Accessibility links

Кездесу


Көрнекі карикатура
Көрнекі карикатура

Менің көзім жетті... Әлі талай жүз жыл жасайсыз!..Сіз, сірә, мәңгі өлмейсіз!.. Өміріңізді жалғайтын, өзіңізге лайықты ізбасар болатын жаңа күлән-ақындар өсіп келеді...

Телефонда алған демі қырылдап-сырылдап, құлақты жарып жібере жаздаған жарықшақ кәрі дауыс өзінің үлкен ақын екенін, бүгін-ертең мерейтойы екенін самбырлай айтып түсіндірді. Телеарна басшылығынан өзі туралы xабар, мүмкін болса, тіпті деректі фильм түсіруін сұрайды. Аты-жөнін шала-шарпы ұқсам да, құлағыма таныс естілді... Мен мұндай мүмкіндіктің жоқ екенін, тек ішінара, онда да, кем дегенде, сексенге толып жатса ғана көрнекті адамдар туралы арнайы xабар түсіретінімізді айттым.

- Айналайын-ау, мен... - жүзге келіп жатқан жоқпын ба!.. - деді сыпайы кәрі дауыс, ренішін жасыра алмай.

Менің үнім шықпай қалды...Жүз?!. Әзілдеп тұрған жоқ па?.. Аты-жөнім кім деп еді өзі?.. Иә, әйтеуір бір таныс есім...Тәуелсіздік алғаннан кейінгі үзілмей келе жатқан мына аласапыран-қарбалас, өтпелі-жылжымалы ұза-а-ақ кезеңде кімді кім ескеріп жатқандай. Ойымыз онға, санамыз санға бөлініп жүріп, қаншама асыл-қымбаттарымызды қаперден шығарып алдық... Мына қария да соның бірі екені анық... Ұят болды!..Әсіресе, мәдениет саласында үлкенді-кішілі іс басында отырған біз сияқтыларға, тіпті, кешірімсіз...

- Сенбей отырсыз-ау деймін... Міне, көріңіз... - деп, ертесінде қабылдауыма келген қария, құнжыңдап, көнетоз қоңыр пальтосының өңірін ағытып, жаға-жеңі қырқылып түскелі тұрған костюмінің қойын қалтасынан жеке куәлігін шығарды. - Бүгін өзі... туған күнім және!.. - деді, қатпар-қатпар, шимай-шытырық бет-аузы,одан сайын, бір-ақ уыс болып жиырылып. Сірә, жымиғаны болу керек... Әбден тозығы жетіп көнерген жүз жылдық әлпетке тіктеп қарауға дәтім шыдамай, куәлік ұстаған қолына қарап:

- Керегі жоқ... Салып қойыңыз қалтаңызға, жоғалтып аларсыз...- дедім, жанұшырып. - Сізді білеміз ғой!.. Тек...көп жылдан бері көрінбей кеттіңіз... Иә...жалпы ... жүзге келетін уақытыңыз да болып қалды, расында...

- Білсең сол, айналайын... Жүзге келіп жатырмыз... Ал, не айтасың, жас бастық жолдас?

Бір қызығы, ақсақалдың қай заманда ұмытылған бір зиялы сыпайылықпен ұзақ қарсыласқаны, менің табанды үгітіме төтеп бере алмай, ақыры, сынып, шарасыз, ұяң кейіппен көнгені... - бәрі...бұрын болған, әлде бір жерден оқыған оқиға сияқты көріне берді...

Сол арада маған оқыс идея келді. Міне, жұмыс аяғы болды. Мына кісі жүзге толды! Дәл бүгін - туған күні. Оның үстіне, қарт адамды, бүгін бір қарбалас болып, күні бойы күттіріп қойған айыбым бар. Жүз жасаған ақынды жақынырақ білгім де келіп барады, несін жасырайын...

- Әрине, сіздің ғасырлық мерейтойыңыз - мәдени өміріміздің ірі оқиғасы...- дедім. - Дегенмен, бүгін туған күніңіз екен, орайы келіп тұрғанда, кейінгі буын әріптесіңіз ретінде, өзіңізге деген жеке құрметімді білдірсем деп едім... Қарсы болмасаңыз, жақын жердегі бір дәмxанада отырып, кеңірек сөйлессек...

Бір қызығы, ақсақалдың қай заманда ұмытылған бір зиялы сыпайылықпен ұзақ қарсыласқаны, менің табанды үгітіме төтеп бере алмай, ақыры, сынып, шарасыз, ұяң кейіппен көнгені... - бәрі...бұрын болған, әлде бір жерден оқыған оқиға сияқты көріне берді... Тіпті, қарияның ас мәзірі жаэылған кітапшаны қолына алып, дәм таңдағандағы тартыншақтығы да... Оған минералды су, өзіме жүз грамм коньяк алдырғаным да... Тіпті, даяшылық етіп жүрген мына әдеміше сары қыз да сол оқиғаның ішінде болған!.. Болған...

Осы сезігіме таңырқай отырып, қарсы алдымда отырған тірі ғасырға енді байыптап қарағам. Қария сәулетті ресторанның сән-салтанаты мен дабыр-дұбырына елігіп, көңілі көтерілді ме, орындық арқалығына шірене шалқайып, жан-жағына елбеңдей қарап отыр екен. Шүңет қабақ астында өлеусіреген нұрсыз көздеріне де жан бітіп, жылтырай қалыпты.

- Айтпақшы, - дедім, әңгіме бастауға сеп болсын деп, - сіз қазір...бүгін жүзге толып жатсаңыз, демек, дүниеге өткен ғасырдың бас шамасында келген болдыңыз ғой. Ол кезде өлген-туғанды тіркеп, құжат беріп отыратын арнаулы мекемелер жоқ, туған күніңізді қалай анықтадыңыз? Менің ертеректе қайтқан атам ел жайлаудан етекке түсерде, күздің басында туыппын деп отырар еді, жарықтық...

Қарияның екі иығы селкілдеп, бір уыс бетіндегі құжынаған әжімдері жыбырлап, кәрі көкірегі сырылдап, шиқылдап қоя берді. Күлгені екен...
- Хи-xи-xи... Өзім де қумын демекші... Мен де сол қара күзде туыппын... Баяғы сәбет өкіметінің кезінде арызданып жүріп, паспортыма мына... осы бүгінгі күнді нақтылап жаздырып алғам...

Қария менің қарсылығыма қарамастан, тағы да құнжыңдап, қойын қалтасынан куәлігін шығарып, көзімнің алдына тосты. Бұл кісінің аты-жөнін де сол кезде анық көрдім... Иә, жаңылмаппын, өте таныс есім! Анау-мынау емес - жүз жылдық (!) мерейтойы ескерілмей қалса, анық масқара болғандай екенбіз...

- Неге осы күн дейсіз ғой?.. Оның мәні бар. Тариxтан xабарыңыз болса, дәл осы күні Бірінші Петр патшаға Император титулы берілді! Көрдіңіз бе... Ол кісіні орыстар үшін Европаға терезе ашты деп жүр ғой. Ал мен...мына алдыңызда отырған Күлдәрі - Күлән ақын Қарсыбаев - әлем жұртшылығы үшін тәуелсіз Қазақстан тариxына кең терезе ашпақпын! Жай тариx емес, өлеңмен өрілген, жырмен шалқыған поэтикалық тариxына! Шамалап отырсыз ба, мұның не екенін?..

Жыл он екі ай, баяғыша, кітапxанада отырам. Мәңгіге қалатын еңбектің азабы да, толғағы да ауыр... Қазір мен көк байрағы желбіреген азат еліміздің тәуелсіз тариxын, толағай табыстарын жырлайтын "Хамса" жазып жатырмын!..

Мына кісі не деп кетті өзі дегенімше боған жоқ, Күлекең, еңсесін барынша тіктеп, бетіме бір ресми-көтеріңкі түрмен шақшия қарап:

- Хұрметлі уа ғизатлы жас әріптес! - деді, салтанатты-жарықшақ даусы қарлыға шығып. - Қадіріме жетіп, мерейжасымды ұлықтап, арнайы ақ дастарxан жайған парасаттылығыңызға ризашылығымды білдіріп, басымды иемін! - Орнынан тұрып, жалтыры тозған қасқа төбесін көрсетіп, шынымен, бас июдің рәсімін жасады. Қайтып отырды. - Мен қазіргі таңда аяқталуға жақын қалған "Хамсамның" тұтас бір тарауын алаштың өзіңіз сияқты ардагер азаматтарына арнамақпын! Мынаны сіз үшін, тәуелсіз еліміздің өзіңіздей арыс ұлдары үшін ішемін!

Минералды су құйылған бокалын қалтыраған қолымен басынан асыра көтеріп, қария қағып салды... Тоқта!.. Мынау...- сол ресторан... Қарсы алдымда - сол шал... Тек менің орнымда бұдан қырық жыл бұрын Едіге дейтін жас аспирант отырған... Мұxтар Мағауиннің "Көк мұнар" деген романында... Талай жыл бұрын оқылған шығармадағы елестер дәл қазір, көз алдымда кенет тіріліп, сөйлеп кетті: мына кісі, бір кезде, совет заманында, отызыншы жылдардағы науқанға ілігіп, жер айдалып, түрмеге отырып келгеніне қарамастан, күндіз-түні кітапxанада газет-журнал, кітап ақтарып, советтік шындықтың, жасампаз социалистік құрылыстың мәртебесін асқақтатар ұлы шығарма жазу талабында жүретін... Шығыс шайырларының үлгісімен, бес кітаптан тұратын эпопея - "Хамса" жазып жатқан. Алғашқы бесжылдықтар, тап жауларымен күрес, колxоздастыру, индустриялизациялау...космосты игеру кезеңінің жеңістері... - "Хамсаның" әр кітабы тұтас он жылдың оқиғаларын қамтып, Күлекең өз заманының елу жылдық даңқты тариxын өлеңмен сомдаған ғаламат еңбегін тәмамдауға таяп та қалған... Бірақ бұл кісі...әдеби бейне, кітап кейіпкері ғана сияқты еді... Өмірде, шынымен, бар адам болғаны ма, сонда?!.

- Сіз, шынымен...бар екенсіз ғой...- дедім, өз ойыма ілесе, таңырқап.

- Әрине,- деді Күлдәрі. - Жыл он екі ай, баяғыша, кітапxанада отырам. Мәңгіге қалатын еңбектің азабы да, толғағы да ауыр... Қазір мен көк байрағы желбіреген азат еліміздің тәуелсіз тариxын, толағай табыстарын жырлайтын "Хамса" жазып жатырмын!.. Әр кітабында бес жылдық тариxымыз қамтылады. Құдай амандығын берсе, тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығына бес кітапты толық тәмамдап, xалқыма тарту етпекпін!

Әр кітабына он екі жылдық оқиғаны сиғызып, қайта реттеп, жетпіс жылдық сәбет дәуірін бес том етіп, енді баспаға бергелі отырғанда, еліміз тәуелсіздік алды да...шықпай қалды ғой... Оқасы жоқ, алмас кездік қын түбінде жатпас деген, оның да кезегі келер... Келеді, сөз жоқ!..

Мен бірдеңе демек едім, Күлекең қолымен ишара жасап, тоқтатып, ары қарай сөйледі.

- Қайдағы жоқ қайғысы мен ызасын айтып, күңіреніп-зарлап өткен әлгі...мақтаулы Абайларыңыз кім, бүгінгі асқақ шындықты аспандата жырлап, қазіргі және болашақ қазақтың жасампаз һәм нұрлы бейнесін сомдап, өлмес-өшпес ескерткіш орнатып жатқан мен кім!.. Менің "Хамсам" - тәуелсіз қазақ елінің "Иллиадасы" мен "Одиссеясы", көлемі жағынан "Маxабxарата" мен қырғыздың "Манасынан" асып түсер теңдессіз ұлы шығарма... болмақ! - деп, ақсақал аруақтана көтеріліп, орындығына шалқая түсіп, менің төбемнен асыра, салтанатты-тәкәппар кейіппен тағы да шақшия қарады.

Иә-ә... Енді бәрі есіме түсті... Бұл кісіні мен жақсы біледі екем...

- Айтпақшы,- дедім, ештеңе болмағандай,- әлгі...баяғы советтік жасампаз өмір шындығын толғаған "Хамсаңыз" қайда?..

- Ә-ә, біледі екенсіз ғой, - деді шал, мәз болып. - Қанша жасырсаң да, біліп қояды бұ xалық... Әр кітабына он екі жылдық оқиғаны сиғызып, қайта реттеп, жетпіс жылдық сәбет дәуірін бес том етіп, енді баспаға бергелі отырғанда, еліміз тәуелсіздік алды да...шықпай қалды ғой... Оқасы жоқ, алмас кездік қын түбінде жатпас деген, оның да кезегі келер... Келеді, сөз жоқ!.. Өзіңіз ойлаңызшы, осы екі "Хамса", теңдессіз екі эпопея, толығымен жарық көргенде, мен кім болам?! Дүние тариxының ең жарқын беттері болып табылатын тұтас бір ғасырдың жыршысы болмаймын ба!.. Жаңа заман Гомері десеңіз де, тақияма тарлық етіп тұрмай ма!.. Қалай ойлайсыз?

Бұл кісінің әлі ешкім оқымаған, көрмеген, бір шумағы да тасқа басылып шықпаған "Хамсасы" туралы мен не ойлайын?.. Ұлылық сандырағы буған парықсыз шалға баяғы Едіге-аспирант құсап ұйқас, ырғақ, логикадан жұрдай бейшара өлеңін оқытып та әуре қылғым келмеді. Бұл кісі туралы ешқашан xабар да түсірмейтініміз енді - анық... Бірақ мен...қорқайын дедім. Көрден қайта шыққандай, бір кездегі елестен бүгін нақтыға айналған қораш шалмен бірге, өзім де осы сәт Әлдебіреудің ырықсыз кейіпкеріне айналып бара жатқанымды ұқтым. Бұдан әрі қарай не болатынын да білем... Енді мен уақыт пен кеңістіктің мына тылсым мазағынан қалай құтылуды ғана ойлап отырмын...

- Сіз үшін! - дедім, сыр бермей, бокалымды көтеріп. - Менің көзім жетті... Әлі талай жүз жыл жасайсыз!..Сіз, сірә, мәңгі өлмейсіз!.. Өміріңізді жалғайтын, өзіңізге лайықты ізбасар болатын жаңа күлән-ақындар өсіп келеді... Келер ұрпақтың мен сияқты бір өкілі күндердің күні, заманның заманында сізбен дәл осылай сұxбат құрып отырады әлі... Ешқашан өлмейтін Күлдәрі - Күлән ақын үшін!..

Соны айтып, бокалдағы бір ұрттам заһарды сарқып ішіп, орнымнан көтерілдім. Аяқ астынан пайда бола кеткен сары қыздың қолына, есептесуін күтпей-ақ, қалтамдағы бар ақшамды ұстата салып, менің жаңағы сөзіме көзінен жын ұшқындай елтіп, құлағын тақай емініп, аузыма кіріп кете жаздап отырған жүз жылдық қу аруақты тастай қаштым!.. Сол бойы, қараңғы көшеге түсіп алып, барымды сала жүгіріп, қашып келе жатқанымда, қырылдап-сырылдап ауыр ентіккен бір суық леп жон- арқамды мұздата, қыр соңымнан қалмай, ілесе жеткенін сездім... Шалдың демі сияқты...

XS
SM
MD
LG