Accessibility links

Совет-ауған соғысының беймәлім тұсы көп


«Боевое братство» қоғамдық ұйымының жетекшісі, запастағы полковник Сергей Пашевич «Ауғанстан - жаралы жүрегімде: 25 жыл өткен соң» деген тақырыппен көрмесінде тұр. Алматы, 5 ақпан 2014 жыл.
«Боевое братство» қоғамдық ұйымының жетекшісі, запастағы полковник Сергей Пашевич «Ауғанстан - жаралы жүрегімде: 25 жыл өткен соң» деген тақырыппен көрмесінде тұр. Алматы, 5 ақпан 2014 жыл.

Совет-ауған соғысын қазақстандықтар әрқилы түсінеді. Бұл оқиға туралы жетік білетіндер аз. Ауған соғысы туралы көп айтылмайды, Қазақстан оқулықтарында да мардымды ақпарат жоқ.

Алматылық Бауыржан Жасымбеков совет-ауған соғысына қатысып, екі аяғынан айырылған. Қазір ол ауған соғысы ардагерлері үйінде (интернат түріндегі) тұрады. Жасымбеков 30 мың теңге (200 долларға жуық) мардымсыз зейнетақы және мүгедектігі үшін 10 мың теңге (70 долларға жуық) жәрдемақы алады. Кезінде жеңілдікпен алған пәтерін сатып жіберген әйелі оны 15 жыл бұрын тастап кеткен. Ал 23 жастағы ұлы пәтер жалдайды.

Бауыржан Жасымбеков мүгедектерге арналған арбамен жүреді. Бірақ қаладағы қоғамдық көлік пен мемлекеттік мекемелердің көпшілігі мүгедектер үшін арбамен жүріп-тұруға қолайсыз болғандықтан, ол атаулы күндерді еске алу шараларына біреудің көмегінсіз келе алмайды. Ауған соғысының аяқталғанына 25 жыл толуына орай ақпанның 5-і күні Алматыда салтанатты жиын өтті. Жиналған жұрт ауған соғысы туралы көрмемен танысу үшін мұражайдың үшінші қабатына көтерілгенде ол амалсыз төменде қалды.

Ауған соғысында екі аяғынан айырылған ардагер Бауржан Жасымбеков (сол жақта) совет-ауған соғысының 25 жылдығына арналған жиында отыр. Алматы, 5 ақпан 2014 жыл.
Ауған соғысында екі аяғынан айырылған ардагер Бауржан Жасымбеков (сол жақта) совет-ауған соғысының 25 жылдығына арналған жиында отыр. Алматы, 5 ақпан 2014 жыл.
Ақпанның 5-і күні Қазақстанның орталық мемлекеттік мұражайында «Ауғанстан - жаралы жүрегімде: 25 жыл өткен соң» деген тақырыппен көрме ашылды. Мұражайда өткен салтанатты жиналысқа да, басқа шараларға да қала билігі өкілдерінен ешкім қатысқан жоқ. Алматы әкімі Ахметжан Есімов бұл күні өзіне бүйрегі бұратын блогерлерді қабылдап, қонақасы беріп жатты.

Совет әскерлерін Ауғанстаннан шығару 1989 жылы ақпанның 15-і күні аяқталды. Бұл кезде Совет Одағының өзі де ыдырай бастаған еді. Совет-ауған соғысы 1979 жылы желтоқсанның 27-сі күні СССР арнайы жасағының Ауғанстан президенті Хафизулла Аминнің сарайын басып алып, оны өлтіруімен басталды. Аяқталғанына ширек ғасыр өткен соғысқа қатысты жайттарды Қазақстан тұрғындары анық білмейді, ал білетіндер сырт көзге мағынасыз көрінетін соғысқа әрқилы баға береді. Кейбір сарапшылар СССР басшылығы соғысты бастаған кезде келтірген уәждерді құптайды.

«СОҢҒЫ СОВЕТТІК АВАНТЮРА»

Совет әскерлерінің ауған жеріндегі соғысы пост-советтік елдерде әлі де әрқилы бағаланады. Қазақстан қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Төлеген Жүкеев Совет Одағының Ауғанстанға әскер кіргізуін қателікке балайды.

- Бұл - ақыры Совет Одағын ыдыратып тынған өте үлкен қателік, СССР басшылығының соңғы геосаяси авантюрасы болды, - дейді ол.

Төлеген Жүкеевтің айтуынша, «жартылай құлдық, жартылай феодализм дәуірінде өмір сүріп жатқан Ауғанстанда социализм сияқты әлдебір қоғам орнатуды көксеген кейбір ауған қайраткерлерінің ығына жығылып, олардың солшыл әрекеттеріне көмектесуі - совет басшылығының саяси және стратегиялық қателігі болған».

Қазақстан қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары, оппозициялық саясаткер Төлеген Жүкеев .
Қазақстан қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары, оппозициялық саясаткер Төлеген Жүкеев .
- Төңкеріс жасап билікке келген Ауғанстан халық-демократиялық партиясы басшыларын совет басшылығы кезінде «революционерлер» деп атап, қателесті. Кейін ішкі тартыстың кесірінен олар Совет Одағына жүгініп, Ауғанстанға совет әскерлерін кіргізуді сұрады. Ал Совет Одағы бұған бармауы керек еді. Мешеу қалған феодалдық қоғамда солшыл идеялармен желігіп, социалистік қоғам орнатамыз деп тыраштану өрескел қателік болды, - дейді Төлеген Жүкеев.

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың айтуынша, ол замандағы геосаяси жағдайлар мен Совет Одағының өркөкіректігін ескерсек (одан төрт жыл бұрын Солтүстік Вьетнам АҚШ қолдап отырған Оңтүстік Вьетнамды СССР-дің көмегімен жеңіп шыққан болатын), Ауғанстанға совет әскерлерін кіргізуге жеткілікті негіз болған сияқты.

- Ол кезде жарты әлемге көмектесіп тұрдық. Ол заманның басты бағыты социализм идеясын тарату болды. Ал Ауғанстандағы төңкерістен кейін билікке Хафизулла Амин келген соң, Ауғанстанмен шекаралас Совет Одағына қауіп төнуі мүмкін деп есептелді. Өйткені ол кезде «АҚШ-тың арнайы қызметімен сыбайласқан Хафизулла Амин бұрынғы әмірші Нұр Мұхаммед Таракиді биліктен тайдырып, өлтіруге бұйрық берген» деген дерек болған. Ауғанстанға әскер кіргізу туралы шешім де сол себепті қабылданған сияқты, - дейді Нартай Дүтбаев.

Оның айтуынша, ол кезде советтік үгіт-насихаттың күштілігі сондай, жұртқа Совет Одағы қарапайым ауғандықтарға көмектесіп, тұрмысын жақсартуға тырысып жатқандай көрінген.

ГЕНЕРАЛ САРБАЗДАРДЫ ОЙЛАНБАУҒА ШАҚЫРДЫ

Алматыдағы салтанатты жиналыста сөз сөйлегендер Ауғанстанға жасалған советтік әскери интервенцияға саяси баға бермеді. Басқыншылықты бәрі бірауыздан «ауған халқына көмектесу», ал ауған соғысына қатысқандарды «интернационалдық борышын орындағандар» деп атады.

Ауғанстан мұражайы қызметкері совет-ауған соғысын бейнелейтін экспонаттар қасынан өтіп барады. Ауғанстан, Герат, 27 сәуір 2012 жыл.
Ауғанстан мұражайы қызметкері совет-ауған соғысын бейнелейтін экспонаттар қасынан өтіп барады. Ауғанстан, Герат, 27 сәуір 2012 жыл.
Совет-ауған соғысына қатысқан әскери тарихшы әрі «Арыстан» әскери лицейінің бастығы, генерал Сәбит Тауланов совет әскерлерін Ауғанстаннан шығару аяқталған күнді «мерекелік күн» деп атады. Оның айтуынша, Ауғанстанда соғысқан совет жауынгерлері әскери бұйрықты орындау кезінде жоғары патриотизм мен әскери ант пен борышқа деген адалдығын танытты. Генерал Тауланов жиналыста отырған орта мектеп оқушылары, әскери қызметшілер және өзі басқаратын лицей оқушыларына «әскери қызметшінің міндеті - ойлану емес, берілген бұйрықты бұлжытпай орындау» деп мәлімдеді.

«Генералдар кеңесі» қоғамдық ұйымы төрағасы, генерал Рүстем Қайдаровтың сөзі де осы сарындас болды.

ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ МЕН АУҒАН СОҒЫСЫ

Салтанатты жиналыста «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық ұйымы жетекшісі полковник Сергей Пашевич «жастардың патриоттық тәрбиесін күшейтуге» шақырды. Ол мектеп оқулықтарында қазақстандықтардың ауған соғысына қатысқаны туралы мәлімет жоғын айтты.

Кейін Азаттық тілшісімен сөйлескен Сергей Пашевич «Совет Одағы феодалдық Ауғанстанды социализмге жеткізе алмады. Ауған соғысы аяқталып, Совет Одағы күйрегеннен кейін Орталық Азияның кейбір елдерінде ислам идеологиясына негізделген феодализмге бет бұру сияқты «ауғандану» процесі байқала бастады. Осы исламдандыру салдарынан қазір Орталық Азия елдерінен діни сенімі бойынша соғысу үшін Сирияға аттанып жатқан жастар көбейіп келеді» деді.

Алматы әкімдігі жанындағы ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестіктерін үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров те мектеп оқулықтарында совет-ауған соғысы туралы ақпарат жоқ екенін айтады.

Cовет армиясы қатарында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан қазақстандықтар. Сурет «Партизандар» деректі фильмінен алынды. Алматы, 22 желтоқсан 2009 жыл.
Cовет армиясы қатарында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан қазақстандықтар. Сурет «Партизандар» деректі фильмінен алынды. Алматы, 22 желтоқсан 2009 жыл.
Әбдішүкіровтің айтуынша, совет-ауған соғысына қатысқан қазақстандықтарға арналған тұрақты экспозиция тіпті Қазақстанның орталық мемлекеттік мұражайында да жоқ. Ол «егер оқулықтарда ауған соғысына қатысқан қазақстандықтар туралы жазылса және ауған соғысы ардагерлеріне мықты әлеуметтік көмек көрсетілсе, әскери-патриоттық тәрбиені осы негізде тиісті дәрежеде жүргізуге болар еді» дейді.

Салтанатты жиналыстан кейін совет-ауған соғысы ардагерлері қатысқан көркемөнерпаздар концерті болды. Жиналған жұртқа көрме таныстырылды. Экспозициядағы киіз үйдің жанында екі совет солдатының макеті тұрды.
XS
SM
MD
LG