Accessibility links

«Республика» газеті БТА Банкпен соттасу үшін британдық кеңесшілерді жалдамақшы


«Республика» журналистерінің наразылық акциясына БТА Банкі басшысының қағаздан жасалған макетінде осындай да жазу болды. Алматы, 8 қыркүйек, 2009 жыл.

«Республика» журналистерінің наразылық акциясына БТА Банкі басшысының қағаздан жасалған макетінде осындай да жазу болды. Алматы, 8 қыркүйек, 2009 жыл.

«Республика» газеті БТА Банкке қарсы сот тартысында кеңесші компания іздестіріп жатқандықтарын мәлімдеді. Бұған дейін редакция БТА Банкі еуробондармен есеп айрысуға келіспесе, британдық сотқа шағымданатындарын ескерткен болатын. Басылымды енді Салық комитеті тексере бастағаны белгілі болды.


«Республика» газетінің басшылары әзірге БТА банкімен күресте Британия соты қалай көмектесе алады деген мәселемен бас қатыруда. Бүгінде олар осы мақсатта, бірқатар британиялақ компаниялармен келіссіөздер жүргізуде екен. Басты мақсат – талап-арызды нақты белгілеп, арыз-шағымды дұрыс толтыруға қол ұшын беретін білікті кеңесші табу. Бұл туралы біздің радиомызға «Республика» басылымы қаржы бөлімінің редакторы Сергей Зелепухин айтқан болатын.

– Біз бірнеше жолды таңдап отырмыз. Біз банктің бізге жүктелген міндеттемелерді толықтай жойылуын талап етіп шағым бере аламыз. Біз, яғни басылымның меншік иесі мен бас редакторы банктің аталған халықаралық облигацияларының иесіміз. Яғни, банктің қарыз берушісіміз. Сондықтан олар біздің алдымызда, мүлкін сатып болса да, өз міндеттерін өтеуі тиіс, – дейді радиомызға түсініктеме берген Сергей Зелепухин.
Басты мақсат – талап-арызды нақты белгілеп, арыз-шағымды дұрыс толтыруға қол ұшын беретін білікті кеңесші табу...


Сондай-ақ қазанның 5-і күні, өздерін екі түрлі салық құрылымының қызметкерлері деп таныстырған белгісіз екеу «Моя республика» және «Голос республики» басылымдарының баспагерінен барлық құжаттарды тексеруге беруді талап еткен. Салық комитетінің қызметкерлері өз талаптарының заңды екендігін айғақтайтын ешқандай құжат көрсетпеген. Ал басылым басшылары бүгінгі «шақырылмаған қонақтар» – билікке жағымсыз «Республиканың» көзін құртудағы науқанның жалғасы деген ойда.

«Республика» газеті осы жылдың шілде айының соңынан бері БТА Банкімен соттасып келеді. 2009 жылдың 6 наурызында «Республика» газетінің №8 санында жарық көрген Мұхамеджан Әділовтің «Хрен редьки не слаще» атты мақаласы банктің 6 миллиард 770 мың теңге депозитінен және клиенттерінен айырылып қалуына тікелей әсер етті деп, БТА Банкі басылым үстінен сотқа шағым түсірген болатын. Моралдық өтем ретінде банк басылымның бас редакторы мен аутордан 80 млн. теңге талап етілген-ді.

9 қыркүйекте Алматыдағы Медеу аудандық соты «Республика» газетінің үстінен шағым түсірген БТА Банктің пайдасына 60 млн теңге өндіріп беру жөнінде шешім шығарған еді.

Бұған дейін «Республика – деловое обозрение» газетінің меншік иесі және бас редакторы әрқайсысы 20 миллион теңгеден моралдық шығынды БТА Банктің өзінің еуробондымен өтеуді ұсынған болатын. Бас редактор Гузяль Байдалинованың айтуынша, газеттің меншік иесі – «DPA» ЖШС-нің құрылтайшысы мен өзінің иелігінде әрқайсысы 133 мың АҚШ долларына бағаланатын халықаралық облигациялар бар.

Алайда БТА Банк мұндай ұсыныстан бас тартты. Бұған қатысты БТА банкінің басқарма бастығы Ануар Сәйденовтың жауабын Азаттық радиосына БТА банкінің баспасөз хатшысы Әділ Досымов жеткізген еді.

– БТА Банктің облигацияларының иесі сол банктің несиегері саналады. Халықаралық тәжірибеге және біздің несиегермен жасалған келісімшартқа сәйкес, ол стандарттық әрекеттер талаптарына жауап беруі керек. Яғни, бізде сыртқы қарыздарды қайта құрылымдау жөнінде келіссөздер жүріп жатқан уақытта, соның аясында жұмыс істеуге тура келеді. Бұл жердегі әңгіме негізгі қарыздарды және пайыздарды төлеуге мораторий туралы болып отыр. Біз қарыз берушілер комитетімен бірге жүзеге асыратын ең басты принциптіріміздің бірі – барлық қарыз берушілерге бірдей адал қарым-қатынас. Сондықтан, газет болсын, жеке тұлғалар, инвесторлар, банктер, қор немесе басқа да мекеме болсын біз ешкімды артық санамаймыз, – деп атап көрсетті Әділ Досымов.

Ал «Республика» басылымның осы күнгі іс-әрекетіне қатысты, банк өкілі ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Бұдан бұрын Қазақстан үкіметімен Лондон соттарында айқасатынын БТА Банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов мәлімдеп қалған болатын. Әблязовтың биылғы жылы ақпан айында банк мемелекет меншігіне қайтарылған соң Қазақстаннан кетіп қалғаны белгілі. Енді БТА Банкпен Британия соттарында «Республика» газеті де соттаспақшы.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG