Accessibility links

Оқушы "Жемқорлықпен күресетін бауырсақ" ойынын жасады


Сергей Базанов, "Жемқорлықпен күресетін Бауырсақ" компьютерлік ойынының авторы. Семей, 20 сәуір 2012 жыл.

Сергей Базанов, "Жемқорлықпен күресетін Бауырсақ" компьютерлік ойынының авторы. Семей, 20 сәуір 2012 жыл.

13 жастағы Сергей Базанов ойлап тапқан компьютер ойынындағы Бауырсақ Қазақстандағы жемқорлықпен күресетін кейіпкер. Орыстың халық ертегісіндегі Колобок бейнесі осылайша бала қиялында жаңа сипатқа ие болып, елде жүріп жатқан науқанға виртуалды түрде қатысады.

Ойынға қарап отырып, бірте-бірте адамның делебесі қоза бастайды. Күрең қызыл ою түскен ақ тақиялы топ-томпақ Бауырсақ қошқыл жасыл түсті жемқор құбыжықтармен жалғыз өзі айқасып жүреді.

КӨК АСПАННЫҢ АСТЫНДА

Ойынның артқы көрінісінде - көкпеңбек аспан. Бауырсақ батыр күрделене түсетін бір деңгейден екінші деңгейге шыға отырып тау шатқалдарынан, жыра-жыраның ішінен, жантақтардың арасынан айлакер жемқорларды іздейді. Ойында кәдімгідей әзіл-оспақтың табы бар.

Қарсыластарын таба салысымен Бауырсақ жекпе-жекке шыға жүріп оларды бір-бірден құрта бастайды. Ойын 20 деңгейден тұрады.

Азаттық тілшісіне Сергей Базанов жасаған ойыны жай ғана балаларды қорқытатын нәрсе емес дейді.

— Кейіпкерлерім қайдағы бір барыс немесе шайтан емес. Бұл - әзіл аралас, кез-келген жастағы адам ойнай алатын ойын. Қарапайым ғана графика негізінде жасалған. Ойнау оңай болу үшін кейіпкерлер ыңғайлы геометрикалық пішінмен жасалған.

ЖИНАҚЫ ОБРАЗ

Жас автордың ойынша, Бауырсақ - Қазақстанның барлық халқын бейнелейтін жинақы образ.

— Неге Бауырсақ болып шықты дейсіз бе? — деп күледі Сергей Азаттық тілшісіне. — Жай ғана нәрсе ғой. Мысалы, Ресейде нан мен тұз алып қарсы алады, Қазақстанда қытырлақ бауырсақ қойылмайтын дастарқан жоқ.

Неге компьютерлік ойынында кейіпкерлер жемқорлықпен күресіп жүреді деген сұраққа Сергей телевизордан тек осы жайлы еститінін, әлдекімді әлде бір жерде әшкерелеп жататынын айтты. Оның айтуынша, тіпті көшеде қала тұрғындарын заңсыздық туралы хабарлауға шақыратын әлеуметтік жарнама басылған үгіт-насихат баннерлері толып тұрады.

Ойын авторының әкесі Владимир Базанов ұлының хоббиін құптайды. Тек компьютер алдында көп отыратынына наразы. Оның айтуынша, бауырсаққа аңғарларды кездіріп, төбеден төбеге секірту үшін Сергей бір жыл еңбектеніп, арнайы ақпарат жинаған. Кейде тіпті тәулігіне 12 сағат монитор алдында отырған.

Бірақ ұлы компьютер клубтарында атыс-шабыс ойындарын ойнап уақытын зая кетірмей өзі ойын жасай бастағанына әкесі дән разы. Оның айтуынша, Сергейдің бұл құмарлығы жаңа компьютерлік технологияны игеріп, қиялының дамуына сеп болмақшы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG