Accessibility links

Жер комиссиясының шешімі кімнің жеңісі?


Үкімет жанынан құрылған жер комиссиясының жиынына қатысушылар. Нағи Ілиясов ауылы, Сырдария ауданы, Қызылорда облысы. 2 шілде 2016 жыл. Көрнекі сурет

Үкімет жанынан құрылған жер комиссиясының жиынына қатысушылар. Нағи Ілиясов ауылы, Сырдария ауданы, Қызылорда облысы. 2 шілде 2016 жыл. Көрнекі сурет

Тамыздың 13-інде Астанада өткен Жер реформасы бойынша комиссияның отырысында «ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуы туралы мәліметтерді толықтыру мақсатында қолданыстағы мораторий мерзімінің бес жылға, яғни 2021 жылғы желтоқсанның 31-іне дейін ұзартылатыны және комиссия жұмысының тоқтайтыны хабарланды.

АЛҒЫС АЙТУ

Биыл көктемде Қазақстанның бірнеше облысында өткен жер сатуға қарсылық митингілерінен соң құрылған арнайы комиссия желтоқсан айына дейін жұмыс істеуі тиіс еді. Ауыл шаруашылық министрлігінің сайтында жарияланған соңғы ақпарат бойынша комиссия мүшелері Астанада төрт рет, Ақмола, Алматы, Қызылорда және Атырау облыстарында бір мәртеден жергілікті тұрғындармен кездесіп, «сұрақтар мен ұсыныстар қайталанған соң» жұмысты доғара тұратын болған.

Қарағандылық белсенді Ғалымбек Акулбеков үкіметтің жер сату жоспарына қарсы бір адамдық пикет ұйымдастырып тұр. Астана, 20 сәуір 2016 жыл

Қарағандылық белсенді Ғалымбек Акулбеков үкіметтің жер сату жоспарына қарсы бір адамдық пикет ұйымдастырып тұр. Астана, 20 сәуір 2016 жыл

Соңғы қорытынды отырыс кезінде комиссия үкіметке мынадай ұсыныстар жасаған: ауыл шаруашылығы жерлерін жеке және заңды тұлғаларға 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру институтын сақтау; жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлерін белгілеу; шекара маңы аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің мемлекеттік шекарадан радиусын айқындай отырып, оларды беру жөніндегі талаптарын анықтап, бекіту; елді мекендер айналасындағы жайылымдар мен шабындықтарды жеке және заңды тұлғаларына беруге тыйым салу; жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін мемлекет мұқтаждықтарына сатып алу; жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру нормаларын да жарияланған мораторийге қосу.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның бұл шешімінен кейін комиссия мүшелері «халық пікірімен санасқан» президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірсе, әлеуметттік желілерде биыл көктемде жер кодексінің даулы баптарына қарсы митинг ұйымдастырған белсенділерге рақмет айтушылар көбейді.

«КІМНІҢ ЖЕҢІСІ?»

Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қариннің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жазбасына қарағанда «комиссия жұмысы - билік пен қоғамның ымыраға келе алатындығын көрсеткен».

«Жер кодексіндегі басты мәселелерді талқылағанда ауыл шаруашылығы мен ауылды дамытуға байланысты мәселелер көп екені байқалды. Мораторий ауыл шаруашылығындағы жағдайды қайта бағалау, талдау, жаңа есеп жүйесін енгізу мақсатында жасалды, сондықтан бұл – ортақ жеңіс» деп жазды ол.

Алайда жер туралы комиссияның үш айлық жұмысына көңілі толмағандар да бар. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы, қоғамдық белсенді Рысбек Сәрсенбай бес жылға жарияланған мораторий халықтың жеңісі деп санайды. Оның айтуынша, «комиссияны жер кодексіндегі даулы бапты халыққа түсіндіру мақсатында құрған билік» көздегеніне жете алмаған.

Рысбек Сәрсенбай, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы

Рысбек Сәрсенбай, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы

Қазақстан президенті мораторийді бірден өзі-ақ ұзарта салар еді. Бірақ ол халықтың аңысын аңдап көрді. Үзілді-кесілді бұрынғы заңды іске асыруға биліктің шамасы келмей қалды. Күшке де салды, жер сатылмасын деп митингіге шақырғандарды қуадалады. Халық бәрібір «түсінбеді». Президентің өз қолында болғандықтан, бұл – саяси шешім. Саяси шешімді парламент өзгерте алмайды. Меніңше, комиссия шешімін парламент көп талқыламайды, - деді ол.

Рысбек Сәрсенбай комиссия қорытындысында айтылған «жалға берілетін жердің шекті мөлшерін белгілеу туралы ұсыныстың» орындалатынына да күмәнмен қарайды.

«БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ АРАША ТҮСУГЕ ЖАРАМАДЫ»

Комиссия құрамына шақырылған, алайды оның жұмысына қатысудан бас тартқан Зәуреш Батталова мораторийде айтылған мәселелер заңмен бекітілмей шешімге сене алмайтынын айтады.

Билік өз айтқанымен жүретін адамдарды таңдап алды, қоғамдық ұйымдар мен басқа да қызығушылық білдіргендер комиссия жұмысына қатыса алмады. Комиссия өзіне керекті адамды арнайы қаулыдан тыс енгізді, - деп санайды ол.

Зәуреш Баталова мораторийді «алда болуы мүмкін саяси өзгерістер қарсаңындағы халықты алдарқату әдісі» деп қабылдайды. Оның сөзінше, жер туралы комиссия биыл көктемде Атырауда өткен қарсылық митингісінен соң қамалған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды босату туралы «билікке талап қоюға жарамаған».

Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингіде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингіде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали де «мораторий дұрыс шешім болмады, комиссия халық арасындағы орынсыз ұрандардың ықпалынан шыға алмады» деп есептейді.

Жерді шартты түрде арзан бағаға сатып, фермерлерге беру қажет еді. Бірақ оны халық та, билік те түсінбеді, «жерді сату – анаңды сату» дейтін жалаң ұран ықпалында кетті, - дейді ол.

Әзімбай Ғали жерді жекеменшікке беру арқылы «әлеуметтік ымыраға келуге, жерсіз жүрген әлеуметтік топты ширықтырмауға болады» деп ойлайды. Ол мораторийдің «барлық мәселені тағы да бес жылға ысырып тастағанына» қынжылады.

Жер комиссиясының қорытынды шешіміне қатысты айтылып жатқан сын-ескертпелер туралы ауыл шаруашылық министрлігінен дереу ресми комментарий алу мүмкін болмады. Жер ресурстарын басқару комитетінің басшылығы Азаттық тілшісіне тек баспасөз қызметі арқылы сауал жолдауды сұрады.

Сәуірдің 24-і күні Атырауда жер мәселесі бойынша өткен қарасы қалың наразылық акциясына қатысушылар үкіметтің жер реформасына қарсылық білдірген еді. Атыраудан соң мұндай шаралар Қазақстанның басқа да қалаларында өтті. Наразылық жиындарына қатысушылар мен ұйымдастырушылар жаппай ұсталған болатын. Мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту, құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге жер сату туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құруға пәрмен еткен еді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG