Accessibility links

Зейнеткер Конституцияның президент туралы баптарын «жерледі»


Зейнеткер Мейірман Жазылбеков Конституция баптарын «жерлеу» рәсімінде. Астана, 25 желтоқсан 2010 жыл.

Зейнеткер Мейірман Жазылбеков Конституция баптарын «жерлеу» рәсімінде. Астана, 25 желтоқсан 2010 жыл.

Астаналық зейнеткер желтоқсанның 25-і күні Қазақстандағы сот жүйесіне наразылық ретінде ел Конституциясының алты бабы мен Сот жүйесі туралы конституциялық заңның бір бабын өз ауласында «жерлеп», басына құлпытас орнатты.

64 жастағы зейнеткер Мейірман Жазылбеков 2007 жылдан бері жер дауына байланысты Астана қаласының әкімшілігімен соттасып келеді. Қалалық биліктің әрекетіне наразылық танытқан ол Қазақстан президентіне 15 мәрте шағымхат жолдағанын айтады. «Алайда президент оның бірде-біріне жауап қатпай қойды» дейді зейнеткер.

Осыдан кейін Мейірман Жазылбеков президент Нұрсұлтан Назарбаевты әрекетсіздігі үшін айыптап, Астана қалалық сотына арызданған болатын. Осы жылдың көктемінде Астана қалалық соты зейнеткердің президенттің үстінен түсірген талап арызын қабылдамаған еді.

«Конституциялық құқығым тапталды, ондағы адам құқықтарына қатысты баптар өлді» деп есептеген зейнеткер Қазақстан конституциясының алты бабы мен сот жүйесі туралы конституциялық заңның бір бабын өлдіге санап, жер қойнына тапсырды.


«МЕН СИЯҚТЫЛАР - МИЛЛИОН»

Зейнеткер Мейірман Жазылбеков өзінің наразылық шарасында ешқандай да саяси астар жоқ екенін айтады. Тек қана азаматтық көзқарасым дейді.

– Бұл - азаматтық шара, мұнда ешқандай саясат жоқ. Адамның шектен шыққан бассыздықтарының бәрінен адам ашынады. Бассыздықтарын қарашы - бір соттың артынан 29 ай жүрдім. Ал мына соттың артынан жүргеніме 8 ай болды. Мен бүгін бар, ертең жоқ адаммын өмірде. Мынаны жерлеп барып кетейін деп істеп отырмын. Жеті бапты жерледім: оның алтауы - Конституциянікі, біреуі сот жүйесі туралы заңның 28-бабы, - деді ол.

«Сот жүйесіне наразы жалғыз мен емеспін. Мен сияқтылар Қазақстанда миллиондап саналады» дейді Мейірман Жазылбеков. Конституция баптарын жерлеу шарасына тәуелсіз құқыққорғаушылар мен оппозициялық партиялардың өкілдері қатысты. Құқыққорғаушы Антон Фабрыйдың пікірінше, конституция баптары күнде «өлетін» көрінеді.
Құқыққорғаушы Антон Фабрый. Астана, 13 сәуір 2010 жыл.


– Біздің Конституциямыздың баптары күнде «өліп» жатыр. Сондықтан мен Жазылбековты түсінемін, ол дұрыс істеді. Жұрт сотқа немесе шенеуніктің алдына барар кезде бұл баптарға үміт артпас үшін оларды, әрине, жерлеу керек. Өйткені конституцияның бұл баптары жұмыс істемейді. Олар «өлген», - дейді құқыққорғаушы Антон Фабрый.


«МАРҚҰМ БОЛҒАН» БАПТАР

Зейнеткер Мейірман Жазылбеков Қазақстан Конституциясы 14-бабының 1-тармағын, 40 және 41-баптардың 2-тармақтарын, 73, 77 және 83-баптардың 1-тармақтарын, сонымен қатар Сот жүйесі туралы конституциялық заңның 28-бабының 1 және 3-тармақтарын өлдіге санап, өз ауласында жер қойнына тапсырып, басына құлпытас орнатты.

Жерленген баптар реті мынандай

Конституцияның баптары:

14-бап
1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең.

40-бап
2. Республиканың Президентi - халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi.

41-бап
2. Республика Президентi болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады.

73-бап
1. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1-тармақшасында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, Президенттiң қызметiне кiрiсуi, Парламенттiң сайланған депутаттарын тiркеу не республикалық референдумның нәтижелерiн шығару тоқтатыла тұрады.

77-бап
1. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады.

83-бап
1. Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық
Зейнеткер Мейірман Жазылбеков Конституция баптарын "жерлеген" мекен-жай. Астана, 25 желтоқсан 2010
актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тергеудiң, әкiмшiлiк және орындаушылық iс жүргiзудiң заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн заңдар мен басқа да құқықтық актiлерге наразылық бiлдiредi. Прокуратура сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ заңмен белгiленген жағдайда, тәртiпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады.

Сот жүйесі туралы конституциялық заңның бабы:

28-бап.
Судьяға қойылатын талаптар
1. Судья:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын бұлжытпай сақтауға, судьяның антына адал болуға;
...
3) сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiстерiне және сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметке заңсыз араласу әрекеттерiне қарсы тұруға міндетті.


Зейнеткер Конституция баптарын қалай «жерлегені» туралы видеоны қараңыз:


Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG