Accessibility links

Талдықорған маңындағы саяжай тарихи ескерткіштер тізіміне енуі мүмкін

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Зейнеткер Қажыомар Қылыев. Талдықорған, 24 қараша 2010 жыл

Зейнеткер Қажыомар Қылыев. Талдықорған, 24 қараша 2010 жыл

Қос зейнеткер Талдықорған қаласының іргесіндегі саяжайларынан тасқа қашалған суреттер тауып алды. Мамандар бұл жерді мемлекет қорғауына алынған тарихи ескерткіштер тізіміне қосуды сұрамақшы.


Талдықорған қаласының іргесіндегі саяжай аумағынан табылған тасқа қашалған суреттерді мамандар қола заманының жәдігеріне жатқызып отыр.


САЯЖАЙДАН ТАБЫЛҒАН ОЛЖА

Талдықорған қаласының түбіндегі «Үйтас» саяжай қауымдастығынан жер телімін алған ерлі-зайыпты Қажыомар Қылыев пен Тұрар Кеңшіліковаға ойламаған жерден археологиямен шұғылдануға тура келіпті. Олардың сөздеріне қарағанда, өздеріне бөлінген жерден жартас сынықтары көптеп шығыпты.

– Бетінде адам қолымен салынған бедері бар мұндай сынықтарды күн сайын
Бетінде адам қолымен салынған жылқы суреті бар тас саяжай жерінен табылды. Талдықорған, 24 қараша 2010 жыл.
кездестіретін болдық, – дейді зейнеткерлер.

Ақыр аяғы олар Мұхамеджан Тынышбаев атындағы жергілікті тарихи-өлкетану музейіне барып, ондағы қызметкерлерге осынау кездейсоқ қолға түскен жартас суреттері туралы көрген-білгендерін айтып беріпті. Тұрар Кеңшілікова бұл жердің тегін емес екенін әуелден-ақ білдім дейді.

Зейнеткердің айтуына қарағанда, түсінде ата-бабалардың әруағы аян беріп, бұл жердің қастерлі орын екенін тұспалдаған көрінеді.

Азаттық радиосының тілшісіне кездейсоқ олжа туралы баяндаған ерлі-зайыптылар: «Бұл жерді біз өткен жылы алып, шағын үй тұрғыздық. Жерімізде жақпар тастардың сынығы көп екен. Бірде күн ұясына батып бара жатқанда сондай тастардың бірінен жылқының бейнесін көзіміз шалып қалды. Содан екеуміз тастарды мұқият қарап, бас-аяғы 30-ға жуық суретті санап шықтық» дейді.


ҚОЛА ДӘУІРІНІҢ ЖӘДІГЕРІ

Жергілікті музей қызметкерлері саяжайдан табылған тастарды қарап шығып, ондағы бейнелердің музей экспонатында тұрған тас бедерлермен ұқсастығын анықтаған.

– Біздің музейде дәл осындай бейне салынған тастар бар, сондықтан бұл суреттер біздің дәуірімізге дейін үш мың жыл бұрын, яғни қола дәуірінде қашалған деп ұйғарып отырмыз, – дейді музей директоры Кәкен Нұртаев.

Саяжайдан табылған бейнелердің құндылығын анықтау үшін музей қызметкерлері Талдықорғанға петроглифтер жөніндегі белгілі маман, тарих
Мұхамеджан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде тұрған тас бетінде жылқы суреті бар. Талдықорған, 24 қараша 2010 жыл.
ғылымының докторы, Алматыдағы Археология институтының қызметкері Алексей Марьяшевті шақыртыпты.

Алексей Марьяшев ежелгі дәуірлердің ізі қалған шимайлы тастарды зерттеумен ұзақ жылдардан бері шұғылданып келеді. Соның арқасында ежелгі дәуір ескерткіштерін сақтап қалу шаралары жасалып, көптеген жерлерде ашық аспан астындағы музей ұйымдастырылған.

Археологиялық жартас суреттері қола дәуіріндегі андрон мәдениетіне жатады. Петроглифтердің арасында алуан түрлі ғұрыптық көріністер кездеседі, соның арасында өгіз, жылқы, тауешкі секілді жануарларды аулау сәттері де бедерленген тастар мол.

Талдықорғандық саяжай иелері тапқан жартас суреттерді археолог Алексей Марьяшев күнге табыну ғұрпымен байланыстырған.

– Археолог бұл бейнелерді күнге табыну кезеңіне жатады деген тұжырым жасады. Суреттердің арасында күн бейнесі бар, ал қалған бейнелердің барлығы сол күнге қаратылған, – дейді Қажыомар Қылыев Азаттық радиосының тілшісіне.

Саяжай иелерінің сөзіне қарағанда, археолог Алексей Марьяшев, бұл тұста ежелгі қорғандар болуы мүмкін, сондықтан бажайлап зерттеу керек деген қорытынды жасаған көрінеді. Сондай-ақ ол бұл жердің тарихи құндылығын танытатын белгі қою қажет деген де ұсыныс жасапты.

Азаттық радиосына аталған музей қызметкері Роза Бержанова зейнеткерлердің саяжайлық жер телімін мамандар мемлекет қорғауына алынатын тарихи ескерткіштер тізіміне қосу жөнінде ұсыныс жасау үшін керекті құжаттарды ресімдеп жатқанын айтып берді.


ЖАҢАЛЫҚТЫ АШҚАН КІМ?

Саяжайдан шыққан олжа туралы сөзді құлағы шалған тағы бір талдықорғандық тұрғын Эльза Моргулан бұл жерде мұндай тастардың бар екені баяғыда-ақ белгілі болғанын айтқанша асықты.

Бұл әйелдің сөзіне қарағанда, мұндағы жартас суреттерді алғаш рет жергілікті жазушы, өлкетанушы Андрей Березин 1980 жылдары-ақ тапқан көрінеді
Сайжайдан табылған тас бетінде күн суреті салынған. Талдықорған, 24 қараша 2010 жыл.
және ол туралы облыстық «Заря Семиречья» газетінде мақала да жарық көріпті.

Алайда музей қызметкері Роза Бержанова бұл пікірге күмәнмен қарайды.

«Егер бұл жерде мұндай тастар бар екені белгілі болса, онда баяғыда-ақ мемлекет қорғауындағы ескерткіштер тізіміне қосылған болар еді. Ал мұндағы тастар көптен бері құрылыс материалы ретінде пайдаланылып келеді. Яғни, қазіргі уақытта көптеген петроглифтердің сайда саны, құмда ізі қалмады деген сөз», – дейді Роза Бержанова.

Ерлі-зайыпты Қажыомар Қылыев пен Тұрар Кеңшілікова бау-бақша егетін жерлерін әлі күнге қоқыстан тазартумен жүр.

– Осынау қоқыр-соқырдың арасында басқа да тарихи ескерткіштер шыға келуі мүмкін ғой. Егер ғылымға керек болып жатса, бау-бақшалық жерімізді беруге де әзірміз, – дейді олар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG