Accessibility links

Назарбаевтың "мұрагер" жайлы емеуріндері


Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ашғабатта Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің сыйын қабылдап тұр. Көрнекі сурет

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ашғабатта Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің сыйын қабылдап тұр. Көрнекі сурет

Маусымның 18-інде Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономика форумында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда әйел де президент бола алады деген пікірі БАҚ пен әлеуметік желілерде жиі талқыланды.

Санкт-Петербургтегі жиында президент Назарбаев үш қызы бар екенін, Қазақстанда гендерлік саясат табысты жүріп жатқанын, президент болуға лайық "дайындалған әйелдер" бар екенін айтқанымен тікелей үлкен қызы Дариға Назарбаеваны атамаған. Алайда Ресей президенті Владимир Путиннің әзілдеп болсын "ондай әйелдердің кейбірін танитынын" айтып қалуы көпшілікті Дариға Назарбаеваны президент мұрагері ретінде талқылауға түрткі болған. Оған форумның модераторы Фарид Закарияның "премьер-министрдің орынбасары етіп әйел адам тағайындағаныңызға назар аудардым" деген сөзі де себеп болды. Ал Дариға Назарбаеваның 2015 жылғы қыркүйектен бері вице-премьер қызметін атқарып келе жатқаны белгілі.

Осылайша "кездейсоқ қойылған сұраққа берілген жауап" әлеуметтік желілердегі кейбір қолданушыларға Нұрсұлтан Назарбаев қызы Дариғаны мұрагер ретінде ресми түрде жариялағандай әсер қалдырды. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін өзінің "мұрагері" туралы ашық айтқан емес.

Нұрсұлтан Назарбаевтың билікте ұзақ отыруы, бұрынғы ТМД мемлекеттерінің кейбірінде биліктің мұрагерлік жолмен ауысуы Қазақстанда да бұл мәселе кез-келген сәтте пайда болуы мүмкін дейтін алуан жорамалға себеп болып, саясаттанушылар әр кезеңде "мұрагер" ретінде Назарбаевтың жақын туыстары мен сенімді серіктерін атап келген.

Болжам жасаушылар "мұрагерлік" өлшемін оның президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қаншалықты жақындығымен, билік пен бизнестегі ықпалымен есептейді. Жоғары лауазымды қызметкерлерге тек сенімді адамдарын тағайындау арқылы Назарбаев мұрагер мәселесі қалай шешілетінін емеурінмен білдіретінге ұқсайды.

Дариға Назарбаева (сол жақта) әкесі президент Нұрсұлтан Назарбаевпен. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл

Дариға Назарбаева (сол жақта) әкесі президент Нұрсұлтан Назарбаевпен. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл

Дариға Назарбаева 2003 жылы "Асар" партиясын құрғанда бірден бір "мұрагер" ретінде көріне бастады. Небәрі үш жылдан кейін "Асарды" "Нұр Отан" партиясына қосу арқылы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен қызының амбициясын өз қолымен тежегендей көрінген. Алайда президент Назарбаев өтпелі кезеңдегі мұрагерлікке Дариға Назарбаева мен өзінің сенімді серігі Нұртай Әбіқаевтың бірін қарастырады деген болжамды Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев 2013 жылдары да бірнеше рет қайталаған. Өйткені аталған екеудің Назарбаевқа жақындығы бұрынғыдан да күшейгендей көрінген. Оның үстіне былтыр Дариға Назарбаеваның вице-премьерлікке тағайындалуы да ашық емеурін тәрізді қабылданған. Ресеймен параллель жүргізуге бейім кейбір бақылаушылар президент Владимир Путиннің Дмитрий Медведевті әуелі вице-премьерлік қызметте біраз сынағанын еске алысқан.

Кәрім Мәсімов, Қазақстанның премьер-министрі

Кәрім Мәсімов, Қазақстанның премьер-министрі

2011 жылы қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов "мұрагер" ретінде премьер-министр Кәрім Мәсімовтің кандидатурасын атап, баспасөзге сұхбат берген еді. Осы сұхбатқа қарсы сол кездегі президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Назарбаевтың саясатын жлғастырып кете алатын бірден бір адам – оның ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев деген пікір айтқан. Мұхтар Әблязовтың баспасөздегі сирек сұхбаттарына қарағанда "мұрагерліктен" бірден бір дәмелі адам – әлі күнге Кәрім Мәсімов".

2013 жылы қыркүйек айында оппозициялық басылымдардың кейбірі "Нұрсұлтан Назарбаев өз мұрагерін Ресей президенті Владимир Путинге таныстырды, ол Назарбаевтың немере інісі, қазір ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш" деген де ақпарат таратты.

Қасымжомарт Тоқаев, Қазақстан сенатының спикері

Қасымжомарт Тоқаев, Қазақстан сенатының спикері

Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та мұрагерлер қатарында аталған. Ресейлік сарапшылар Тоқаевты "мұрагерлікке өте қолайлы адам" ретінде сипаттаған. Конституция бойынша биліктегі екінші жоғары лауазымда отырған Қасымжомарт Тоқаевты «әлдеқандай жағдай туса» Назарбаев пен оның туыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын тұлға ретінде қабылдайтындар бар.

Бірақ әзірге президент Нұрсұлтан Назарбаевтың емеуріндерінің ешбірі орындалған жоқ. Қазақстан президентімен ұзақ жылдар қызметтес болған оппозициядағы саясаткер Серікболсын Әбділдин «Назарбаев көзі тірісінде билікті ешкімге бермейді» дегенді қайталаудан танбайды.

Бұл тұрғыдан келгенде Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанда әйел де президент бола алады» деген пікірін гендерлік саясаттың Қазақстанда белсенді жүзеге асатынын меңзегені әрі әйелдер қауымына қарата айтылған комплименті ретінде қабылдау қисындырақ болатын сияқты.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG