Accessibility links

Болат Әбілов өзінің және партияда бірге жүрген әріптестерінің биліктің мүддесі үшін жұмыс істеп жатпағандығын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол өзінің де, Жармахан Тұяқбайдың да Ақордадан ақша алмағандығын айтты.

Сейсенбі күні Рахат Әлиевтің ықпалында деп айтылып жүрген kaztoday сайтында оппозиция көсемдері Болат Әбілов пен Жармахан Тұяқбайға қатысы бар телефон әңгімелері жарияланды. Сайтта жарық көрген мақала тақырыбы –«Тәуелсіз зерттеу агенттігінен «оппозиция» өмірінен тағы бір үзінді» деп аталады. Бұл телефон әңгімелерінде – дауыстары оппозиция басшыларының бірі Болат Әбілов пен Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековтың үніне ұқсайтын адамдар сөйлесіп, онымен, яғни даусы Әділбек Жақсыбековтің үніне ұқсайтын адаммен Ораз Жандосов пен Төлеген Жүкеевтің кездескісі келетіндігі айтылады.

Әңгіме барысында даусы Әділбек Жақсыбековтікіне ұқсайтын кейіпкер даусы Болат Әбіловтікі делінген адамға бейсенбі күні кездесуге болатынын жеткізеді. Ол өз кезегінде кездесудің себебін сұрағанда Болат Әбіловтың үніне ұқсас дауыстағы адам саяси мәселенің бар екенін айтып, бірақ, телефон арқылы сөйлесетін әңгіме емес екенін жеткізіп, екі жаққа да тиімді жерде кездесуге ұсыныс жасайды. Әділбек Жақсыбековтың үніне ұқсайтын дауысты кісі олармен өз кабинетінде ғана кездесе алатынын ескертеді.

«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов 7-ші қазан күні Азаттық радиосына берген сұхбатында, Рахат Әлиевтің ықпалында деп айтылып жүрген kaztoday сайтында жарияланған телефон әңгімелерінің шындық екенін айтты. Сондай-ақ, сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековпен Иманғали Тасмағамбетовтың ұсынысы бойынша кездескендігін мәлім етті:
- 2006 жылы ақпан айында біз өзіміздің пікірлесіміз - мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің қастандықпен өлтірілгеніне байланысты Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда саясаткерді еске алу митингісін өткізуге қалалық әкімшіліктен рұқсат сұрадық. Алматының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов біздің өтінішімізді қанағаттандырмай, сол күні - ақпанның 26-сында аталған алаңға авто-мото шоу ұйымдастырды. Алтынбекті еске алуға келген 5 мыңға жуық халық ашуға басып, полицейлердің шебін бұзып өтіп, жаңа алаңға бет бұрды. Одан кейінгі жағдайдың не болғанын білесіздер. Мені және саясатта бірге жүрген әріптестерімнің көбісін дерлік билік әкімшілік жазаға тартып, жарты айға абақтыға қамады.
"Әділбек Жақсыбековпен сөйлескеніміз де, кездескеніміз де рас» - деп әңгімесін жалғастырды Болат Әбілов. - 2007 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу мақсатымен митинг өткізу үшін трагедия орын алған күннен бір ай бұрын біз кезекті рет қалалық әкімшілікке өтініш хат жолдадық. Бірақ, Иманғали Тасмағамбетов бізге тағы да рұқсат бермей, мұндай мәселелерді тек Ақорданың ғана шешетіндігін айтып, сол жақтағылармен сөйлесуімізге кеңес берді. Содан соң, біз Әділбек Жақсыбековтың өзіне хабарласып, саяси мәселелерге байланысты кездескіміз келетіндігін жеткіздік. Президент әкімшілігінің басшысымен жүздесуге менімен бірге «Нағыз Ақжол» партиясының тең төрағалары Ораз Жандосов пен Төлеген Жүкеев барды. Әділбек Жақсыбековке келген мақсатымызды айтқанымызда, ол бұл мәселелерді қалалық әкімшіліктің шешетіндігін айтып, Иманғали Тасмағамбетовке сілтеді. Сол уақытта Төлеген және Ораз үшеуіміз әкімшілік рұқсат бермейтін болса да, Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу митингісін бәрібір өткізетінімізді кесіп айттық. Шамасы, билік сол уақыттағы жағдайды түсінсе керек, олар бізге Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда митинг өткізуге рұқсат берді. Бұдан бөлек, біз Президент әкмішілігінің басшысымен қоғамдағы демократияның дамуы, сөз бостандығы және әділ сайлау өткізу мәселелері төңірегінде әңгімелестік. .
Сондай-ақ, Болат Әбілов Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековпен 2007 жылдың шілде айында тағы бір рет кездесіп, алдағы болатын парламент сайлауын әділ өткізу керектігі туралы әңгімелескенін айтты.
Болат Әбіловтен не себепті Әділбек Жақсыбековпен Ақордада емес, басқа жақта кездескісі келгендерін сұрағанымызда:
- Ақ Ордаға барғымыз келген жоқ. Әрине, ол жерде мемлекеттегі маңызды мәселелер шешіледі. Соған қарамастан, Әділбек Жақсыбековпен басқа жерде кездескіміз келді. Ал, ол жаққа бару себебіміз, Алтынбекті еске алу митингісін жақсылап өткізгіміз келді.
Сонымен қатар, біз Болат Әбіловтен Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбайға байланысты жарияланған телефон әңгімелері туралы пікірін білдік. Ол бұл жөнінде былай деді:
- Мен Жармахан Айтбайұлына сенемін. Ол мемлекеттік қызметте жүрген кезінде Нартай Дүтбаевтан да лауазымы жоғары қызметтер атқарды. Сондықтан да, Жармахан Тұяқбай Нартай Дүтбаевтың жетегінде жүр деген әңгімеге сенбеймін. Бұл бір. Екіншіден, Жәке ақылы бар адам. Оның ҰҚК-мен жұмыс істеп жүруі мүмкін емес. Әрине, белгілі бір мәселелерге қатысты билікпен байланыстар болды. Бірақ, ол да, мен де Ақордадан ақша алған жоқпыз.
Әңгіме соңында, Болат Мұқышұлынан Рахат Әлиевте бізге қарсы ештеңе жоқ деп айтып едіңіз ғой. Ол бұдан кейін де сіздердің саяси беделдеріңізге нұқсан келтіретін компроматтар жариялауы мүмкін деп деп қорықпайсыз ба деп сұрадық. Бұған қатысты оның жауабы мынандай болды:
- Рахат Әлиевтен қорықпаймын. Оның қолында бізге қарсы ештеңе жоқ. Біз өзіміздің саяси қадамдарымызды ешуақытта Ақордамен келісіп жасаған емеспіз. Ия, Әділбек Жақсыбековпен кездестім. Бірақ, онымен әңгімеміз қоғам мен халық туралы болды.
XS
SM
MD
LG