Accessibility links

«Қазақстан-2050» бағдарламасына бір жыл: мысқыл мен мақтау


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 19 желтоқсан 2012 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 19 желтоқсан 2012 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы Қазақстан дамуының жаңа бағдарламасын жариялады. Одан біреулер шабыт алса, енді біреулер оны сынайды.

Жаңаөзендегі қанды оқиғаның бір жылдығы қарсаңында, яғни 2012 жылы желтоқсанның 14-і күні президент Нұрсұлтан Назарбаев «ескі» «Қазақстан-2030» стратегиясының орнына «Қазақстан-2050» стратегиясын ұсынды. «Ескі» бағдарламаның негізгі бағыттары мерзімінен бұрын орындалды» деп мәлімдеген Назарбаев «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елі қатарына енуі тиіс» деген жаңа мақсатты жариялады.

2013 жылы қарашаның аяғында Назарбаев стипендия алушылар қатары 10 мың адамға жеткен «Болашақ» білім беру бағдарламасы негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынды. Арада бір апта өткенде, 2013 жылы желтоқсанның 6-сы күні Астанадағы Назарбаев университетінде қозғалыс құрылды. Енді жаңа қозғалыс мүшелері «дамудың жаңа стратегиялық жолы белгілеген мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асырмақ». Стратегия идеологиясын және «тұңғыш президенттің саяси курсын қолдайтын» әр қазақстандық азамат қозғалысқа қатыса алады деп мәлімделді.

«Қазақстан-2050» стратегиясы осы аптада Қазақстан туралы «Жаңа белестерге» деген кітабын Астанада таныстырған британдық профессор Робин Мэтьюздің имидждік жобасына айналды. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында ол «стратегияның мәні оның келешекті айқын көзбен көруінде. Онда Қазақстанның қандай ел болғысы келетіні, осы мақсатқа жету жолында атқарылатын істері нақты баяндалған» деп мәлімдеді. Ол Қазақстан «отыздыққа» ену мақсатына ерте қол жеткізе алады деп санайды.

Рэп әншісі Такежан.

Рэп әншісі Такежан.

Бірақ «Қазақстан-2050» стратегиясынан шабыт алмайтындар да бар. Мысалы қазақ музыканты Тәкежанның желтоқсан айының ортасында YouTube желісінде жарияланған «2050: Болашақтан келген хат» видеоклипін төрт күнде үш мыңнан аса адам көрген.

Ақ пен қара түстер аралас түсірілген клипте малдың шашылып жатқан қу бастары, әткеншекте тербелген клоунның салбыраған аяқтары көрінеді. Бірнеше кадрдан кейін куыршақ клоунның әткеншекте тербеліп отырғаны, сосын Тәкежанның өзі көрінеді. Немереден туған шөбере қыз мына заманда өмір сүріп жатқан атасын «сенің саяси селсоқтығыңның кесірін менің замандастарым тартып жатыр» деп жазғырады.

«Хатта» шөл дала, қырқысқан рулар, аштық, жұрты ауып, қаңырап қалған қалалар көрсетіледі.

Клипте «Халықты саясатқа жолатпадың, рухани құндылықтар жайында уағыз айтқан өзің байлықтың ортасында, атақ-даңққа бөленіп өлдің. Бірақ қарақан басыңның ғана қамын ойлаған сен үлкен құн төледің. Сенің жетім шөберең, мына мен босқындар лагерінде «ақ қан» ауруынан жан тапсырайын деп жатырмын. Жанымды аман алып қалудың жалғыз амалы - хат жазып сені оятуға тырысу» деген сөздер айтылған.

«Қазақстан-2050» стратегиясы туралы кәсіби ой-пікірлер де әр қилы. Азаттық тілшісімен әңгімелескен саясаттанушы Расул Жұмалы «Қазақстан дамуының жаңа бағдарламасы мезгілсіз жарияланды» деп есептейді.

Саясаттанушы Расул Жұмалы. Алматы, 12 тамыз 2013 жыл.

Саясаттанушы Расул Жұмалы. Алматы, 12 тамыз 2013 жыл.

—Осы «2050 бағдарламасына» қатысты жауаптан гөрі сұрақтарым көп. Әсіресе алдыңғы даму бағдарламасын аяқтамай жатып, жаңасын жариялаудың мәнісі бар ма? Менің ғана емес, сарапшылар мен қарапайым адамдардың көбінің пікірі осындай. «2030 бағдарламасының» бағыт-міндеттері орындалған жоқ немесе жарым-жартылай ғана орындалды. Сондықтан бір бағдарламаны іске асырып алмай, екіншісін бастайтынымыз маған түсініксіз. Бізде бұдан бөлек аралық бағдарламалар да толып жатыр. Олардың бәрін атап шығу көп уақыт алады. Мұндай бағдарламалар халықтың сенімі мен құлшынысын арттырады деп, ең бастысы - мұндай жобалар іс жүзінде орындала қояды деп айту қиын, - дейді Расул Жұмалы.

Бірақ саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетова былтыр жарияланған «2050 бағдарламасының» нәтижелері осы бір жыл ішінде-ақ көрінді деп есептейді.

—Қанша дегенмен, бір жыл көп уақыт емес. Бірақ алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде көріне бастады. Мысалы, жуырда ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Өйткені бұл - 2050 даму стратегиясында қарастырылған бағыттардың бірі, ал сайлау өткізу - оны жүзеге асырудың бір жолы. Екіншісі, жоғары шенді мемлекеттік қызметшілердің «А» корпусын қалыптастыру. Демек бұл бағытта атқарылуы тиіс жұмыстың алғашқы сатысы аяқталды деуге болады. Президент конкурстан өткен шенеуніктермен кездесу өткізгенін білеміз. Өз басым саяси сала бойынша осы екі бағытты атар едім, - деді ол.
Қанша дегенмен, бір жыл көп уақыт емес. Бірақ алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде көріне бастады.

Ал халықаралық құқық қорғау және зерттеу ұйымдары «қоғамды демократияландыру бағытында прогресс жоқ» деп, Қазақстан үкіметін жылда сынайды. Биыл құқық қорғаушылар «Қазақстан диссидент жандарды «емдеу» үшін психиатриялық клиникаларға еркінен тыс қамаудың советтік практикасын қайта жаңғыртты» деп мәлімдеді. Оппозиция үкіметті «Әлеуметтік-экономикалық ахуалды нақты жақсартудың орнына реформа жүргізген болып, көзбояушылықпен айналысады, ал инфрақұрылымды дамытудың әлеуметтік бағдарламаларына бөлінген ақша талан-таражға түседі» деп сынайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG