) және Михаил Бортник (сол жақта). Ақтау, 20 сәуір 2012 жыл.

Қазақстан парламентінің сенат депутаты Бақтыбай Шелпековтың айтуынша,наразылыққа қарамастан еңбек кодексінің жаңа жобасы келесі бейсенбіде қабылданатын болды. Ол мұнайшылар ұсынысын еңбек кодексін талқылаумен айналысып жатқан әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетке ұсынған. Депутаттың сөзінше, «Артық жұмыс уақыты үшін төлем 1.25» деген пункттің орынына «1.5 кем болмасын» деген ұсыныс берілген.

- Мен экономист-финансист ретінде мәжілістегілердің «әлемдік деңгейде мұндай» жоқ дегенін түсінемін.

Маңғыстаудағы «Өзенмұнайгаз», «Қаржанбасмұнай» компанияларының экономикалық жағдайы жақсы емес, бірақ олар мұнайшыларды ұстап отыр. Ал біздің мұнайшылар жұмыстан шығарады деп қорқады.

Әлемдегі «Мерседес», «Фольксваген» тәрізді машина шығаратын алпауыттарды қарасаңыз, өнімдері өтпеген соң топырлатып жұмыстан шығарып жатыр, - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанның басқа өңірі еңбек кодексіне түсіністікпен қарап отыр.

- 16 облыстың ішінде тек шағымданып жүрген - Маңғыстау, - деді Бақтыбай Шелпеков.

Сенат депутаты мұнайшылар ұсынысын Қазақстанның Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға, оның орынбасары Біржан Нұрымбетовке ескерткенін айтады.

- Министрлік оларға түсіндіріп хат жолдады, - деді сенатор.

Парламент мәжілісінің депутаттары қазанның 7-сі күні еңбек кодексі жобасын екінші оқылымда мақұлдаған еді.

Жобаны әзірлеген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің хабарлауынша құжат Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» атты бастауымен жүргізіліп жатқан реформалар шеңберінде еңбек қатынастарын ырықтандыру үшін жасақталған.

Еңбек кодексінің жаңа жобасында жұмыс берушілер үшін қызметкерді жалдау, кадр ауыстыру, жұмыстан босату, жұмыскерлер еңбегіне ақы төлеу мен еңбек жағдайына қатысты процедуралар оңайлатылған.

Заң жобасында еңбек келісім-шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша үзуге негіз болатын жайттар көбейген. Кодекс жобасы бойынша, жұмыс берушінің бастамасымен келісім-шарт «өндіріс және орындалатын жұмыс пен көрсетілетін қызмет көлемі азайып, ұйымның экономикалық жағдайының нашарлауына» әсер еткен жағдайда үзілуі мүмкін. Жаңа еңбек кодексінде жоба авторлары мұндай негіздердің пайда болуына «экономикадағы қазіргі ауыр жағдай әсер етті» деп түсіндірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG