Accessibility links

USCIRF: «Астана дін еркіндігін тарылта түсті»


Құрбан айт намазын оқып тұрған адамдар. Алматы, 26 қазан 2012 жыл
Құрбан айт намазын оқып тұрған адамдар. Алматы, 26 қазан 2012 жыл

АҚШ-тың халықаралық діни бостандық бойынша комиссиясы Қазақстандағы "репрессивтік заңдарды" сынайды. Ал Қазақстанның дін істері агенттігі "қоғамдық қауіпсіздікті қорғау" туралы уәж айтады.

Нұрым Тайбек – Қазақстанда ресми тіркеуден өте алмаған ахмадийлер мұсылман қауымдастығының өкілі.

Қазір Лондонда тұрып жатқан Тайбек Қазақстан билігі "қызметіне тыйым салғысы кеп отырған" діни ұйымдар арасында ахмадийлер қауымдастығы да барын айтады.

- Тіркеуден өту үшін барлық құжаттарды өткіздік. Бірақ тіркеуден өткізбеді. Айтқан себептері шындыққа сәйкес келмейді. Іс жүзінде Қазақстанда жұмыс жасамас үшін заң шеңберінен шығаруға тырысып жатыр. Тек бізді ғана емес, тіркеуден өте алмаған өзге де ұйымдарды да. Шешімді апелляцияға беріп қойдық. Күтіп отырмыз, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Ахмадийлер қауымдастығының өкілі Нұрым Тайбек. Алматы, 19 маусым, 2012 жыл
Ахмадийлер қауымдастығының өкілі Нұрым Тайбек. Алматы, 19 маусым, 2012 жыл

Қазақстанда "діни еркіндік аясы тарылып бара жатқанын" айтқан Нұрым Тайбектің ойынша, "кез-келген репрессияның түбі жақсылыққа соқтырмайды".

- Дін - шын мәнінде қоғам немесе мемлекеттік форманың қаншалықты өміршең екендігін көрсететін сан ғасырлық институт. Қоғам немесе мемлекетте ар-ұждан бостандығына құрметпен қараса, ол әрі қарай дамиды. Ал құрмет көрсетпесе - өз-өзіне ор қазғанмен тең, - дейді ол.

"РЕПРЕССИВТІК ЗАҢДАР"

АҚШ-тың халықаралық діни бостандық бойынша комиссиясы (USCIRF - ред.) биылғы есебінде Қазақстандағы діни еркіндік деңгейі «репрессивтік заңдар мен ар-ұжданды тұншықтыруға бағытталған саясат» салдарынан нашарлап кеткенін жазды.

«Президент Назарбаевтың «дәстүрлі» сенім түрлерін ел ішінде және елден тыс жерлерде қолдауға байланысты алған міндеттеріне қарамастан, ол дін еркіндігіне қарсы әрекеттер жасап келеді. Ереуілге шыққан 16 мұнайшының полиция қолынан қаза табуы сияқты Жаңаөзендегідей қоғамдық наразылықтарға қазақ үкіметі жойқын күш қолданды» деп жазылған баяндамада.

Құжатта көптеген халықаралық ұйымдардың сынына ұшыраған, 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңның елдегі діни бостандық аясын қатты тарылтып жібергені жазылған.

Осы заңның салдарынан елде қайта тіркеуден өтпеген ұйымдардың жұмысына қатаң тыйым салынып, ал тіркеуден өткендердің жұмысына тосқауыл көбейген.

Комиссия ережені бұзған діни ұйымдарға қолданылатын жаза күшейтіліп, тіпті жабуға дейін баратынын сынайды.

«Әрбір тіркелген діни ұйымның жарғысында ұйымның діни идеясы, жұмыс істеу барысы, неке мен отбасыға қатысты көзқарасы, оның басшысы мен мүшелерінің жеке деректері туралы ақпараттар болуы тиіс. Мұның салдарынан бұрын тіркелген діни ұйымдар бұл талапты орындай алмай, заңдық статусынан айырылды» деп көрсетілген.

Дін істері агенттігінің басшысы Қайрат Лама Шариф. Алматы, 4 наурыз, 2013 жыл
Дін істері агенттігінің басшысы Қайрат Лама Шариф. Алматы, 4 наурыз, 2013 жыл


Баяндама авторлары заңдағы «Діни ұйымдардың негізін қалаушылар Қазақстан азаматы болуы тиіс. Шетелден тағайындалған діни ұйымдардың жетекшілері дін істері агенттігінен алдын-ала рұқсат алуы керек» деген ережелерді діни ахуалды нашарлатқан қатал талаптар қатарына қосады.

Комиссия есебінде бұл заңнан бөлек өзге де заңдардың елдің ар-ұждан бостандығына теріс ықпал етіп отырғаны көрсетілген.

Атап айтқанда, «Қазақстанның әкімшілік кодексі бойынша, заңсыз кездесу ұйымдастырған немесе тіркелмеген ұйымның діни материалдарын таратқан, я болмаса рұқсатсыз діни нысан салған ұйымның жұмысы үш айға тоқтатылады. Жұмысы тоқтаған ұйымның медиа өкілдерімен байланыс орнатып, кездесуіне немесе қаржылық операциялар жасауына тыйым салынған. Егер діни ұйым заңсыз әрекеттерін тоқтатпаса, онда ұйымның жұмысына тыйым салынады» делінген.

Баяндамада «заңсыз әрекет» жасаған дін өкілдеріне 3-5 мың АҚШ доллары арасында айыппұл салынатыны да жазылған.

ЭКСТРЕМИЗМ ТУРАЛЫ ЗАҢ САЛДАРЫ

Комиссия есебінде бұдан бөлек "діни еркіндікті тарылта түсетін ережелердің" тамыз айында парламентте қаралуы мүмкін жаңа қылмыстық кодекс жобасында да бары айтылады.

Ресми статистика бойынша, қайта тіркеуден кейін діни ұйымдар саны 4551-ден 3088-ге дейін азайып қалған. Комиссия оларды қорғауға тырысқан азаматтық белсенділердің түрме жазасына кесілгенін жазады. Мысал ретінде 2012 жылы желтоқсан айында 12 жылға сотталған Вадим Курамшинді атап өтеді.

Баяндамада діни ұйымдардың жиі ордерсіз тексеріле беруі, діни әдебиет таратқаны үшін жазалануы сияқты қатаң шаралар көбейгені баяндалады.

Форум 18 және EurasiaNet сияқты сайттардың мәліметіне сүйенген комиссия көптеген фактілерді санамалап көрсеткен.

«Баптист Василий Стахневты полиция ұстап, діни әдебиеттер таратқаны үшін айыппұл салды. Саентология шіркеуінің екі мүшесі жарғысында көрсетілмеген діни әрекеттері үшін кінәлі деп табылды және полиция шіркеудің меншіктерін тексерді» деп сипатталған.

Бұдан бөлек, Қазақстанның 2005 жылы қабылданған экстремизм туралы заңының да бұлыңғыр тұстары үкіметке діни ұйымдарды қысымға алу мүмкіндіктерін кеңейтіп отырғаны жазылған.

«Діни және өзге де ұйымдарға қатысты Қазақстанның 2005 жылғы экстремизм туралы заңында "экстремизм" ұғымына оның қолданылу немесе қатыгездікті насихаттау тұрғысынан анықтама берілмеген және ол ұйымдарды экстремистік деп танып, оған тыйым салу және тыйым салынған ұйымның мүшелерін қылмысқа тарту бойынша үкіметтің мүмкіндіктерін кеңейте түседі» делінген.

Баяндама авторлары 2011 жылдың соңында Алматыда діни экстремизм бойынша айыпталып, 3-14 жыл аралығында сотталған сопылық ілім мүшелерін атап өтеді.
14 жылға сотталған сопылық ілім жетекшісі Исматулла Әбдіғапар. Алматы, 19 қазан, 2011 жыл
14 жылға сотталған сопылық ілім жетекшісі Исматулла Әбдіғапар. Алматы, 19 қазан, 2011 жыл


АЛАЛАУ

Комиссия заң бойынша елде «барлық діндер статусы тең саналғанмен» жаңа заңның кіріспесінде «ханафиттік ислам мен ортодокстық христиан дінінің ұлт мәдениеті мен рухани өмірінде тарихи рөлі зор» деп жазылуын да кемшілік ретінде көрсетеді.

«Қазақ үкіметі кейбір діни қауымдастықтарға, әсіресе протестанттық топтарға қарсы шығып, діни төзімсіздікті насихаттайтын «антисекталық орталықтарды» қолдайды. Үкімет және билік партиясы бұл топтарды «дәстүрлі емес», «деструктивті», «қауіпті секталар» деп көпке жария түрде жамандап, «дәстүрлі» діндерді мадақтайды» делінген.

Баяндама авторлары мемлекет қолдайтын діни басқармалардың ықпалының күшейгенін жазады: «Мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ - ред.) қазақ үкіметімен тығыз байланыста және үкімет мешіттердің салынуы, әкімшілік емтихандар мен имамдыққа үміткерлердің жеке деректерін тексеру және қажылық сапарға аттануы сияқты істерге зор ықпал жасайды».

Комиссия Қазақстан билігінің БҰҰ-ның қысымға қарсы конвенциясын бұзып, өз елінде діни себептермен айыпталған 29 өзбек босқынын Өзбекстанның құқық қорғау органдарына тапсыруын да сынға алады.

Өзбек босқындары қамаудағы күйеулерімен кездесуге рұқсат сұрап тұр. Алматы, 9 маусым 2011 жыл.
Өзбек босқындары қамаудағы күйеулерімен кездесуге рұқсат сұрап тұр. Алматы, 9 маусым 2011 жыл.

Баяндама авторлары Қазақстан билігінің тек бір әрекетін құптаған. Бұл - Өзбекстанда діни себеппен қуғындалған өзбек пасторы Мақсат Жаббарбергеновтің 2012 жылы желтоқсан айында Алматыда босатылып, үшінші елге (Германияға) жіберілуі.

АҚШ-тың халықаралық діни бостандық бойынша комиссиясының баяндамасы бойынша, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан әлемдегі діни бостандық ең қатты шектелетін елдер санатына кірген. Қазақстан бұдан кейінгі екінші топқа қосылған.

2011 жылдың қазанында президент Нұрсұлтан Назарбаев «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға қол қойған еді. Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф бұл заң "дін саласын құқықтық реттеуді жөнге келтіруге мүмкіндік берді" деп мәлімдеген. Заңға сәйкес Қазақстандағы барлық діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтуге міндеттелген еді. Тіркеуден өте алмаған ұйымдар сот шешімен жабылған. Мұның себебін дін істері агенттігінің төрағасы "қоғамдық қауіпсіздікке төнетін жаңа қатерге қарсы әрекет ету тетіктерін нығайту" деп түсіндірген.

"Өз дәстүрлері мен құндылықтары бар этностық және конфессиялық топтардың әралуандығы, Қазақстанның геосаяси тұрғысынан қолайлы жерде орналасуы қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен жан саулығына төнетін қатерлерге қарсы әрекет етудің тетіктерін жасап шығаруды және нығайтуды талап етті. Сондықтан жаңа заңның діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу туралы ережесі осы саланы дұрыс реттеудің қажетті тетігі болып табылады" деді Қайрат Лама Шариф соңғы мәлімдемелерінің бірінде.

Қазақстандық бірқатар құқық қорғаушылар дін істері агенттігін "қоғамдық қауіпсіздік" пен "дәстүрлі діндерге баса назар аудару" деген тұжырымдарды желеу етіп діни наным-сенім бостандығының аясын тарылтып отыр деп сынап келеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG