Accessibility links

«Травматикалық қаруға» тыйымның дауы


Травматикалық тапанша (ортада). (Көрнекі сурет)

Травматикалық тапанша (ортада). (Көрнекі сурет)

Қазақстанның травматикалық қарудан бас тартуға қатысты ресми науқанынан не шықты?

2015 жылы Қазақстанда травматикалық қаруы бар 38 мың адам тіркелген. Билік науқан кезінде 20 мыңнан аса қаруды қайта сатып алды, ал қалғаны әлі иелерінің қолында.

Травматикалық қаруды халықтан қайта сатып алу науқаны бас прокуратураның «қарудың бұл түрін қолдану арқылы жасалатын қылмыс көбейіп кетті» деген уәжі негізінде басталған болатын.

Жергілікті БАҚ материалдары мен әлеуметтік желі пайдаланушыларының пікірінше «жаралағыш тапанша» иелері қаруын өткізуге қарсы болмаған, ал өткізбегендерді 2016 жылдан бастап криминалдық есепке қойған.

Қазақстанда азаматтық тұлғаларға травматикалық қару сатып алу мен пайдалану тыйымы 2015 жылдың басында салынды. Жаппай «қарусыздандыруға» мемлекеттік бюджеттен екі миллиард теңге бөлінді. Мемлекет халықтан тапаншаларды 30 мыңнан 150 мың теңгеге дейін сыйақы төлеп сатып алған. Тыйым салынған қаруды өткізбегендерді қаруға берілген рұқсат құжаттарының бар-жоғына қарамастан қылмыстық жауапқа тарта бастады. Билік қорғану үшін газ тапаншасы мен электр шокерлерді ғана қалдырды.

Әлгі қаулы шыққаннан кейін қазақстандықтардың пікірі екі жарылды: біреулер «мұндай қару өзіңді қорғауға керек» десе, енді біреулер «үйде травматикалық қару ұстау қауіпті» деп есептейді.

Азаттық тілшісі халықтан қанша қару қайта сатып алынғанын және бұл шара қылмыс деңгейін азайтты ма анықтап көрді.

БАҚЫЛАУ ОРНЫНА ТЫЙЫМ

Қазақстанның қару-жарақ қауымдастығы азаматтардың қолындағы травматикалық қаруды сатып алу туралы қаулы шыққаннан кейін мемлекетті сынға алды.

Қауымдастық өкілдерінің пікірінше, травматикалық қаруға тыйым салу елдегі қылмыстық ахуалды ушықтырып жіберуі мүмкін. Қауымдастық өкілдерінің дерегінше,травматикалық қару арқылы жасалған қылмыстардың 90 пайызы тіркелмеген «тапаншамен» жасалған. Қауымдастық ІІМ-нің халықтан травматикалық қаруды қайтарып алу акциясы заңға бағынатын азаматтарды ғана қарусыздандырады, ал қылмыскерлер қаруды өз еркімен өткізе қоюы екіталай деп санайды. Қару-жарақ қауымдастығы өкілдері «травматиканы» ұстауға рұқсат етілетін жас шамасына шектеу енгізуді ұсынады.

- Біз көп ештеңе өзгеріп кеткен жоқ деп санаймыз. Тіркелген травматикалық қарумен жасалған қылмыс жалпы қылмыс санының 0,1 пайызын құрайды. Қарудың бұл түрін қайта сатып алуға бөлінген миллиардтаған теңге қылмыс деңгейін осынша пайызға ғана азайту үшін жұмсалған ба, сонда? – дейді «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығы вице-президенті Сергей Катнов.

Қауымдастық өкілінің айтуынша, травматикалық қаруға мүлде тыйым салу дұрыс емес. Катновтың пікірінше, қару сатып алуға рұқсат беруді бақылауды реттеу керек еді.

Қару-жарақ дүкенінің витринасы. (Көрнекі сурет)

Қару-жарақ дүкенінің витринасы. (Көрнекі сурет)

2007 жылға дейін травматикалық қару тіркеусіз сатылғандықтан, қазір олардың бір бөлігі әлі жұрттың қолында әрі олардың көбінің қайда және қалай қолданылып жатқаны белгісіз. Катнов «травматиканың» сатылмаған (және тіркелмеген) бөлігі жұрт қолында жүр деп болжайды.

- Кримонологияның бұлжымас қағидаларының бірі- егер қару айналымнан алынса, азаматтар оны алмастыратын монтировка, пышақ сияқты заттар іздей бастайды. Травматикалық қару адамға өз-өзін қорғау үшін керек. Заңға бағынатын азаматтарды мұндай мүмкіндіктен айырды, соның кесірінен «травматиканы» заңсыз қолдану жиіледі,- дейді Сергей Катнов.

Қауымдастық вице-президенті «халықты қарусыздандыру» акциясынан кімнің ұтып, кімнің ұтылғанын айтып, біреуді айыптаудан аулақ. Катнов «билік осылай істеген дұрыс деп шешті, ал қазақстандықтар - заңға бағынатын халық, сондықтан бұл мәселе қозғалған кездегі есеп бойынша, жасалған 750 қылмыстың бес пайызы ғана тіркелген қару арқылы жасалғанымен, «тапанша» иелерінің жартысынан көбі қолындағы қаруды өткізді» дейді.

Қару-жарақ қауымдастығы өкілі бөлінген ақшаның «қарусыздандыру» науқанына емес, Қазақстанда қазірге дейін жоқ гильзотека (қаруды орынсыз қолданған адамды гильза арқылы тауып алуға мүмкіндік беретін картотека) құрастыруға жұмсалғаны дұрыс болар еді деп санайды.

- Қаруды астыртын сататыны қара базар жайлы ештеңе айта алмаймын, бірақ жұрт қазір кей қару түрлерін қайта құрастырып, ал патрондарды Ресейден шағын партиялармен әкеліп жатыр деген хабар тараған, - дейді Сергей Катнов.

ЖОҒАЛҒАН 43 ТАПАНША

Алматы қаласы дүкендерінен қалаған қаруыңды – аңшылық және спорттық мақсаттағы қарудан бастап тегіс ұңғылы қаруға дейін табуға болады. Травматикалық тапаншалар да бар. Бірақ оларды сатып алу оңай емес.

- Травматикалық қаруды күзетпен айналысу үшін заңды тұлғаларға ғана пайдалануға рұқсат беріледі. Заң бойынша, жұрт қаруды сейфте ұстауы тиіс, бірақ оны сейфтен алып шыққанша небір жағдай болып кетуі мүмкін ғой. Травматикалық қаруды сатуға девальвацияға дейін тыйым салған, сондықтан біздің бизнесімізге ешқандай зиян келген жоқ, - дейді Kamerad дүкені сатушысы Елизавета М.

Былтыр Алматы облысында тұрғындардан241 миллион теңгенің 44 мың 652 травматикалық қаруы қайта сатып алынған.

Ішкі істер министрлігіне қарасты азаматтық-қызметтік қару-жарақты бақылау бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Хасен Ақбасов Азаттыққа

- Қаруын жоғалтып алған азаматтар криминалдық есепке қойылды. Қазір 43 травматикалық қару әлі табылған жоқ, иелері іздестіріліп жатыр, олардың жоғалып кету себебі тұрғылықты мекенжайын ауыстыруға байланысты, - дейді.

Бөлімше бастығының айтуынша, Алматы облысында травматикалық қаруды қолдану арқылы жасалатын қылмыс саны азайып, былтыр 16 қылмыстың сегізі травматикалық қару қолдану арқылы жасалса, биыл мұндай жалғыз оқиға ғана тіркелген.

Хасен Ақбасовтың мәлімдеуінше, депутаттар халықтан қайта сатып алынған қаруды жергілікті полицейлерге беруді көздейтін заңды қарап жатыр. Оларға «травматиканы» таратып беріп, жанында алып жүруге және үйінде сақтауға рұқсат етіледі деп болжанады. Ақбасовтың айтуынша, қайта сатып алынған қарулар әзірше қоймаларда жатыр.

Полиция подполковнигі «Тіркелген қылмыстардың қаншасы травматикалық қаруды қолдану арқылы жасалған?» деген сұраққа «оны білу үшін талдау жүргізу керек» деумен шектелді.

- Кафе, мейрамаханаларда «травматика» арқылы жасалатын қылмыстар жиілеп барады. Жұрт бір-біріне жақыннан оқ атып, мүгедек болып қалады, - деп түсіндіреді Хасен Ақбасов науқанға түрткі болған жайттарды.

Сатушы қолындағы электр шокері. (Көрнекі сурет)

Сатушы қолындағы электр шокері. (Көрнекі сурет)

Құзырлы орган өкілінің пікірінше, қазақстандықтар травматиканы үйінде сақтауға әлі әзір емес, өйткені қаруды арнайы кейсте ұстамайды, кәмелетке толмағандарға беріп қояды, мұндай қару жиі ұрланады. Ақбасовтың айтуынша, қазіргі кезде қаруды (аңшылық) сақтауға салдыр-салақ қарайтын жауапсыз адамдарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Оның айтуынша, Қазақстанда «травматиканы» астыртын сататын қара базар жоқ, ал газ тапаншасы мен электр шокерін жаппай сатып алу байқалмайды.

Facebook әлеуметтік желісін пайдаланушы Әлиякбар Әлімбеков парақшасында «Жоба «Қаруды ерікті түрде өткізу» деп аталғанымен, бұл халықтың қолындағы қаруды тартып алу. Кейзінде Макиавелли «Егер мемлекет қару ұстауға тыйым салып, жұртты қарусыздандырса, демек өз халқынан қорыққаны және сенбегені» деген. Ал мемлекеттің өз халқынан қорқуы дұрыс емес» деп жазды.

Экс-шенеунік Марат С. науқанға бөлінген ақша құқық қорғау органдарының пасық қызметкерлерінің қалтасына түсті, науқаннан бұдан басқа «пайда» болған жоқ деп санайды.

- Бұл акция өткіздік деген аты ғана. Травматикалық қаруға тыйым салынса да, салынбаса да, қылмыс бұрынғысынша жасала береді. Кез келген қылмысты жасауға болатын өзге қару түрлері толып жатыр, «жаралаушы тапаншаға» тыйым салғаннан қылмыс азайған жоқ, - дейді биліктің бұрынғы өкілі Марат С.

Құзырлы органдардың дерегінше, Қазақстанда атыс қаруын қолдану арқылы жылына 450-ге жуық қылмыс жасалады. Қазақстанда кейінгі үш жылда «травматиканы» қолдану арқылы 200 қылмыс жасалған.

ІІМ елде халықтан қайта сатып алынған «жаралаушы тапаншалардың» нақты саны туралы Азаттыққа комментарий беруден бас тартты. Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметі жетекшісі жұмыс орнында болмай шықты, ал баспасөз қызметі өкілдері басшының пәрменінсіз әлдебір комментарий беруден тас тартты.Ішкі істер министрлігі заңсыз қару сату статистикасын жүргізбейді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG