Accessibility links

Qazaqstan: Қазақстан халықаралық аренада әлі советтік нұсқамен аталады


Қазақстан Республикасы азаматы паспортының мұқабасы.

Қазақстан Республикасы азаматы паспортының мұқабасы.

75 жыл бұрын сол кездегі Казкрайком бюросының шешімі бойынша орыс тіліндегі «Казакстан» және «казак» атаулары «Казахстан» және «казах» болып өзгертілді. Мамандар мен саясаткерлер этнонимді дұрыс транскрипциялауға қатысты алуан түрлі пікір айтады.


Лингвистердің айтуынша, қазақ тіліндегі «қ» әрпі латынша «q» («кью») боп таңбаланады. Сәйкесінше, «Қазақстан» атауының халықаралық ағылшын тілінде сауатты таңбалануы «Qazaqstan» болып шығады. 1940 жылға дейін қолданылған латын әліпбиінде де республика атауы дәл осылайша жазылып келген-ді. Ал қазір ресми түрде қабылданған «Kazakhstan» сөзі орыс тіліндегі транскрипцияның тіке көшірмесі күйінде қалып қойды.



«КАЗАКСТАН» ҚАЛАЙ «КАЗАХСТАНҒА» АЙНАЛДЫ?

Тарихи деректерге сүйенсек, 1936 жылғы қаңтарда Қазкрайкомның бюросы «қазақ» сөзін орыс тіліндегі «казак» сөзімен шатастырмау үшін қазақтарды «казах» деп атау және жазу туралы қаулы шығарған. Мамандардың айтуынша, бұл қаулының шығуына сол кездегі қазақ басшыларының өздері мүдделі болған деседі.

– Кезінде 1990-шы жылдары Орталық мұрағатта істеп жүрген кезде бұл құжаттардың бәрін көрген болатынмын. Патша әкімшілігі болсын, уақытша үкімет болсын, бұған дейін қазақтарды «қырғыз» деп келді. 1921-22-ші жылдары алғашқы автономия құрылған кезде ол «Казакская» деп аталатын болды. Бірақ ол кезде орыстар «казак» десе, Ресей жеріндегі әскери сословиені елестетін. Осы сияқты шатыспас үшін сол кезде өзіміздің басшылық ұсыныс жасап, (Микоянның кезіндегі нәрсе ғой) әдейі өзгеріс жасаттырған еді, – дейді саясаттанушы Айдос Сарым.
1921-22-шы жылдары алғашқы автономия құрылған кезде Қазақ автономиясы «Казакская» деп аталатын болды.

Мамандар қазіргі «Казахстан» сөзінің пайда болу тарихын осылайша түсіндіреді. Совет үкіметі құлап, бұл қаулының күші әлдеқайда жойылғанмен, есесіне орыс тілінде «казах», «Казахстан» сөздері сақталып қалған. Тіпті Қазақстан тәуелсіздік алып, дербес мемлекет атанған кезде де мемлекет атауы халықаралық тілге осы қате нұсқадан аударылған деседі.


«K» МА, «Q» МА?

Мамандардың айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республикада ағылшын мен қазақ тілін қатар жетік меңгерген азаматтар тапшы болыпты. Үкіметті басқарған адамдар арасында қазақ тілін жетік білетін адамдар аз болғандықтан Қазақстан атауы халықаралық тілге сол күйінше қате аударылып кете барған.

Лингвист-ғалым Әлімхан Жүнісбектің айтуынша, Қазақстан сөзін халықаралық деңгейде «q»-мен жазу мәселесін сол жылдары Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары арнайы көтеріп, ол туралы жоғары жаққа хат та жазған. Алайда бұл мәселе тек қағаз жүзінде қалған көрінеді.
Дүниежүзінде «қ»-мен айтылатын сөздердің бәрін «q»-мен жазады.

– Кезінде бұл мәселе талай жарияланған да. Біз бұл туралы жан-жаққа жібергенбіз. Бірақ, ол кезде тіл мамандарының пікірін ешкім де сұраған жоқ. Жалпы дүниежүзінде «қ»-мен айтылатын сөздердің бәрін «q»-мен жазады. Қандай әңгіме болмасын, мен Қазақстан деген сөзді сол «q» арқылы жазу керек деп есептеймін. Ағылшын тілінде ол таңба бар. Ағылшынның дыбысталу заңына да қарама-қайшы келмейді. Бұл өте маңызды нәрсе. Егер біз «k»-мен жазсақ, барлық жерде ол «к» боп оқылмақ. Ал егер «q»-мен жазсақ, онда бәрі де мұның өзгеше дыбыс екенін білетін болады. Өйткені, «қ» тіліміздегі өзгеше дыбыс қой өзі. Әйтпесе, айналаның бәрі қазіргідей «Казакистан» деп жүре береді. Тек бізде соны қабылдай қояр ма екен, – дейді Әлімхан Жүнісбек.


БІР МЕМЛЕКЕТ, ЕКІ ТҮРЛІ ПАСПОРТ

Бұл – тек республиканың атауына ғана қатысты мәселе емес сияқты. Мамандардың айтуынша, мемлекет атауын төлқұжатта таңбалауға келгенде Қазақстан басшылары тағы бір мәрте жаңылған.

Ол кездері саясаттанушы Расул Жұмалы сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарған екен.

– Қателеспесем, 1994-ші жылға дейін бізде ескі совет заманының паспорты сақталып келді. Бұл түсінікті нәрсе, себебі құжатты ауыстыру бір-екі жылдың мәселесі емес. Бірақ 1995-96-шы жылдары бастапқыда жіберілген қателіктердің кесірінен «Kazakhstan» атауы «Kazakstan» атауына ауысып кетті. Яғни, «қ» әрпінің табиғатын түсінбейтін кейбір азаматтар «h»-ті алып тастаса болды, өзіміздің бастапқы транскрипциямызға қайтып ораламыз деп ойлады. Сөйтіп, «Kazakstan» жазуы бар жаңа паспорттар қолданысқа жіберілді, - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Қазақстан паспорттарының тең жартысында «Kazakhstan» деп жазылса, тең жартысында «Kazakstan» деп жазылған.

Алайда көп кешікпей шенеуніктер паспорт бетіндегі «Kazakstan» сөзінің республиканың ағылшын тіліндегі ресми атауымен қабыспайтынына көз жеткізеді. Сөйтіп, 2001 жылы құжаттарда «Kazakstan» сөзін қайта «Kazakhstan»-ға өзгерту жөнінде үкіметтің арнайы қаулысы шығады.

Осылайша «Kazakstan» сөзін советтік нұсқаға оңай ауыстырған билік неге екені белгісіз бұл сөздің қазақша баламасына келгенде жігерсіздік танытады дейді мамандар. «Мұның ар жағында қарапайым сауаттылық мәселесі жатыр» дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

– Жалпы егер нақты әлемдік практика тұрғысынан қарағанда паспортымыз
Саясаттанушы Расул Жұмалы.
кішкене заңсыздау болып көрінеді. Себебі, менің есептеуімше, тең жартысында «Kazakhstan» деп жазылса, тең жартысында «Kazakstan» деп жазылған. Меніңше, мұның пайда болуының ар жағында қазақ тілін, қазақ әріптерінің дыбысталуының ерекшеліктерін түсінбегендік жатыр. Сонымен қатар шет тілін де жетік меңгермегендік, сауатсыздық та бар. Мен өзім араб тілінің маманымын. Мәселен, Қатар деген мемлекет арабша «қатар» деп дыбысталады. Сәйкесінше, олар «қ» әрпін кәдімгі ағылшынның «q» әрпі арқылы беріп отыр. Немесе қасиетті «Құран» сөзі де «q» арқылы жазылады, – дейді Расул Жұмалы.

«Kazakhstan» нұсқасы қазіргі таңда әлемде кеңінен қолданылады. Есесіне Қазақстандағы қалған жер-су аттарындағы «қ» әрпі сол күйінше сақталған. Әріптердің таңбалануына аса мұқият қарайтын БҰҰ-ы мен АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы сияқты белді-белді мекемелердің сайттарында «қ» әрпі «q» таңбасымен беріледі. Мысалы: Qostanay, Aqmola, Taldyqorgan.


«АСТАНА ӘЛІ ЦЕЛИНОГРАД БОП ТАҢБАЛАНАДЫ»

Саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, Қазақстан атауының «қазақшалануы» латын әліпбиіне көшкенде шешілуі мүмкін. «Бастысы бұл
Саясаттанушы Айдос Сарым.
емес» дейді.

– Енді ол «к» болып кетті. Бүкіл әлемдік каталогтарда, бүкіл транспорт, бизнес саласында солай қолданылып, сіңіп кетті. Болашақта латын әліпбиіне көшкен кезде бас қатырып зерттейтін және әлемге танытатын мәселе болмақ. Мысалы, ұшақпен Алматыдан Астанаға ұша қалсаңыз, Астана қаласы он жыл бойы солай аталып келсе де, «TSE» деген белгімен тұрады. Яғни, бүкіл әлемнің каталогына «Целиноград» болып еніп кеткендіктен оны өзгерту өте үлкен қаражатты талап етеді. Сондықтан ол өзімізге Астана болғанмен, билеттерімізде «ТSЕ» деген кодпен жүре береміз. Бәлкім, бұл да солай қалып қалатын шығар. Бірақ бастысы бұл емес. Бастысы – өзіміздің ішкі бірлігіміз, ішкі тұтастығымыз. Ал әріптерде тұрған үлкен бір саясат жоқ деп есептеймін, – дейді саясаттанушы Айдос Сарым.


«ӘРБІР ӘРІП ҮШІН КҮРЕСУІМІЗ ҚАЖЕТ»

Ұлтшыл-патриоттар мемлекет атауының ағылшын тіліндегі баламасына қатысты басқаша көзқарас ұстанады. Саясаткер Дос Көшімнің пікірінше, егер ниет болса, бәрін істеуге болады. «Мәселе – тілге салақ қарауға жол бермейтін ұстанымда», – дейді ол.
Әріпті өзгертудің өзі ұлтшыл азаматтар үшін ана тіліміздің масқаралануы сияқты қабылдануы керек.

– Бізді кезінде совет үкіметі қалай атаса, қазір солай келе жатырмыз. Кезінде Болатхан Тайжан да «тіпті Қазақстан сөзінің ағылшын тілінде жазылуының өзінде үлкен қателік бар» деген болатын. Демек, ол бұл мәселенің астарын білген және соны жүзеге асыруға тырысқан болуы керек. Әр уақытта біз айтудан жалықпаймыз. Қазақтың әрбір үтірі үшін, әрбір әрпі үшін күресуіміз керек. Әлі есімде, біз алғаш рет 1988 жылы «Ана тілі» ұйымын құрған уақытта «Медео» болатын. Сол «Медео»-ны біреулер «Медеу» деп жазамыз деген кезде кейбіреулер «онда тұрған не бар, «о» не, «у» не, бәрібір емес пе» деген уақытта бір жігіт тұрып: «сол жалғыз әріпті мен өзім түнде барып-ақ алып тастауға дайынмын, сотталсам сотталып кетейін» деген еді. Өйткені сол әріп, сол өзгертудің өзі ұлтшыл азаматтар үшін ана тіліміздің масқаралануы сияқты қабылдануы керек, – дейді Дос Көшім.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG