Accessibility links

11-сәуір - нацистік концлагерь тұтқындарын азат ету күні


Бүгінде Алматы қаласында тұратын соғыс ардагері Зейнел-Ғабиден Темірғалиев 18 жасында майданға аттанып, 19 жасында нацистердің тұтқынына түсіп, өмірінің 3 айға жуық уақытын Бухенвальд лагерінде өткізген. 1947 жылы туған еліне оралған оған совет билігі “сатқын” деген айып тағып, 25 жылға соттаған.

Зейнел-Ғабиден Темірғалиев сол жылдардың қасіретін былайша еске алады:

- Бухенвальд лагерін жергілікті халық “өлім фабрикасы” деп атайтын. Адамдарға түрлі тәжірибелер жасау, адам терісін сыпыру, сыпырылған теріден қолғап, дорбалар тігу деген небір сұмдықтың барлығы осы лагерьде жасалған. Іске жарамайтын ақсақ, ауыр жаралы жауынгерлер мен балалар, әйелдерді бір бараққа тығып улы газбен тұншықтырып өлтіргендерін көзім көрді. Бухенвальд лагеріндегі 3 ай маған 3 жылға татыды. Аш-құрсақ, жаралы біздер не көрмедік?!

1947 жылы туған еліне оралған Зейнел-Ғабиден Темірғалиевке соғыста “Отанға опасыздық жасады” деген айып тағылып, оны Алматы қаласында қамауға алады.

- 1947 жылдың қазан айында қамауға алынып, үш ай тергеуден кейін 25 жылға сотталдым. Оның 10 жылын Калыма деген жерде өтедім. Кейін Сталин қайтыс болғаннан кейін босап шықтым. Соғыс тұтқындары босап шығып, ақталғаннан кейін Қазақстан президентінің 1993 жылғы сәуірдің 14-күні соғыс уақытында тұтқында отырған ардагерлердің барлығына орташа еңбек жалақысы негізінде 100 күндік есептік көрсеткіш бойынша мемлекет қазынасынан жәрдемақы тағайындау жөнінде жарлығы шықты. Тиісті жәрдемақымды алармын деп күттім. Міне, 12 жыл болды, сол жарлық әлі орындалмай келеді.

Президент қол қойған жарлықтың орындалмағанына реніш білдірген ардагер ақсақал майданда бірге болған қатарларының сиреп қалғандығын айтты.

Қазақстандық тарихшы Сәбит Шілдебай соғыстағы тұтқындар тақырыбын зерттеу кейінгі жылдары ғана қолға алына бастады дейді:

- 1989 жылдан бастап совет одағы көлемінде тұтқындар тақырыбы зерттеле бастады. Шетелдік зерттеушілердің еңбегін совет үкіметінің басшылығы буржуазиялық тарихнама деп, ондағы деректердің барлығын өтірікке балап, совет одағына қарсы бағытталған үгіт-насихат ретінде бағалады. Сондықтан да халық бұл жағдайдан хабарсыз болды. Ал тарихшылардың шындықты айтуға мүмкіншілігі болмады. Совет мемлекеті тұтқынға түскен әскеріне қалай қарады? Олар тұтқынға түскен жауынгерлерді бір сөзбен “сатқын” деп айдарлады. Олардың ішінде мыңдаған қазақстандық азаматтар болды. Сталиннің жарлығына сәйкес тұтқынға түскен жауынгер соңғы оқпен өзін-өзі атып өлтіруі тиіс болды.

Тарихи деректерге жүгінсек, тұтқындардың 20 пайызы атылды немесе 25 жылға сотталды. 10 пайызы Сібірдің алыс аудандарына жер аударылды. 15 пайызы соғыста қирап қалған аудандарды қалпына келтіру үшін қара жұмысқа жұмылдырылды. 15-20 пайызы ғана туған жеріне оралды. Олардың барлығы уран, көмір қазуға жіберілді, көпшілігі ұзаққа бармай-ақ өмірмен қош айтысты.
XS
SM
MD
LG