Accessibility links

Тарихшы: 1916 жылғы оқиға – қазақ даласын қамтыған көтеріліс


Лебедевтің «1916 жылғы көтерілісшілер» мүсінінің жаңғыртпасы.

Лебедевтің «1916 жылғы көтерілісшілер» мүсінінің жаңғыртпасы.

Тарихшы Мұхтарбек Кәрімов 100 жыл бұрынғы оқиғаға түрткі болған себептерді, Қазақстанның кейбір аймақтарындағы көтеріліс басшылары жайлы деректерді айтты.

Осыдан 100 жыл бұрын – 1916 жылы маусымның 25-інде Бүкілресей
императоры Екінші Николайдың Астрахань губерниясы мен Сібірдегі және Орта Азиядағы «бұратана» жұрттарды майдандағы армияның
қорғаныс құралдарын салуға мобилизациялау жайлы жарлығы шықты.

Ол жарлық бойынша 19-43 жас аралығындағы 400 мың адам майданның қара жұмысына алынуы тиіс болды. Бұл жарлықтан кейін Қазақстанда және Орталық Азияда ірілі-ұсақты көтерілістер болды. Қазақ даласындағы «Июнь жарлығына» қарсы көтеріліс елдің әр тұсында тұтанды.

Тарихшы Мұхтарбек Кәрімов Азаттыққа берген сұхбатында қазақ даласындағы 1916 жылғы көтерілістің таралу ауқымы мен қозғалыс басшыларының күрес амалы жайын сөз етті.

Тарихшы Мұхтарбек Кәрімов.

Тарихшы Мұхтарбек Кәрімов.


Азаттық: – 1916 жылы көтеріліске шыққан наразы халықтың уәжі ретінде «Біз патшаға бодан болғанда соғысқа адам береміз дегеніміз жоқ» деген сөз жиі айтылады. Қазақтар патшалық Ресейге бодан болып кірген кезде әскерге адам бермеу туралы шарт жасасқан ба?

Мұхтарбек Кәрімов: – Біздің зерттеушілердің барлығы осыған назар аударды. Бірақ Ресей Әбілқайырмен, орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, басқа да хандармен жасасқан келісім шарттарда ондай «Қазақтан аламыз, алмаймыз» деген қосымша ештеңе жоқ.

Патша үкіметі шағын соғыстарға жаппай әскер алуға аса мәжбүр болмаған. Сол себепті көшпенділерден әскер алмау мәселесі әртүрлі заңдардың ішіне кіріп кеткен. Мәселен, 1822-1824 жылғы Сібір қырғыздары туралы уставта, 1876 жылғы әскер алу мәселесіне байланысты ережеде «далалықтардан әскер алмайтыны» туралы жазылған.

Азаттық: – Тарихшылар 1916 жылғы оқиғаға әртүрлі сипаттама береді. Жуықта тарихшы Талас Омарбеков «бұл – ешқандайда ұлт-азаттық емес, рулық қозғалыс» деді. Бұл пікірмен келісуге бола ма?

916 жылғы көтеріліс кезіндегі Амангелді Иманов жасағының байланысшылары. (Көрнекі сурет)

916 жылғы көтеріліс кезіндегі Амангелді Иманов жасағының байланысшылары. (Көрнекі сурет)


Мұхтарбек Кәрімов: – Бұл – жалпы қазақтың көтерілісі, қазақ даласын қамтыған көтеріліс. Бірақ әрбір болыс, әрбір уезд, әрбір облыс неден тұрды? Көшпенді халық, патриархалды өмір – барлығының рулық құрылымы бар. Содан кейін әр ру өзінен-өзі жеке-жеке көтерілді ғой. Мәселен, Баянауылдағы көтеріліс Айдабол, Қаржас, Сүйіндіктің көтерілісі; Қарқарадағы көтеріліс Албан көтерілісі болды.

ВИДЕО: Қарқара көтерілісіне - 100 жыл

Азаттық: – 1916 жылғы оқиғаны «қазақ даласын қамтыған көтеріліс» деп сипаттадыңыз. Бірақ Қазақстанда Қарқара мен Торғайдағы көтеріліс туралы ғана көп айтылады. Басқа өңірлердегі көтерілістер мұндай деңгейге жетпей қалған ба?

Мұхтарбек Кәрімов: – Патша жарлығынан кейінгі өрекпу күллі қазақ даласын шарпыған. Сосын қарулы қақтығыстар әр жерлерде болған. Мәселен, Семей облысының бес уезі – Павлодар, Қарқаралы, Өскемен, Семей және Зайсан уезінің барлығында да өрекпу болған, алайда көтеріліс болған жерлер – Павлодар, Өскемен және Зайсан уезі. Бірақ бұл көтерілістер – шағын көтерілістер. Қазақстаннның басқада жерлеріндегі көтерілістер де осы секілді шағын болған. Ал ең ұзақ және тегеуріндісі – Қарқара мен Торғай көтерілістері.

Азаттық: – Елдің әр аймағындағы шағын көтерілістерді басқарған адамдар туралы деректер бар ма? Мәселен, сіз айтқан кішігірім қарсылық болған жер – Семейдегі көтеріліс басшыларының бірі ретінде Мүрсәлім Бектенұлының аты аталады. Ол кісі кім болған?

1916 жылғы Торғай көтерілісшілерінің қару-жарақтары. (Көрнекі сурет)

1916 жылғы Торғай көтерілісшілерінің қару-жарақтары. (Көрнекі сурет)


Мұхтарбек Кәрімов: – Мүрсәлім Бектенұлы совет үкіметі орнағанға дейін ел ішінде белгілі, танымал тұлға болған. Ол 1885 жылы сол тұстағы Зайсан уезіне қарасты Қарғыба-Базар өңіріне болыс болған. 20 жылға жуық ел басқарған адам. Бірақ 1916 жылғы оқиға қарсаңында болыстықтан түскен. Ел тізгінін баласы Заманбек ұстап тұрған еді. Мүрсәлім Бектенұлы тек ел басқарып қоймады, сол тұстағы жарық көре бастаған қазақ баспасөзіне қаржылық тұрғыда көмектескен, Алашшыл, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болатын. Сол кезде патша үкіметі қазақ даласының әр жерлерінде мектеп ашып, оқыта бастағаны белгілі. Мүрсәлім Бектенұлы қолында билігі бар кезде мұндай мектептердің ашылуына қолдау білдіріп отырған. Ол кісі ақын болған. Артында қалған ең белгілі шығармасы – «16 жыл» деп аталатын поэмасы.

Азаттық: – Мүрсәлім Бектенұлы өз өңіріндегі көтеріліс басшысы ретінде қандай әрекет жасаған?

Мұхтарбек Кәрімов: – Патша үкіметінің 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығына орай туындаған жағдайға байланысты маусым айының аяғында Көкпекті – Тарбағатай өңіріндегі найман руының 12 болысының өкілдері шұғыл шақырылды. Ресми түрде болыстықтан кеткенімен, сөзі елге өтімді Мүрсәлім болыстармен оңаша сөйлесіп, естуі бойынша патшаның жарлығы бар екенін айтып: «Біз алғаш бодан болғанда жасалған шарт бойынша қазақтан солдат алуға тиіс емес, соны дәлел етіп, келісім бермейік» деп уағдаласады. Сол жерде Боғас болысының болысы, менің үлкен әкем Омар Егізбаев та болған екен. Жеке кездесуде Мүрсәлімнің ұсынысын қостағанымен, үлкен ұлықтың алдында болыстар патша жарлығынан бас тарта алмай қалады. Қанша дегенмен олар да ресми биліктің адамы ғой. Тіпті сол жерде Мүрсәлім болған болыс баласы Заманбекті «Сен неге береміз деп айтасың» деп, топтан сүйрелеп алып шығады. Ауылға келгеннен кейін патшаға әскер бермеуге қарсылық таныту үшін жігіт жинайды.

Азаттық: – Мүрсәлім бастаған қозғалыстың қарсылық амалы қандай болған?​

ВИДЕО. «​Он алтыншы жыл»​. Азаттық тапқан суреттер


Мұхтарбек Кәрімов: – Мүрсәлім жігіттерінің қолында көп қару болмады. Ел ішінен жинаған шиті мылтық пен бірнеше бесатар болды. Негізгі тактикасы Амангелдінікі секілді – құралайды көзге атқан мергендер тобын негізгі нысанға қойып, партизандық әрекетпен жұмыс істеген. Бірақ бұл кісінің бір ерекшелігі – адам атпаған. «Егер патша адамын өлтірсек, арттағы ауылды қырып кетеді» деп ылғи әскерлердің астындағы атын атып отырған. Одан қалса казак-орыс әскерлерінің аттарын қуып кетіп, өздерін жаяу қалдырып отырған. Мемлекеттік архивтің Семей бөлімшесінде ереуілшілер Көкпекті маңынан қазынаның 800 жылқысын айдап әкеткені жөнінде құжат сақталған. Мүрсәлімнің тапсырмасы бойынша әр болыстан қарулы жігіттер көшті қорғай отырып, жергілікті шенеуніктерді жоғары органдармен байланыстырмау үшін жолдарындағы телеграф бағаналарын қиратып, сымдарын үзіп отырады.

Патша үкіметі Мүрсәлімге қарсы генерал Ягодкиннің әскерін шығарды. От қарумен қаруланған патша әскерімен бір емес бірнеше рет жолығып, қарулы қақтығыстар болып, шамаларының жетпейтінін білгеннен кейін Мүрсәлім жақтастарын алып, Қытайға өтіп кеткен. Яғни көзсіз ерлікке барып елді қырғынға ұшыратпаған.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG