Accessibility links

«Еуразия» бірінші арнасын" митинг туралы хабарға қатысты сотқа берді


"Еуразия" бірінші арнасының" Қазақстандағы митингілер туралы хабарынан скриншот. 16 мамыр 2016 жыл.
"Еуразия" бірінші арнасының" Қазақстандағы митингілер туралы хабарынан скриншот. 16 мамыр 2016 жыл.

Қарағандылық адвокат Нұрхан Жұмабеков бүгін Алматының Бостандық аудандық сотына «Еуразия» бірінші арнасына" тиесілі «Еуразия+ОРТ» компаниясының үстінен шағым түсірді. Адвокат компаниядан моральдық шығын ретінде 100 мың теңге талап етеді. Шағымға арнаның жүргізушісі Аймира Шаукентаеваның жер мәселесі бойынша митингтерді өткізген адамдарға "ақша төленгені" туралы мәлімдемесі себеп болған.

2016 жылы 30 сәуірде Шаукентаева «Рұқсат етілмеген митингке келген әрбір адамға ұйымдастырушылар, яғни, жоғарыдағы бесінші колонна 50 мен 150 доллар аралығында ақша төлеген» деп айтқан еді. Өткен аптада «Еуразия» бірінші арнасының журналистері жер мәселелері бойынша өткен митингтердің "ақша төлеп жасалғанына дәлелі барын" да хабарлаған. «Дәлел» ретінде көрсетілген видеода беттері көрсетілмеген адамдардың бір-біріне доллар беріп жатқаны көрсетілген.

- Митингке шыққан адамдарға теледидар арқылы топырақ шашып жатқанына қынжылам. Шаукентаеваның сөзінше, азаматтар тек жасанды түрде ғана наразылықтарын көрсете алады екен, - дейді Нұрхан Жұмабеков Азаттық тілшісіне.

Бостандық ауданының азаматтық істер бойынша соты Азаттыққа арнаға қарсы мұндай шағым түскенін растайды.

- Бүгін Нұрхан Жұмабековтен «Еуразия+ОРТ» ЖШС-іне қарсы шағым түсті. Оны судья Татьяна Черныш қарайды. Шағым бес жұмыс күні ішінде қаралады, - деді сот өкілі Саят Серіков.

Қазақстанның түрлі аймақтарында сәуір айының соңында және мамыр айының басында жер мәселелері бойынша митингтер болды. Митингтерге қатысқандар жердің сатылуы мен шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға берілуне қарсы шығып, арнайы заңдағы өзгерістерді жоюды талап еткен болатын.

Мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда дау туғызған жер кодексіндегі өзгерістердің күшіне енуіне 2016 жылдың соңына дейін уақытша мораторий жариялады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG