Accessibility links

Мәсімовке петиция жариялаған сайт ашылмай қалды


Инга Иманбай (сол жақта), қоғамдық белсенді.

Инга Иманбай (сол жақта), қоғамдық белсенді.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің қызметінен кетуін талап еткен петицияны жариялаған сайт Қазақстанда ашылмай қалды. Онлайн-петиция жазушылар «премьер ел экономикасын әлсіретті» деп санайды.

Петицияны change.org. сайтына орналастырған қоғам белсендісі Инга Иманбайдың айтуынша, тамыздың 15-і күні жарияланған петицияны қолдаушылар көбейген, алайда түстен кейін сайт Қазақстаннан ашылмай қалған.

- Біз алыс және жақын шетелдерде тұратын таныстарымыздан сұрастырып, change.org. сайты Қазақстанда ғана ашылмай қалғанын түсіндік. Қазір петиция ғана емес change.org-тің өзі де ашылмайды. «Қазақтелеком» компаниясына шағымданбадық, өйткені одан жауап болмайтынын тәжірибеміз көрсеткен. Содан соң петицияны аvaaz.org сайты мен әлеуметтік желілер арқылы таратуға тырыстық. Қазір Кәрім Мәсімовтің қызметтен кетуін қолдайтын он мыңға жуық дауыс жиналғаны байқалды және әлі де жиналып жатыр, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Қазір avaaz.org сайтында жарияланған онлайн-петицияда «Кәрім Мәсімов 7 жылға жуық премьер-министр болғанда Қазақстан экономикасын диверсификациялай алмады, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге аспады, соған қарамастан ЭКСПО секілді қажетсіз жобаларды тағы жасағасы келеді. 2007 жылы бір доллар 120 теңге болса қазір 350 теңгеге дейін жетті, БТА банктің құлауына, оның иесі Мұхтар Аблязовтың қуғындалуына себеп болды. Мәсімов кабинеті Жаңаөзен проблемасын шеше алмады, соның салдарынан бейбіт шеруге шықққан жаңаөзендіктер оққа ұшты. Халықтан кешірім сұрап, қызметтен кету орнына Мәсімов қызметінде қала берді. Қоғамда наразы еткен жер кодексіндегі даулы баптарды Мәсімов үкіметі енгізді, инфляция күшейіп, жұмыссыздық өршіді. Францияда «Airbus компаниясынан 12 миллион еуро пара алды» деген күдікке ілінді. Соған қарамастан қоғамда саяси ұпай жинау үшін PR-ды күшейтті, бірақ тәуелсіз басылым тілшілерін кездесулеріне қатыстырмайды, полиция мен қорғаушылардың күзетінде жүре тұра, сапарға барған жерлерінде мыңдаған адамның жүріс-тұрысына кедергі жасайды. Үкімет басқарған кездерінде экономиканы тығырыққа тірегені үшін кешірім сұрап орнынан кетпесе, оның осы қызметтегі әр күні мемлекеттің имиджі мен экономикасына нұқсан келтіре беретіні түсінікті болды» деп жазылған. Үндеу «Кәрім Мәсімов таяуда «Тәуелсіздікке 25 жыл» дейтін хэштег ұсынды, ал біз «Кәрім Мәсімовтің үкіметінсіз Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» дейік» деп аяқталады.

"Трибуна" газетінің бас редакторы Жанболат Мамай. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

"Трибуна" газетінің бас редакторы Жанболат Мамай. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

Петицияны алғаш ұсынушы қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың Азаттық тілшісіне айтуынша, Кәрім Мәсімовтің қызметінен кетуін талап еткен петиция бұған дейін де жарияланған.

- 2011 жылы да осыған ұқсас петиция жасағанбыз. Ол кезде мұндай талапты оппозициялық партиялар да көтерген болатын. Ал қазір бұл мәселені көтеруімізге экономиканың қазіргі жағдайы мен премьер-министрдің арзан ұпай жинауға әуестенуі тағы да түрткі болды, - дейді ол.

Белсенділер Кәрім Мәсімовтің жуырда Ресей премьері Дмитрий Медведевпен кездесіп, Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада сақталған Кейкі батырдың басы мен кезінде қарулы қақтығыста қолға түсіп, қаза тапқан соң Ресейге әкетілді деп саналатын Кенесары ханның басын сұратуын «премьердің арзан ұпай жинауға тырысқан пиар кампаниясы» деп сипаттайды.

Жанболат Мамай change.org. сайты бұғатталса да, басқа әлеуметтік желілер арқылы таралған петицияны Кәрім Мәсімовтің «командасы» қалай да көреді деп санайды. Белсенді change.org. сайтының Қазақстанда бұғатталып қалуы кездейсоқтық емес деп болжайды. Оның сөзінше, сайт әкімшілігі «петиция бұғатталмаған және бұғаттау жоспарда болмаған» деп хабарлаған.

Көрнекі сурет

Көрнекі сурет

Азаттық тілшісі бұл мәселе бойынша «Қазақтелекомға» хабарласып, мән-жайды білмек болған еді. «Қазақтелеком» өкілінің айтуынша, мұндай мәселемен «Алматытелеком» компаниясы шұғылданады. «Алматытелеком» Азаттық тілшісіне «change.org. сайтының Қазақстанда не себептен ашылмағанын тексеріп көруге болады» деп қана жауап берді.

Билікке ыңғайсыз сайттар жабылып немесе ішінара бұғатталып қалатын сәттер Қазақстанда қайталанатыны байқалады. Кәрім Мәсімовтің қызметінен кетуін талап еткен петицияны жариялаған аvaaz.org сайты 2014 жылы Қазақстанда бұғатталып, қайта ашылған.

Ол кезде «сайттың бұғатталуына Қазақстанда теңге девальвацияланған күні – ақпанның 11-інде президент Нұрсұлтан Назарбаевқа импичмент жариялау туралы петицияны шығаруы себеп болды» деген болжамдар айтылған.

Өздерін «қарапайым адамдардың ой-пікірін халықаралық саясат пен ірі саяси шешімдерге жеткізуді көздейтін жаһанды желі қауымдастығы» ретінде таныстыратын change.org, аvaaz.org секілді сайттарда Қазақстандағы саяси-қоғамдық мәселелерге байланысты қилы үндеулер жарияланып тұрады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG