Accessibility links

Австрияда Әлиевке әлі айып тағылған жоқ


Рахат Әлиевтің Австриядағы Қазақстан елшісі кезі. 2006 жыл.
Рахат Әлиевтің Австриядағы Қазақстан елшісі кезі. 2006 жыл.

Рахат Әлиев Австрияда абақтыда отыр. Әлі ресми айып тағылмады. Ол енді қамауға қатысты шағымданбақ. Статусы белгісіз саяси эмигрантқа қолданылған бұлтартпау шарасына қатысты шешімді Вена соты қарашаның 12-сі күні шығармақ.

Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі әрі Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев биыл маусымнан бері Венада қамауда отыр. Оның қамау мерзімін соңғы рет қыркүйектің басында екі айға ұзартқан. Қазақстан билігі тарапынан айып тағылмаған.

СОТҚА ҚАТЫСУДАН БАС ТАРТТЫ

Вена сотының баспасөз хатшысы Кристина Зальцборнның Азаттық тілшісіне хабарлауынша, Рахат Әлиевке қатысты бұлтартпау шарасын белгілейтін келесі сот отырысы қарашаның 12-сіне жоспарланған. Бірақ Әлиев сот тыңдауларына қатысудан бас тартқан.

- Ол «мені жалған айыптаулар негізінде тұтқындады» деп Венаның жоғарғы аймақтық сотына шағым жолдады, - дейді саяси эмигранттың австриялық адвокаты Штефан Прохаска.

Рахат Әлиевтің беделін түсіру үшін Қазақстан билігінің қалай әрекет еткенін...көрсету үшін жоғарғы аймақтық сотқа барынша толық әрі нанымды етіп жазылған шағым жолдадық

Австрия прокуратурасы оған әлі айып тақпағандықтан, Рахат Әлиевтің бұл қылмысқа «қатысын» қарайтын сот отырыстары Венада әлі басталмайды. Ал қорғаушы тарап оны қамаудан шығару амалын іздеп жатыр.

- Рахат Әлиевтің беделін түсіру үшін Қазақстан билігінің қалай әрекет еткенін және ҰҚК мен диктатор Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бұл науқанның қалай жүргенін көрсету үшін жоғарғы аймақтық сотқа барынша толық әрі нанымды етіп жазылған шағым жолдадық, - дейді адвокат Штефан Прохаска Азаттықтың сауалына қайтарған жазбаша жауабында.

Адвокаттардың Рахат Әлиев «тыңдауларға қатысудан бас тарту құқығын пайдаланды» деген мәлімдемелеріне қарамастан, Вена сотының баспасөз хатшысы Кристина Зальцборн «сотталушы сот отырысына қатысудан бас тарта алмайды» дейді.

ХАТ ЖӘНЕ СКАЙП-ЖАЗБАЛАР

РАХАТ ӘЛИЕВКЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР

Рахат Әлиевке тағылған айыптар

Қазақстанда Рахат Әлиев 2007 жылы «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты ұрлап, өлтіруге қатысы бар деп айыпталады. Сол жылы Рахат Әлиев қудалауға ұшырап, оны Қазақстанның Австриядағы елшісі қызметінен шығарып, "адам өлтіру және кісі ұрлаумен" қатар, "қылмыстық топ құрып басқарды, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты, мемлекетке опасыздық жасады" деген де айыптар таққан әрі әйелі Дариға Назарбаевамен сырттай ажырастырған. Бірақ билік оны Қазақстанға қайтара алмады.

Астананың Рахат Әлиевті беруді сұраған өтінішінен Австрия билігі "елінде сот әділ өтпеуі мүмкін" деген күдікпен талай рет бас тартқан еді.

Вена соты оны тұтқындауға ордер берген 2014 жылдың мамырында шетелде жасырынып жүрген Рахат Әлиев жергілікті құқық қорғау органдарына көмектесу ниетімен Австрия билігіне өз еркімен берілуді жөн санады.

Қазақстан соты Рахат Әлиевті сырттай жиыны 40 жылға соттады. Қазақстан билігі Рахат Әлиевке "адам өлтіру және кісі ұрлау" айыбынан бөлек, "қылмыстық топ құрып басқарды, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты, мемлекетке опасыздық жасады" деген де айыптар таққан.

Бұрынғы қайынатасы Нұрсұлтан Назарбаевты сынайтын Рахат Әлиев тағылған айыптардың «қолдан жасалғанын» және саяси астары бар себептермен қудаланып жатқанын мәлімдеп келеді.

Қазақстан прокуратурасының мәлімдеуінше, Австрияда Рахат Әлиевті мүрделері 2011 жылы табылған банкирлер - Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлау және өлтіру фактісін тергеу материалдары негізінде тұтқындаған.

Негізгі дәлел ретінде Әлиевтің меншігіндегі «Нұр-банк» топ-менеджерлерін өлтіргенін мойындаған хатын атайды. Қазақстан прокуратурасының болжамынша, Нұрсұлтан Назарбаевқа жолданған бұл хатты Әлиев 2007 жылдың сәуір-мамыр айларында Венада жазған.

Әлиевтің адвокаттары «сот сарапшысы бұл хатты жалған хат деп танығанын» мәлімдейді.

- Қазақстанның ҰҚК мен бас прокуратурасынан Австрияға жөнелтілген скайп арқылы сөйлескен әңгімелердің «сапасы» да осындай. Әлгі адамдарды өлтіруге Әлиевтің қатысы бар сияқты әсер қалдыру үшін бұл жазбалардың да тиісті жерлерін кесіп тастап, айлаға барған, - дейді адвокат Штефан Прохаска.

Еуропада орналасқан Lansky, Ganzger, partners компаниясының басшысы Габриэль Ланскиге, Темірәлиев пен Хасеновтің жесірлерінің адвокаттарына Азаттық тілшілері шалған телефон қоңыраулары мен электронды хаттарға жауап келмеді.

Қазақстан баспасөзі «Рахат Әлиевтің өз сыбайластарымен, оның ішінде қазір шетелде жасырынып жүрген ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевпен әңгімесін австриялық тергеушілер жасырын тыңдап, оның банкирлер -Темірәлиев пен Хасеновті өлтіруге қатысы барын мойындағанын естіген» деп хабарлайды.

XS
SM
MD
LG