Accessibility links

«Балаларды ұстау операциясына» әлеумет наразы болды


Астанадағы қарсылық
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:28 0:00
Жүктеп алу

ВИДЕО: Полиция наразы тұрғындарды балаларымен қоса автобусқа күштеп мінгізіп жатыр. Астана, 6 наурыз 2014 жыл.

Жас балаларымен бірге наразылық акциясына шыққан Астанадағы «Махаббат» кешені тұрғындарын ОМОН-ның күшпен таратқаны туралы видеосюжет әлеуметтік желіде наразы пікірлер тудырды.

Интернетте тараған видеода өздерін жергілікті билік «Махаббат» тұрғын үй кешенінен заңсыз шығарып жатыр» деп санайтын 30-дан астам адамның кеше, наурыздың 6-сы күні Астанадағы медиаорталық ғимаратына келе жатқаны көрсетілген. Олар Азаттық тілшісіне мемлекеттік ақпарат құралдары орналасқан кеңсе алдында наразылық өткізу арқылы мәселелеріне қоғам назарын аударуды көздегенін айтты.

«КҮШТЕУ»

Медиаорталық жанынан балалы әйелдермен ілесе келген құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларды автобусқа дереу күштеп салып, Есіл аудандық ішкі істер бөліміне әкеткен. Күштеп салу кезі түсірілген видеосюжетте жас балалар мен сәбилердің жылағаны естіліп, әйелдердің ОМОН жасақтарынан балаларын қорғағаны көрінеді.

Наразылық шарасына қатысушылардың бірі Салтанат Шиязованың Азаттыққа айтуына қарағанда қарсылық білдірушілерді автобусқа күштеп салып жатқанда кей балалар құлап, аяқ астында қалған. Есіл аудандық ішкі істер бөліміне әкетілгендердің арасынан балалы бес әйел «кәмелетке толмағандарды әкімшілік құқық бұзушылыққа тартқаны үшін» әкімшілік сотқа шақырылып, іс қаралғанға дейін босатылған.

Наразылық білдірушілердің сөзіне қарағанда, олар 2009 жылы аталған тұрғын-үй кешенінен жалға 49 жылға пәтер алған. Алайда жаңадан пайда болған тұрғын үй кешенінің иесі бұрынғы келісімді мойындамай, пәтерлерінен шығуды талап еткен. Жалға беру туралы келісімді сот та заңсыз деп таныған.

«ҚИСЫН ҚАЙДА?»

Әлеуметтік желілерде жиі талқыланған «балалы әйелдерді ұстау операциясы» жұртшылықтың ашу-ызасын тудырғаны байқалды. Пікір жазушылардың кейбірі ОМОН қызметкерлерін, кейбірі оларға бұйрық беретін лауазымды қызметкерлерді айыптады. Арасында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовті кінәлаушылар да табылды.

Facebook әлеуметтік желісін қолданушы телепродюсер Серік Абас-шах «Қатын-
Полиция шеруге шыққан адамдарды әкетіп барады. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Полиция шеруге шыққан адамдарды әкетіп барады. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
қалаштан қорықпайтын «қаһармандар» сиқы осындай... Не деген «жүрек жұтқандық» бұл өзi? Мұндай «қораздарды» кімдер басқарушы еді?» деп жазады.

Осыған дейінгі наразылық акцияларын тарату кезінде қазақстандық ОМОН қызметкерлерінің автобусқа сүйреп салуға машықтанғанын меңзеген жұртшылықтың бірі – Facebook қолданушысы Уркен Алипбаева. Ол: «Бұлар солдаттар. Тек жоғарыдағы бұйрыққа бағынады. Ал мына кішкентей балалар мен әйел-аналарды қақаған аязда көз жастарын төккізіп қойған жүрексіздер кімнің бұйрығын орындап отыр? Халықтың ашынған дауысын естімей отырған қандай Отан болды екен?» деген сауал тастаған.

Әлеуметтік желілердегі кей пікірлер «күштеп таратқанша наразылық акциясын өткізушілермен шенеуніктер неге кездеспейді, неге түсіндірмейді» деген ойға саяды. Facebook қолданушысы Асель Аскарова «тым болмаса наразылыққа шыққандарды сырттай қоршап тұрса да жеткілікті емес пе» десе, Айгүл Орынбек есімді қолданушы «Елде болып жатқан митингілерге, ел алдына шығып неге бір басшы, депутаттар жауап бермейді? Әлде бүкіл халықтың көтерілгенін күтіп отыр ма?» деп жазады.
Балалар қолына жалау ұстап Елбасын күтіп тұрса ештеңе емес те, өз үйлерін қорғаса заңсыз болады екен. Қисын қайда?
Нургали Галиев.

Ал Нургали Галиев есімді қолданушы: «Балалар қолына жалау ұстап Елбасын күтіп тұрса ештеңе емес те, өз үйлерін қорғаса заңсыз болады екен. Қисын қайда?» деп сауал қояды.

Әлеуметтік желіде «ата-аналар балаларын мұндай іске араластырмағаны дұрыс еді» деген де пікірлер айтылды, бірақ олар да құқық қорғау органдарының әрекетін қолдамады.

Өзін адвокат ретінде таныстырған қолданушы Радим Қадемұлы сот шешімі шықпай тұрып наразылық білдіргендерді күштеп әкеткен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекеті де, кәмелетке толмаған балаларды өз мәселесін шешуге аралыстырған әйелдердің ісі де – заңсыз» деп санайды.

«ҮНДЕУ ХАТТАР»

Кешеден бері әлеуметтік желілерде «балаларға қарсы бұрын-соңды болмаған әрекетке барған құқық қорғау қызметкерлеріне қарсы» митингіге шақырған үндеулер пайда бола бастаған еді. Осындай оқиға болған кезде әйелдердің 8 наурыз мерекесін тойлауға моральдық құқығы жоқ екені туралы пікір айтып, жаппай митингіге шығуға шақырғандар да кездесті.

Әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарағанда кейбір белсенді әйелдер 8 наурыз әйелдер мерекесін атап өтуден де бас тартқан. Соның бірі Елена Ахметова «құқық қорғау органдарының балаларға жасаған әрекетіне қарсы 8 наурыз күні ескі алаңға митингіге шақырушыларды қолдап, шындап күресу қажет» деп санайды.

Ал бүгін әлеуметтік желілерде үкімет мүшелері мен Астана қаласының әкіміне және балалар құқығын қорғайтын мемлекеттік ұйымдардың басшыларына арналған ашық хатқа қол қою басталды. Ашық хатта «Махаббат» тұрғын үй кешенінен шығарылатын тұрғындардың мәселесін қарайтын комиссия құру, зардап шеккен отбасыларға психологиялық көмек беру, балаларды күштеп ұстап, қатыгездік көрсету жөнінде шешім қабылдағандарды анықтау туралы айтылған.

Астана әкімдігі мен полициясы әлеуметтік желідегі мұндай белсенділікке қатысты ешқандай реакция білдірген жоқ.
XS
SM
MD
LG