Accessibility links

Кәсіподақ басшылары «қысым» жайлы айтады


Маңғыстау облысы жұмысшылары басшылыққа талаптарын айтып тұр. Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысы жұмысшылары басшылыққа талаптарын айтып тұр. Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Маңғыстаудағы кәсіподақ ұйымы басшыларының кейбірі «жұмысшылар қатарымыздан шығып жатыр» дейді. Республикалық кәсіподақ федерациясының бұрынғы төрағасының пікірінше, «елде кәсіподақ қызметкерлерін қудалау жоқ».

«Ақтау» тәуелсіз кәсіподағының төрағасы Кенжеғали Сүйеуов ұйымға мүше адамдардың кейбірі қатарларынан шығып жатқанын айтады.

– Маңғыстаудағы 2011 жылғы мұнайшылар наразылығы бастау алған Қаражанбас кенішіндегі өндірістегі біздің кәсіподаққа мүше 22 адамның кейбірі біздің кәсіподақ ұйымынан шығып кетті. Ресейлік «Юго-Восточная сервисная группа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі мүшелеріміз де мүшеліктен бас тартты. Оған дейін Маңғыстаудағы қытайлық мұнай өнеркәсібі саласына қызмет көрсететін CNLC компаниясында құрылған кәсіподаққа мүше болған 10 адам да қатардан шығып кеткен, – дейді Кенжеғали Сүйеуов.

«ҚЫСЫМНЫҢ ТҮРІ КӨП»

Кенжеғали Сүйеуовтің сөзінше, кәсіподақтан кетіп жатқан әріптестері «ешқандай қысым туралы айтпайды».

​– Тәуелсіз кәсіподақ ұйымдары мүшелерін мүшеліктен шығарып алудың қалыптасқан рычагтары бар. Оларға дәрежесі жоғары жұмыс ұсынуы мүмкін, балаларының оқуының ақшасын төлеуі мүмкін, – дейді «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағының төрағасы.

Кенжеғали Сүйеуов «заң шеңберінде жұмыс жасап жатсақ та, мекемелер мүшелік жарнаны аудармайды» деп те шағымданады.

Тәуелсіз кәсіподақ төрағасы Кенжеғали Сүйеуов (сол жақта) пен КНЛК жұмысшысы Мақсат Тұманбай. Ақтау, 5 мамыр 2014 жыл.

Тәуелсіз кәсіподақ төрағасы Кенжеғали Сүйеуов (сол жақта) пен КНЛК жұмысшысы Мақсат Тұманбай. Ақтау, 5 мамыр 2014 жыл.

Маңғыстаудағы кәсіподақ ұйымы өкілдерінің «қудалау көріп жатқанын» айтушы Кенжеғали Сүйеуов қана емес. Бұл облыстағы «Жаңарту» тәуелсіз кәсіподағының бірлескен төрағасы Мұхтар Үмбетовтің сөзінше, кәсіподақ белсенділеріне жасалатын қысымның түрі көп.

– Өз мүшелеріміз жұмыс істейтін кәсіпорындарға кіре алмаймыз, мүшелік жарналарды жинай алмаймыз, еңбек дауына араласа алмаймыз, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алмаймыз, – деді Мұхтар Үмбетов.

ҚУДАЛАУ БАР МА, ЖОҚ ПА?

Атыраудағы «Демос» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан Қизатованың пікірінше, жұмыс беруші не билік қатарындағы адам саны көп, абыройы артық кәсіподақ ұйымынан қауіптенеді. Ол кәсіподақ ұйымына басшыларына қаржылық айып тағудың қисынсыз екенін айтады.

– Кәсіподақтың жарнасы – қоғамдық ұйымның ішкі мәселесі. Егер есеп беру жиналысы болып, ревизиялық комиссия оны бекітсе, қайдағы талан-тараж туралы әңгіме болуы мүмкін. Сондықтан кәсіподақ қаржысының мақсатсыз жұмсалуы туралы істердің барлығы да – арнайы бағытталған істер, саяси тапсырыс, – дейді Тоғжан Қизатова.

Жұмыс беруші мен билік тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарының өздеріне жақпаған басшыларымен күресте қылмыстық іс қозғау, қоқан-лоқы көрсету тәрізді бұрыннан жүйеленген әдістерді қолданады.

Құқық қорғаушының айтуынша, «жұмыс беруші мен билік тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарының өздеріне жақпаған басшыларымен күресте қылмыстық іс қозғау, қоқан-лоқы көрсету тәрізді бұрыннан жүйеленген әдістерді қолданады».

– Бұл – Маңғыстауда немесе Атырауда ғана емес, бүкіл Қазақстанға ортақ, бір бірінен айырмашылығы аз әдіс, – дейді Тоғжан Қизатова.

Бірақ республикалық кәсіподақтар федерациясын 22 жыл басқарған Сиязбек Мұқашевтің пікірінше, «Қазақстанда кәсіподақ қызметкерлерін қудалау деген мүлде жоқ».

– Өндіріс басқарып отырған басшы мен еңбекшілердің құқығын қорғайтын адамның арасында қайшылық болады. Бірақ оны саяси қуғынға салумен байланыстырудың керегі жоқ, – дейді Сиязбек Мұқашев.

КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІ ТАП БОЛҒАН ОҚИҒАЛАР

Қазақстанда соңғы жылдары кәсіподақ ұйымдары басшыларына қатысты бірнеше шулы іс болған. Олардың кейбіріне қарсы қылмыстық іс қозғалған, бірнешеуіне қастандық жасалған.

2008 жылы «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы ұйымының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Үмбетовті белгісіз біреулер соққыға жығып кеткен. Үмбетов оны «менің билікке ұнамайтын, жұмысшылардың құқығын жақтаған әрекетіме байланысты» деген. Бұл қылмыс сол күйі ашылмай қалған.

2009 жылы Жаңаөзендегі «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» компаниясына тиесілі «Жөндеу» мекемесі кәсіподағының бұрынғы жетекшісі Ыхылас Шәңгереевті көшеде белгісіз біреулер ту сыртынан атып, жарақаттап кеткен. Шәңгереевтің өзі мұны «кәсіпорындағы былық-шылықтарды тексеру үшін тиісті орындарға жазған арызымның салдары» деп түсіндірген.

2011 жылы Жаңаөзендегі «МұнайФилдсервис» мекемесінің бұрғышысы Жақсылық Тұрбаев белгісіз біреулердің қолынан қаза болған. Ол сол кездегі мекеменің кәсіподағын «жұмыс берушіге қолайлы ұйым» деп, оны өзгертуді, жұмысшылардың талабын орындауды талап еткен еді. Жаңаөзендік мұнайшылар бұл істің саяси астары барлығын айтқан.

«МұнайФилдСервис» компаниясы жұмысшылары жалақы көбейтуді талап етіп тұр. Компания кәсіподағының төрағасы Ахмет Сүйірханов (сол жақтан бірінші) жұмысшылар талабын оқып тұр. Жаңаөзен, 4 ақпан 2014 жыл.

«МұнайФилдСервис» компаниясы жұмысшылары жалақы көбейтуді талап етіп тұр. Компания кәсіподағының төрағасы Ахмет Сүйірханов (сол жақтан бірінші) жұмысшылар талабын оқып тұр. Жаңаөзен, 4 ақпан 2014 жыл.

2013 жылы да «Мұнайфилдсервис» мекемесінің жұмысшылар құқығын қорғаған кәсіподақ жетекшісі Ахмет Сүйірхановқа «қаржыны талан-таражға салды» деген айып тағылған. Кейін ол іс тоқтатылып, Сүйірханов өз еркімен кәсіподақ төрағалығынан кеткен.

2014 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақтаудағы филиалы қызметкері, осы мекемедегі тәуелсіз кәсіподақтың бастауыш ұйымын құрған Мақсат Тұманбай жұмыстан шығарылған. Ол «кәсіподақ ұйымын құру бастамасын көтеріп жиналыс өткізген соң қырға іліктім» деп мәлімдеген.

Жуықта осы аймақтағы кәсіподақ ұйымдарының бірінің жетекшісі Әмин Елеусінов те биліктің өзін «ақша жымқырды» деп айыптай бастағанын айтты. Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Асқар Досекенов бұл іс жайлы сауалға «қоғамдық бірлестіктің бір топ мүшелері арызы негізінде орын алған жымқыру дерегі сотқа дейін тергеліп-тексерілу үшін Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне жолданды» деп жауап берген.

XS
SM
MD
LG