Accessibility links

Түрмедегі алғашқы Жаңа жыл


Журналист Гузял Байдалинованы Алмалы аудандық сотына қолына кісен салып әкелді. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.

Журналист Гузял Байдалинованы Алмалы аудандық сотына қолына кісен салып әкелді. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.

Құқық қорғаушылар кейбір белсенді, журналист және блогерлерді саяси сипаттағы айыппен қылмыстық қудалауды «Қазақстанда өзгеше ойлайтын жандарға қарсы қысымның күшеюі» деп алаңдайды. Оларды қамауға әлеуметтік желілердегі жазбалары не мақалалары себеп болған.

Құқық қорғаушылардың «қазақстандық саяси тұтқындар» тізімі ескі жыл мен жаңа - 2016 жыл тоғысар шақта екі есеге жуық ұлғайып, жаңа есімдермен толығып жатыр. Қылмыстық айыптар бойынша ұзақ жылдарға сотталған белсенділер Арон Атабек, Владимир Козлов және Вадим Курамшиннің есімдеріне жаңа белсенділер мен журналистердің есімдері қосылды әрі олар биылғы Жаңа жыл мерекесін алғаш рет түрмеде өткізді.

Қылмыстық кодекстің құқық қорғаушылар сынаған араздықты қоздыру туралы 174 бабы бойынша қозғалған жаңа істерді алфавиттік ретпен түзсе, астаналық Болатбек Біләлов, алматылық Серік Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев, Жамбыл облысынан Ермек Тайшыбековтің істері қатары шығады. 2015 жылы осындай айыппен алматылық интернет-белсенділер Татьяна Шевцова-Валова мен Сәкен Тұлбаев шартты жазаға кесілген.

Былтыр жыл аяғында сотталған Шығыс Қазақстан облысында тұратын блогер Игорь Сычевтің ісінің сипаты да осы істерге ұқсайды. Павлодарлық журналист Ярослав Голышкин мен қостанайлық заңгер Болат Сатқанқұлов та былтыр жыл аяғында қылмыстық айыппен сотталды. Алматылық журналистер Гузял Байдалинова мен Рафаэль Балгин Қазкоммерцбанкке қарсы «тапсырыс бойынша» мақала жазуды ұйымдастырып, жариялады деген күдікпен тергеу абақтысында қамауда отыр.

«АНТИГЕПТИЛ» МҮШЕСІ БІЛӘЛОВ

2015 жылдың қарашасында тұтқындалған астаналық белсенді Болатбек Біләловтің соты 2016 жылдың 5 қаңтарында басталуы тиіс. Оны «БАҚ-ты пайдаланып әлеуметтік араздықты қоздырды» деп айыптайды.

Белсенді Болатбек Біләловті полиция ұстап жатқан кез. Астана, 16 маусым 2015 жыл.

Белсенді Болатбек Біләловті полиция ұстап жатқан кез. Астана, 16 маусым 2015 жыл.

Жұрт Біләловті «Демократия және адам құқығы институты» үкіметтік емес ұйымы жетекшісі деп атайды. Оның есімі жұртқа үйлерін бұзғаны үшін төленетін мардымсыз өтемақыға наразы Астана тұрғындары мен баспанасы үшін күрескен өзге тұрғандардың мүддесін сотта қорғаумен танылған. «Антигептил» тобының белсенді мүшесі ретінде де танылған Болатбек Біләлов отын ретінде улы гептилді пайдаланатын ресейлік зымыран тасығыштарды Байқоңырдан ұшыруға қарсы бірнеше наразылық акциясын өткізген.

Біләлов өз ұстанымын түрлі конференцияларда, Youtube сайтында жарияланған жазбалары мен видеосюжеттерінде мәлімдеген. Астана полициясы тергеушісінің 2015 жылдың 11 қарашасындағы қаулысында, 2013 жылдың жазы, көктемі және 2014 жылдың жазында Біләлов интернетте «әлеуметтік, ұлтаралық өшпенділік немесе араздықты қасақана қоздыру белгілері бар» төрт видео жариялаған деп жазылған.

Қазақстанның қоғамдық сарапшылар кеңесі Болатбек Біләловті саяси тұтқын деп таныған. Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы билікті құқық қорғаушы Болатбек Біләловті қамаудан босатуға шақырған.

МӘМБЕТАЛИН МЕН НАРЫМБАЕВ ІСІНДЕГІ ҰҚСАСТЫҚ ПЕН АЙЫРМАШЫЛЫҚ

«Араздықты қоздыру» ісі бойынша сотқа тартылған алматылық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевты жұрт «саяси егіздер» деп атайды. Екеуіне де «алдын ала сөз байласып, араздықты қоздырды» деген айып тағылып, істері бір сот өндірісіне біріктірілген. Олардың ісін екі бөлек қарауды сұраған өтініші орындалмады.

Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 10 желтоқсан 2015 жыл.

Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 10 желтоқсан 2015 жыл.

Мәмбеталин мен Нарымбаев көзқарастары ортақ екенін жасырмай, «ұлтшыл-патриотпыз» дейді. Екеуі де қазіргі билікті сынайтынын мәлімдейді. Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев 2015 жылдың қазанында Алматыда - біреулердің интернетте «араздықты қоздырады» деген жасырын мәлімдемесінен кейін ұсталған.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы оларды қамауды айыптап, билікті екеуін босатуға шақырған. Қазақстанның қоғамдық сарапшылар кеңесі екеуін де саяси тұтқын деп таныған.

«ИМПЕРИАЛИСТ» ЕРМЕК ТАЙШЫБЕКОВ

2015 жылдың 11 желтоқсанында Жамбыл облысы Қордай ауылында өткен сот Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбаларында «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен 37 жастағы блогер Ермек Тайшыбековті төрт жылға соттады. Жамбыл облыстық сотына әзірлеп қойған апелляциялық шағымының мәтіні әлеуметтік желілерде тарады.

Блогер Ермек Тайшыбеков сотта отыр. Жамбыл облысы, 4 қараша 2015 жыл.

Блогер Ермек Тайшыбеков сотта отыр. Жамбыл облысы, 4 қараша 2015 жыл.

Ермек Тайшыбеков өзін «қазақ патриоты» әрі «ресейлік импералист» санайды. Оның пікірінше, екеуі бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Оның мәлімдеуінше, биліктің енжарлығы кесірінен мектептерде пәндерді орыс тілінде оқытуды қысқарту арқылы Қазақстанда «дерусификация» тез күшейіп келеді. Ол Қазақстан мен Ресейді біріктіруге шақырады.

Интернеттегі жазбалары ұлтаралық араздықты қоздырады деп санаған блогер Ботагөз Исаева мен әлеуметтік желіні пайдаланушылардың арызы бойынша 2015 жылдың жазында Ермек Тайшыбековтің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ кейін «араздықты қоздыру белгілері» бар материалдарды жариялады деген күдікпен Ботагөз Исаеваның өзінің үйі де тінтуге ұшырады. Бұл жолы Ботагөз Исаеваның үстінен арызды Ермек Тайшыбеков жазған.

ИГОРЬ СЫЧЕВТІҢ ІСІ

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында тұратын 26 жастағы блогер Игорь Сычевтің ісі де интернеттегі «орынсыз» белсенділігі үшін қылмыстық қудалауға қатысты кезекті іске айналды. «Сепаратизмге шақырғаны үшін» ол 2015 жылдың 18 қарашасында бес жылға сотталды. Тараптар жарыссөзінде прокурор Сычевтің ісін «ресейлік фактормен» байланыстырған. Ресей Қырымды бөліп алғаннан кейінгі Украинадағы жағдайға сілтеме жасаған прокурор Сычев бұл әрекеті арқылы «көбінесе орыс халқы тұратын аймақта» қасақана сепаратистік көңіл-күй тудыруға тырысқан деп мәлімдеді.

Блогер Игорь Сычев сотта тұр. Шығыс Қазақстан облысы, 18 қараша 2015 жыл.

Блогер Игорь Сычев сотта тұр. Шығыс Қазақстан облысы, 18 қараша 2015 жыл.

Сычев ресейлік «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «Подслушано в Риддере» парақшасы администраторларының бірі болған. 2015 жылдың көктемінде ол топ парақшасында «Дауысқа салу Риддер қаласында өтіп жатыр деп елестетіп көрейікші» деген тақырыппен сауалнама жариялап, оқырмандарға Шығыс Қазақстан облысын Ресей федерациясы құрамына қосуды «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп жауап беруді ұсынған.

Игорь Сычев дауысқа салуды топ парақшасында жариялауға рұқсат еткенін, бірақ оның мәтінін құрастыруға қатысы жоқ екенін әрі шағым түскеннен кейін оны алып тастағанын мәлімдейді. Сычевтің жақтастары оны қамаудан босатуды талап етеді. Қазнеттегі әлеуметтің ішінде Сычевке қатысты шыққан үкімді қолдайтындар да бар.

NAKANUNE.KZ САЙТЫНЫҢ ІСІ

Алматыда оппозициялық Nakanune.kz сайты редакторы Гузял Байдалинова мен журналисі Рафаэль Балгин Қазкоммерцбанкке қарсы «тапсырыс бойынша» мақала әзірлеп, жариялауға қатысы бар деген күдікпен қамауда отыр. Екеуінің пәтерлері мен «Nakanune.kz» басылымы кеңсесінде тінту жүргізілген.

Nakanune.kz сайты редакторы әрі меншік иесі Гузял Байдалинова (оң жақта) мен оның адвокаты Инесса Кисилева Алмалы аудандық сотында. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.

Nakanune.kz сайты редакторы әрі меншік иесі Гузял Байдалинова (оң жақта) мен оның адвокаты Инесса Кисилева Алмалы аудандық сотында. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.

2015 жылдың мамырында Алматы қаласы Медеу аудандық соты Қазкоммерцбанктің талап-арызы бойынша Гузял Байдалиновны банкке 20 миллион теңге төлеуге және банк «іскерлік беделіне нұқсан келтіру» деп бағалаған мақаланы сайттан алып тастауға міндеттеген. Байдалинованың үстінен қозғалған жаңа қылмыстық іс - Қазкоммерцбанкке қатысты әлгі мақала дауының жалғасы.

Халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) Қазақстан билігін Гузял Байдалинованы дереу босатып, пәтері мен Nakanune.kz редакциясын тінту кезінде тәркіленген бүкіл жабдықтарын қайтарып беруге шақырған. Журналистер Гузял Байдалинова мен Рафаэль Балгинді дереу босатуды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы да (ОБСЕ) талап еткен.

ҮКІМДЕР ТІЗБЕГІ

2015 жылдың көктемінде алматылық Татьяна Шевцова-Валова Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбалары арқылы «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыпен үш жыл сынақ мерзімімен шартты түрде төрт жылға сотталды. Оны қылмыстық жауапқа тартуға бірнеше әлеуметтік желі қолданушысының «жазбалары этникалық негізде қорлап, кемсітеді» деген талап-арызы себеп болған. Шевцова-Валова айыпты мойындамайды.

Павлодарлық «Версия» газетінің редакторы Ярослав Голышкин

Павлодарлық «Версия» газетінің редакторы Ярослав Голышкин

Павлодарлық «Версия» газетінің редакторы Ярослав Голышкин «Әшкерелеуші материалды пайдаланып, Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаевтан ақша бопсалады» деген айыппен 2015 жылдың 30 қазанында сегіз жылға сотталып, дүние-мүлкі тәркіленген. «Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы Голышкин кәсіби міндетін орындауына байланысты қудаланды деп санайды. Маусым айында «Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымы Голышкинді қамауға алуды айыптаған.

Қостанай облысы Рудный қаласында тұратын 29 жастағы заңгер Болат Сатқанқұлов «әлеуметтік желілерде терроризмді насихаттау» айыбымен2015 жылдың 18 қарашасында алты жылға сотталды. Айыптаушы тараптың болжамынша, Сатқанқұлов «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған) идеяларын қолдап, насихаттаған. Болат Сатқанқұловтың ісі қаралған сот процесінің көп бөлігі жабық режимде өтті.

Екі жыл бұрын «араздықты қоздырды» деген айыппен сотталып, қазір жаза мерзімін Алматы облысы Заречный кентіндегі колонияда өтеп жатқан Тұрарбек Құсайыновтың ісінен жұрт онша хабардар емес. Жуырда сот оны мерзімінен бұрын шартты жазамен босату өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Оппозициялық «Республика» сайты оның түрмеден жазған хатын жуырда жариялаған. Тұтқын хатында арандату құрбаны болғанын жазады. Атыраудағы «Ұлы Дала» қозғалысының мүшесі Тұрарбек Құсайынов 2013 жылдың қарашасында «араздықты қоздыру» айыбымен төрт жылға сотталған. Тергеу болжамынша, ол электронды поштасынан «Маңғыстау облысы ақсақалдары бұрынғы әкім Иманғали Тасмағамбетовті Қазақстан президенті болуға шақырып, жан-жақты қолдау көрсетуге уәде етті» деген мазмұнда хат жолдаған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін әлеуметтік желілердегі билікті сынаған немесе пікірін еркін білдірген жазбаларды қылмыс ретінде танып, репрессиялық қудалау практикасын жаңғыртқаны үшін сынайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG