Accessibility links

Навальный азаматтарға құқық қорғауды үйретіп жүр


Алексей Навальный қарсылық шарасы кезінде. Мәскеу. 27 қазан 2012.
Алексей Навальный қарсылық шарасы кезінде. Мәскеу. 27 қазан 2012.

Ресейлік блогер-оппозиционер Алексей Навальный азаматтық құқықты қорғауға көмектесетін сайттар ашып жатыр. Қазақстандық кейбір блогерлер «Қазнетке де бір Навальный керек» дейді.

Алексей Навальный жұртқа Ресейдегі жемқорлықпен табанды күрескер және «РосПил» деген жемқорлыққа қарсы сайтты құрушы ретінде таныс. Бұл сайтта билік басында отырған кей адамдардың табыс көзіне айналған тендерлер мен мемлекеттік сатып алу саласын әшкерелеген сарапшылардың, қарапайым азаматтардың ақпараты жинақталады.

Азаматтық белсенділердің айтуынша, осы сайттың арқасында екі жылдан сәл көп уақыт ішінде мемлекеттік сатып алулар бойынша 400-ден аса тапсырыс тексерілген.

Мәскеулік блогерлер «Ресейдің монополияға қарсы мекемелері «РосПилден» түскен 129 шағымды негізді деп танып, жалпы көлемі 60 миллиард рубльді (300 миллиард теңге) құрайтын тапсырыстар бойынша заң бұзушылықтың жолы кесілді» деп жазады.

2011 жылы бұл жоба халықаралық блогтар конкурсында «Қоғам үшін пайдалы ресурс» номинациясы бойынша марапатталды. Бұл награданың арқасында Алексей Навальныйдың қоғамдық қолдауға ие болып, ұлттық ауқымдағы оппозициялық саясаткер ретінде әрекет етуіне көмектесті.

ЛИФТІДЕГІ ҚОҚЫСПЕН КҮРЕСУГЕ БОЛА МА?

Алексей Навальный бастаған іске деген жұрт ықыласының нәтижесінде ол жемқорлықпен күрес қорын құрып, өзінің барлық жобаларын осы қорға біріктірді. 2012 жылдың аяғында іске қосылған екі жоба азаматтық белсенділікті өзекті әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмылдыруға бағытталды.

Коммуналдық қызмет орындарына арыз жазып, олардың жұмысына ықпал етуге көмектесетін «РосЖКХ» сайтында: «Біз ай сайын коммуналдық төлемдердің жартысына жуығын «Үйді ұстау мен жөндеу шығындары» үшін төлейміз. Бірақ қызмет көрсетуші компаниялар қол қусырып отырғаннан басқа ештеңе бітірмейді, атқарылған жұмыс туралы жалған актілер толтырып, біздің ақшамызды ұрлап
Қоқыс және қоқыс жәшігі. Көрнекі сурет.
Қоқыс және қоқыс жәшігі. Көрнекі сурет.
жатыр. Қоқысқа толы лас лифт – ұсақ-түйек нәрсе емес, әкімшілік құқық бұзушылық» деп жазылған.

Азаматтар заң бұзушылықтың түріне қарай сайтта орналасқан электронды бланкіні толтырып, өзінің аты-жөнін, мекенжайын және шағымның қысқаша мазмұнын жазады. Арыз-шағымдардың үлгілері пәтер, подъезд немесе тұтас үйге қатысты толып жатқан проблемалар бойынша әзірленген. Мысалы, су қысымының төмендегенде немесе қоқыс салғыш толып қалғанда шағымдануға болады.

Алексей Навальныйдың тағы бір жобасы «РосЕвроСуд» деп аталады. Ол құқығы бұзылған азаматтардың Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына шағымдануына тегін көмектеседі. Жоба сайтында көрсетілгендей, «Ресейге қатысты Еуропа сотына түсетін шағым-арыздардың 90 пайызға жуығы шағымданушылардың қате жіберуінен қабылданбайды». Жобада азаматтық құқықтардың бұзылғаны туралы шағым жазуға көмектесетін заңгерлер жұмыс істейді.

Сайт 2013 жылдың 15 қаңтарына дейін жұмыс істеген үш айға жуық уақыт ішінде Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына 25 шағым әзірленіп, жолданды. Олардың көбі жиын өткізу еркіндігі немесе өз пікірін ашық білдіру құқығын бұзушылықтарға қатысты. Соңғы істердің бірінде «полицейдің арандатуы бойынша сотталған» жеке кәсіпкердің құқығы бұзылғаны айтылған.

ҚАЗАҚСТАНҒА «НАВАЛЬНЫЙ» КЕРЕК ПЕ?

Қазақстандық блогерлер жақында «Көзқарасы мен беделі Алексей Навальныйға ұқсас жан интернеттің қазақ сегментінде де болуы тиіс» деген мәселе көтерді. Қаңтар айының аяғында Алматыда өткен блог-конференциялардың бірінде бұл мәселе жайында журналист Гүлнәр Бажкенова айтты.

Алексей Навальный Абай ескерткіші жанында сөйлеп тұр. Мәскеу. 8 мамыр 2012.
Алексей Навальный Абай ескерткіші жанында сөйлеп тұр. Мәскеу. 8 мамыр 2012.
«Сіз неге «РосПил» сияқты қазақстандық сайт ашып, жемқорлықпен күреспейсіз?» деген сұраққа Гүлнәр Бажкенова өз блогында:

– Меніңше, Навальный бұл шаруаны «атымды шығарайын» деп бастаған жоқ. Бұл – оның ішкі дүниесінен туған тілек. Журналист оқырман үшін маңызды жайттарды, ал блогер өзі қызық деп білген нәрсені жазады. Менде мемлекеттік тапсырыстар сайттарын ақтарып, тексеруге деген ынта жоқ, – деп жауап берді

Гүлнәр Бажкенованың пікірінше, Қазақстанға да Алексей Навальныйдың сайттары сияқты әлеуметтік проблемаларды көтеретін ресурстар қажет. Алайда оның кейбір қарсыластары «Бізге жетпегені сол еді. Қазақстанға Навальный керек емес» дейді.
XS
SM
MD
LG