Accessibility links

Польша прокуроры Кетебаевты босатты


Мұратбек Кетебаев. (Сурет "Otwarty Dialog" ("Ашық диалог") қорының Facebook парақшасынан алынды)
Мұратбек Кетебаев. (Сурет "Otwarty Dialog" ("Ашық диалог") қорының Facebook парақшасынан алынды)

Польшада Қазақстанның сұратуы бойынша тұтқындалған оппозиция белсендісі Мұратбек Кетебаев 13 маусымда қамаудан босап шықты. Азаттық Кетебаевтан және Люблин прокурорынан мән-жайды білді.

Маусымның 13-і күні Мұратбек Кетебаев Польшаның Люблин қаласының прокуратурасының тергеу сұрақтарына жауап берді. Тергеуден кейін Люблин қаласының округтік прокуроры Агнешка Кемпка Азаттық тілшісіне сұхбат беріп:

- Ол қазір бостандыққа шықты. Тергеуді аяқтап, оны босаттық. Қазақстаннан қосымша құжаттар күтеміз. Қазақстанға оны беру-бермеу мәселесін құжаттар келген соң қарастырамыз. Оны біз ешқандай міндетсіз босаттық. Өйткені тағылған айыптардың саяси астары бар деп санаймыз. Оны ол айыптармен қамаудың реті жоқ. Себебі Қазақстаннан келген құжаттарда оған саяси айыптар тағылған. Оны беруден бас тартуымыздың себебі - осы, - дейді.

Мұратбек Кетебаев Азаттық тілшісіне польшалық прокуратураның өзінің үстінен қозғалған іс бойынша алдын-ала сұрау алғанын айтты. Оның сөзінше, өзін экстрадициялау туралы түпкілікті шешімді жергілікті сот қабылдайды.

- Мені босатқан себебі - Польша сұратқан құжаттар Қазақстаннан түгел келмеген және менің бұл елде заңды түрде тұрып жатқанымды анықтады. Бірақ Қазақстанның талап-тілектері бар. Қазақстан мені экстрадициялау туралы сұрауына негіз болатындай құжаттар жіберуі тиіс. Сол кезде сот болады. Экстрадициялау мәселесін сот шешеді, - деді Азаттыққа Мұратбек Кетебаев.

Ол Польшаның Люблин қаласында 2011 жылдан бері тұрып жатыр.

Кетебаевтың сөзінше, жергілікті полиция ұстаған кезде оған Интерполдың польшалық бюросы іздеу жариялағанын айтқан.

"МҰНЫ БІЗДЕ САЯСИ АЙЫП ТАҒУ ДЕП ЕСЕПТЕЙДІ"

Мұратбек Кетебаевтың адвокатының және Польшадағы "Open dialogue" ұйымының өкілі Магда Рапинчуктың Азаттыққа айтуынша, Кетебаев "Қазақстанның сұратуы бойынша" маусымның 12-сі күні қамалған.

Рапинчуктың сөзінше, Люблин қаласының прокуроры Агнешка Кемпка "Кетебаевқа Қазақстанның конституциялық құрылымын құлатуды көздеген ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болды деген айып тағылған" деп хабарлаған. Кемпка тұтқындау туралы өтініштің Интерполдан да түскенін айтқан.

- Заңгерлер тағылған айыпты күлкілі санайды. Польшаның қылмыстық кодексінде ондай бап жоқ. Оны бізде саяси айып тағу деп есептейді. Польшада Қазақстан азаматы Мейірман Шәуеновке қатысты да тура осындай оқиға болған. Оны ақыры босатқан. Польшадан саяси баспана алып, ол қазір осында тұрып жатыр, - деген еді Магда Рапинчук маусымның 12-і күні Азаттық тілшісіне.

Бақытжан Кетебаев. Прага, 7 қазан 2009 жыл.
Бақытжан Кетебаев. Прага, 7 қазан 2009 жыл.
Ал Мұратбек Кетебаевтың туысы, жабылып қалған оппозициялық "К-плюс" телеарнасының басшысы болған Бақытжан Кетебаев:

- Оның бостандыққа шығуына Польшада демократиялық заңдардың жұмыс істейтіні көмектесті. Журналистердің де, жақтастарының да қолдауы әсер етті, - деді Азаттық тілшісіне.


ЕКІ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Мұратбек Кетебаев - қуғындағы қазақстандық банкир, оппозициялық саясаткер, Назарбаевты сынап келе жатқан Мұхтар Әблязовтың жақын серіктерінің бірі. Ол соңғы жылдары Польшада тұрған және осы елде тұрақты түрде тіркелген.

Қазақстанның жергілікті ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, Мұратбек Кетебаевқа қарсы да қылмыстық істер қозғалған. Біреуі - 2011 жылы желтоқсан айында болған Жаңаөзен оқиғасына қатысты іс, екіншісі - Алматыда 2012 жылы "террор ұйымдастырмақ болды" деген айыппен қозғалған іс.

2012 жылы қараша айында «әлеуметтік алауыздықты қоздырды, конституциялық құрылысты құлатуға шақырды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыптармен 7 жарым жылға түрмеге қамалған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың сотында Мұхтар Әблязов пен Мұратбек Кетебаевтың тіркелмеген "Алға" партиясының жоспарларын Skype арқылы талқылағанын прокурорлар сотқа тыңдатқан еді. Сотта Владимир Козлов Мұратбек Кетебаевты өзінің «идеологиялық кеңесшісі» деп атаған аудиожазба да тыңдалған.

Қуғындағы саясаткер Мұхтар Әблязов.
Қуғындағы саясаткер Мұхтар Әблязов.
Ал 2012 жылы наурыз айында Мұратбек Кетебаевқа қарсы қозғалған екінші іс бойынша Қазақстан бас прокуратурасы "Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда жасалмақ болған терактілердің алдын алғанын, жоспарланған терактілерді Мұхтар Әблязовтың серіктері жасамақ болғанын" мәлімдеді.

Прокуратура мәліметі бойынша, "Терактілерді БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың жеке күзетін басқаратын Александр Павлов пен Мұратбек Кетебаевпен бірлесе дайындаған".

Биыл амырдың 29-ына қараған түні Италия астанасы Рим қаласында Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен 6 жасар қызы Алуа Әблязова тұтқындалып, Қазақстанға жеткізілген еді. Шалабаеваға "Италия аумағында жалған құжатпен жүрді және Қазақстанда жалған төлқұжат жасау үшін пара берді" деген айыптар тағылды.

Мұхтар Әблязов 2009 жылы Қазақстаннан шығып кетіп, саяси баспана берген Ұлыбританияға қоныстанды. Қазақстан үкіметі оны 5 миллиардтай доллар жымқырды деп сотқа жүгінді. 2012 жылы Лондон соты Әблязовты "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бұл істің саяси астары бар деп санайды. Қазір оның қайда екені белгісіз.
XS
SM
MD
LG