Accessibility links

Мәмбеталиннің "айыбын мойындаған үндеуі" шықты


Серікжан Мәмбеталин (ортада) Алматы сотында. 20 қаңтар 2016 жыл. Көрнекі сурет

Серікжан Мәмбеталин (ортада) Алматы сотында. 20 қаңтар 2016 жыл. Көрнекі сурет

"Алауыздық" бабымен сотталған азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин Facebook желісінде "өкіну" постын жариялады. Адвокаты мәлімдемені растады.

Жұма күні түнгі 22.00-ге жуық алауыздық айыбы бойынша сотталған азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталиннің Facebook әлеуметтік желіcі парақшасында "достары мен жақтастарына арналған үндеуі" пайда болды. Үндеуде Мәмбеталиннің «изоляторда отырып көп нәрсені қайта ойлап, қазіргі жағдайға тек өзінің ғана айыпты екенін түсінгені" жазылады. Мәтінде "өзіме тағылған айыпты толығымен мойындап, өкінемін" деген сөздер бар.

Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинді Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қаңтардың 22-сі күні 3 және 2 жылға соттаған еді. Оларға әлеуметтік желіде авторы Мұрат Телібеков делінетін кітаптан үзінді келтіріп, алауыздық туғызды деген айып тағылған. Мәмбеталин соңғы сөзінде өкінбейтінін және айыбын мойындамайтынын, "тек туыс-туғандарынан бейнет көрсеткені үшін кешірім сұрайтынын" айтқан.

Қаңтардың 29-ы күні Мәмбеталиннің Facebook парақшасында жарияланған үндеуде белсенді "кінәсін мойындайды".

Үндеуде: "Мен, қазақты ұлт ретінде қорлайтын кітапты әлеуметтік желідегі өз парақшама көшіріп алғанымды мойындаймын. Шындығына келгенде, олай жасағанда, бұл ісімнің кері әсері болатынын ойламадым. Расымен де қателестім, және өз қатемді толығымен түсіндім, бірақ бұл қылмысты әдейі жасаған жоқпын" деп жазылған.

Үндеу авторы егер өз ісі оң шешіліп жатқан жағдайда "қоғамдық-саяси істерден кететінін" ескерткен.

Азаттыққа пікір білдірген Серікжан Мәмбеталинің адвокаты Ермұрат Мұқанов, "бұл мәлімдеменің рас екенін" хабарлады. Авдокат дүйсенбі күні сотқа апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

- Ол әлде біреулерді сатып кетті ме, жаман әрекет жасады ма? Адам бостандыққа шыққысы келеді, бұл жаман ба? Кітаптан үзінді келтіргені үшін түрмеде отырудың қандай мәні бар? Мен бұл істе оны толықтай қолдаймын. Егер билік әлеуметтік желіде үзінді жариялауды қылмыс деп таныса, амал нешік? Сол үшін екі жыл түрмеде отыруы керек пе? Не үшін, кім үшін? – деді адвокат.

Биліктің екі азаматтық белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғауын жергілікті құқық қорғаушылар мен бірқатар әлеуметтік желі қолданушысы сынап шыққан. 2015 жылғы қазанның 16-сы күні Human Rights Watch ұйымы да Астанадан оларды босатуды талап еткен еді.

Былтырғы қазанның 15-і қамалғанша Серікжан Мәмбеталин жасылдар партиясын құрмақ болып талаптанып, кейін Қазақстан үкіметінің Еуразия Одағы аясындағы Ресеймен тығыз саяси-экономикалық байланыс орнатуына қарсы азаматтық белсенді ретінде көзге түскен. Ал Ермек Нарымбаев 2010 жылы Қазақстанның Қытайға ауыл шаруашылық жерлерін беру жоспарына қарсы шығып, "Назарбаев, кет!" деген ұран көтерілген митингіге қатысқан соң "билік өкіліне күш қолданды" деген айыппен 4 жылға сотталған. Соңғы жылдары Нарымбаев түрлі наразы әлеуметтік топтардың құқығын қорғаушы ретінде танылып жүрген.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG