Accessibility links

"Әртүрлі нюанстар"


Ізбасар Орынбеков, Жаңаөзен қалалық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары. 16 наурыз 2016 жыл

Ізбасар Орынбеков, Жаңаөзен қалалық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары. 16 наурыз 2016 жыл

Көшедегі елмен сөйлескенімізде "сайлауға барамыз" деп құлшынған адам болмады. Көбі тіпті саяси партиялардың бағдарламалары тұрмақ, олардың аттарын да білмейді екен.

Жаңаөзенде сайлау алды науқаны қызып-ақ жатыр екен. Қасымда Associated Press ақпараттық агенттігінің тілшісі Питер Леонард бар қаланы біраз араладық. Білгіміз келген мәселе ортақ болған соң бірігіп жұмыс істеуді шештік. Көшедегі елмен сөйлескенімізде "сайлауға барамыз" деп құлшынған адам болмады. Көбі тіпті саяси партиялардың бағдарламалары тұрмақ, олардың аттарын да білмейді екен. Питер қала көшелерін түсіруге айналып қалған сәтті пайдаланып Жаңаөзен қалалық әкімдігіне бас сұқтым. Кіре берісі адамға лық толып, абыр-сабыр болып жатыр екен. Әдетте ешкімді оңайлықпен ішке кіргізбейтін сақшылар топпен бірге мені де «кір жылдам» өткізіп жібергені. Көппен ілесіп конференция залынан бір шықтым. Сөйтсем, ол жерде қаладағы барлық сайлау учаскелері басшыларына арналған жиналыс болмақшы екен. Артымыздан іле-шала Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев пен Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат – «ӨзенМұнайГаз» компаниясының директоры Мақсат Ибағаров кіріп келіп, төрдегі президиумға жайғасты.

Исахан Сағынбаевтың мәлімдемесінен ұққаным - сайлау учаскелері төрағаларымен кездесуге Маңғыстау облысы әкімнің орынбасары Рақымбек Әміржанов келіп, нұсқаулар бермекші.

- Сайлау учаскесі ашылар алдында аппараттар жарамдылығы, телефондар, ЦОН қызметкерлерімен байланыс деген секілді заттарға мән берілуі керек, - деп ескертті Исахан Сағынбаев.Содан соң бір ұзын-сонар сайлау учаскелерін тізіп айтып шықты:

- Енді Мақсат Оңғарбаевич сайланатын мына учаскелердің төрағалары 75, 76, 77, 78, 79, 80, 81, 82, 83, 84, 86, 87, 88, 89, 90, 94, 95, 97, 98, 99, 100, 102, 103 қалсын да, қалғандарыңыз залдан шыға тұрыңыздар, таза ауа жұтып, облыс әкімі орынбасарымен кездесуге дайындала беріңіздер, - деді.

Көппен ілесе сыртқа шығып, бірден Жаңаөзен қалалық сайлау комиссиясына бардым. Ондағы ойым облыс мәслихатына кандидаттың сайлау учаскелері төрағаларымен жеке жиналыс жасауының заңдылығын сұрау еді. Қалалық сайлау сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ізбасар Орынбеков бұлайша кездесудің "дұрыс емес" екенін айтты.

- Бәрін жинап алып, жиналыс жасауы дұрыс емес, - деді біреу естіп қоя ма дегендей баяу дауыспен түсіндірген Орынбеков.

Не де болса мәселенің мәнісін кандидат Ибағаров мырзаның өзінен сұрауды дұрыс көрдім.

Сайлау участкесіне келген сайлаушылар. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл. Көрнекі сурет

Сайлау участкесіне келген сайлаушылар. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл. Көрнекі сурет

- Сіз сайлау учаскелері төрағаларымен кездестіңіз. Сізге қанша учаскеден дауыс береді? - деп сұрадым.

- Маған сегіз учаскеден дауыс береді. Мен учаскелерге барып кеттім,- деді ол.

- Жоқ, мен сіздің Жаңаөзен қалалық әкімдігіндегі барлық сайлау учаскелері төрағаларымен кездескеніңізді айтамын.

- Ұйымдастыру шаралары бойынша, модем, анау-мынау дайын ба деп. Басқа комментарий бермеймін, - деп қысқа қайырды ол.

Көңілімдегі түйткілді шешкім келді. Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Есен Күмісқалиға қоңырау шалдым. Ол менің сұрағымды естіп таң қалды:

- Сайлау учаскелері төрағаларын неге жинайды ол? Кандидат өз үгіт -насихатымен айналысуы керек. Әркім өз шаруасымен айналысқаны дұрыс. Әрине сайлау комиссиясымен сөйлесуге құқы бар. Ал енді бір жерге бәрін жинап алып жүрген кім? Бізде ондай сведения жоқ, - деді ол.

Сайлау учаскелері төрағаларын неге жинайды ол? Кандидат өз үгіт -насихатымен айналысуы керек. Әркім өз шаруасымен айналысқаны дұрыс.

Бұл жауапқа да көңілім толмай Жаңаөзен қаласы әкімі орынбасары атаған тізімдегі сайлау учаскелерінің біріне қоңырау шалдым. Трубканы №77 сайлау учаскесі төрағасы Саламат Ильясов көтерді.

- Сіздің учаскеден Мақсат Ибағаров облыстық мәслихатқа депутаттыққа сайланады ғой.

- Жоқ, ол кісі бізден өтіп жатқан жоқ.

- Онда неге 15 наурыз күні мәслихат депутаты Ибағаровпен кездесуге қатыстыңыз?

- Біз «ӨзенМұнайГаздың» адамымыз ғой. Бізде әртүрлі нюанстар бар. Ертең машина қалай бөлінеді деген сияқты.

- Бірақ ол сіздің учаскеңізден түсіп жатқан кандидат емес қой? Мен түсінбей отырмын.

- Мен кім кандидат болса да, бір түйір канидатпен кездеспеймін, не имею право.

- Бірақ сіз кездеуге қатыстыңыз ғой.

- Мен ол кісімен кандидат ретінде кездескенім жоқ. Сіз учаскеге келіңіз. Маған звондамаңыз. Менің жұмысым көп.

Сұхбаттасым трубканы тастай салды. Менің де жұмысым көп. Бірақ бір ой маза бермейді. Ол білдей «ӨзенМұнайГаздың» бас директоры болғандықтан да қала әкімі орынбасарымен бірге бүкіл сайлау учаскелерінің төрағаларымен кездесе алады делік, ал басқа өзін-өзі ұсынып жатқан қарапайым кандидаттар ше? Олардың барлық сайлау учаскелері төрағаларын жинап алып, ұйымдастыру шараларын тексеретін мүмкіндіктері бар ма екен? Әй, қайдам. Әлгі сайлау учаскесі төрағасы дұрыс айтады, «бізде әртүрлі нюанстар бар» ғой.

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді

XS
SM
MD
LG