Accessibility links

Қазақстанда 1932-33 жылдары болған ашаршылықтың 80 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілетін болды. Бұған қатысты үкіметке тапсырма берген Қазақстан президенті наурыздың 1-і ашаршылықтан халықтың 40 пайызға жуығы қырылғанын атап өтті. Ал қазақ тарихшыларының бірі ашаршылық құрбандарына қатысты мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралардың әлі де жеткіліксіз екенін айтады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев наурыздың 1-і Nazarbaev University оқу орнының студенттерімен кездесіп тұрып, 1932-1933 жылғы ашаршылықтың 80 жылдығын атап өту керектігін айтты. Ол: «Егер ашаршылық болмағанда қазір 45-50 миллион болатын едік» деп мәлімдеді.

ГОЛОДОМОРДЫ МОЙЫНДАУ

Совет Одағының бірқатар аймақтарындағы ауыл шаруашылығымен күнелткен және тұрмысы мал шаруашылығына қарап тұрған халықты баудай түсірген ашаршылық туралы ең бірінші болып 1980 жылдардың басында шетелдегі украин диаспораларының белсенділері айта бастады.

Ал Украина үкіметі 1932-33 жылдарда осы елде болған ашаршылықты БҰҰ деңгейінде геноцид ретінде танытуға тырысып келеді. Голодомор деген тұрақты терминге айналған бұл қырғынды отыздан астам ел геноцид ретінде мойындаған.

Голодомор құрбандарын еске алу үшін қойылған ескерткіш. Днепропетровск, 18 шілде 2011 жыл

Голодомор құрбандарын еске алу үшін қойылған ескерткіш. Днепропетровск, 18 шілде 2011 жыл

Киев Совет Одағының қолдан жасаған қырғынында Украина жеті жарым миллион адамға дейін халқын жоғалтты деп, бұл қырғынды халықаралық деңгейде геноцид ретінде мойындатуға күш салды. 2005 жылғы президент Виктор Ющенко билігі кезінде Голодомор құрбандарына арналған мұражайлар ашылып, ескерткіш қойылды. 2009 жылы Украинаның қауіпсіздік қызметі Голодомор бойынша арнайы қылмыстық іс ашты. Бір жылдан соң Киевтің апелляциялық соты Украинадағы бұл қырғын адам қолымен, жоспарлы түрде жасалған қылмыс деп таныды.

АШАРШЫЛЫҚТЫ ЗЕРТТЕУ

Азаттық радиосына берген сұқбатында, қазақ тарихшысы Талас Омарбеков: «Біз ашаршылық қасіретін зерттеуде украиндықтардан көп болмаса, аз жұмыс істеген жоқпыз» дейді. Ол ашаршылық тақырыбында жарияланған көптеген зерттеулер мен монографиялар бұл қасіретті мемлекет деңгейінде атап өтіп, әр қалада аштық құрбандарына монумент орнатуға негіз бола алады деп айтты.

Ашаршылық тақырыбын зерттеп келе жатқан тарихшы Қазақстан үкіметі совет жүйесінің жасаған қылмысына қатысты көзқарасын әлі қалыптастырған жоқ деп санайды.

Астана қаласында ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылады деп орнатылған белгітастағы жазу. 3 желтоқсан 2008 жыл

Астана қаласында ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылады деп орнатылған белгітастағы жазу. 3 желтоқсан 2008 жыл

- Біздің елімізде, тарихымызда орын алған ең алапат, адам айтқысыз, бүкіл қазақтың ортақ қасіреті, әрі қазақ халқын орны толмастай этникалық тұрғыдан ойсыратып кеткен 1932 жылғы ашаршылыққа баға берілген жоқ. Ол тоталитарлық жүйенің саяси қылмысы ретінде, қазақ халқының ұлттық қасіреті ретінде әлі бағаланған жоқ, - деді Талас Омарбеков.

Ол осының салдарынан Алматыдан бастап елдегі ешбір қалада ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш қойылған жоқ дейді. Тарихшы Алматыдағы Наурызбай батыр көшесі мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысындағы бақта ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылады деген қара тастың тұрғанына 10 жыл болғанын ескертіп өтті.

АСТАНАДА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛАДЫ

Ақпанның 29-ы Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астанада тұрғызылатын «Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш» эскизі бойынша өткен республикалық байқаудың қорытындысымен президент Назарбаевты таныстырды.

Ақорданың сайтында, «1932-1933 жылдардағы кеңестік күштеп ұжымдастыру және конфискелеу барысында миллиондаған адамдар қайтыс болды, миллионнан астам отандастарымыз туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Осы қайғылы оқиғаларды есте сақтау мақсатында елордада «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументін орнату туралы ұсыныс енгізілді» деп жазылған.

31 мамыр басында ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланып, кейін саяси қуғын-сүргін құрбандары күніне айналған. Бұл әрекет тарихи оқиғаларды шатастыруға апарып соқтырды.

Тарихшы Талас Омарбековтың пікірінше, 31 мамыр басында ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланып, кейін саяси қуғын-сүргін құрбандары күніне айналған. Оның айтуынша, бұл әрекет тарихи оқиғаларды шатастыруға апарып соқтырған «барып тұрған сауатсыздық».

Тарихшы ресми билік ашаршылық құрбандарын еске алу күнін жарияламаса да, біз ұлттық қасіретімізді халық болып еске алатын күнді белгілеуіміз қажет деп санайды.

- Ең болмаса Құрбан айттың алғашқы күнінде қазақ халқының қасіретіне, ашаршылық құрбандарына құран бағыштасақ дұрыс болар еді, - дейді ол.

"ГЕНОЦИД ДЕМЕЙ, НЕ ДЕЙМІЗ?"

Бұл тақырыпты мұрағаттарда зерттеген желтоқсаншы, марқұм Әркен Уақ көзі тірісінде Азаттыққа берген сұқбатында «Совет Одағының қазақ халқына қарсы геноциді патша заманынан басталған» деген еді.

«Жалпы 1930 жылғы деректер қазақтың саны 5 миллион 200 мың деп, кейінгі деректерде тірі қалған қазақтың саны 2 миллион 300 мың ғана деп көрсетеді. Сонда 3 миллион халық ашаршылықтан қырылған. Оны енді геноцид демей не дейміз?» деген еді.

Әркен Уақтың пайымдауынша, совет басшылығы 1932-33 жылдардағы ашаршылықты жоспарлы түрде, қолдан ұйымдастырған. Астана әлі ресми түрде Қазақстанда болған ашаршылыққа ешқандай баға берген емес. Қазақстан Украинадағы Голодоморды геноцид деп таныған елдердің ішінде де жоқ.

Азаттық радиосының Қазақстандағы ашаршылыққа арналған веб-парағынан көбірек мәлімет табасыз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG