Accessibility links

ЕҚЫҰ төрағасының сөз бостандығын елемейтін түрі бар


Өзін сынағандардың сотталуына себепші болған Шымкент қаласының әкімі - Aрман Жетпісбаев.
Өзін сынағандардың сотталуына себепші болған Шымкент қаласының әкімі - Aрман Жетпісбаев.

Биыл күзде Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммиті Қазақстандағы сөз бостандығы мен адам құқығына назар аударсын! Сейсенбі күні халықаралық Журналистерді қорғау комитеті осы мәселеге үндеді. Комитет ЕҚЫҰ-дан Қазақстандағы сөз бостандығы мәселесін Астана саммитінің күн тәртібіне шығаруды сұрап, осымен екінші рет мәлімдеме жасап отыр.




«КӨЗЖҰМБАЙЛЫҚ КЕЛЕҢСІЗДІКТЕРГЕ СОҚТЫРУЫ МҮМКІН»


Естеріңізде болса, шілденің 16-17-сі күндері Алматыда Ақбұлақ демалыс орнында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің басқосуы өтті.

Соның алдында шілденің 14-і күні Журналистерді қорғау комитеті Қазақстан адам құқығы мен сөз бостандығы бойынша міндеттемелерін орындаған жоқ, осы мәселені саммиттің күн тәртібінде талқыласаңыздар деген өтінішпен хат жолдаған.
ЕҚЫҰ төрағасы, Қазақстан сыртқы істер министрі
Қанат Саудабаев ұйым саммитінде. Ақбұлақ курорты.
Алматы облысы. 17 шілде 2010 жыл.

Дегенмен, Ақбұлақтағы жиында бұл мәселе назардан тыс қалып, комитеттің екінші рет мәлімдеме жасауына тура келіп отыр.

«ЕҚЫҰ мүшелерінің ұйымға төраға болып отырған ел – Қазақстандағы адам құқығы мен сөз бостандығы мәселесін Астанадағы саммиттің күн тәртібіне енгізбегені өкінішті»,- деп атап көрсетілген мәлімдемеде.

– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы талаптарын сақтамай отырғанына көз жұма қарау адам құқтары сияқты басты миссия бойынша бұдан да үлкен келеңсіздіктерге соқтыруы мүмкін, - дейді Журналистерді қорғау комитетінің Еуропа мен Орталық Азия бағдарламалары бойынша үйлестірушісі Нина Огнянова.

«ЗАҢ АЯСЫНДАҒЫ БАССЫЗДЫҚ»

Қазақстандық «Әділ сөз» қорының биылғы алғашқы жарты жылдықты саралаған есебі де жағдайдың мәз емес екендігін көрсетеді. Қор президенті Тамара Калееваның сөзінше, журналистерге қысым жасаудың өзі заң арқылы бекітіліп отырған жайы бар.

"Әдәл сөз" қорының президенті Тамара Калееваның сөз
бостандығын шектеуге қарсылық білдіріп тұрған сәті.
Aлматы. 24 маусым 2009 жыл.
– Соңғы жарты жылдың қортындысы қуантарлық емес. Себебі журналистерге шабуыл жасалынып жатыр, мәселен соңғы алты айда осындай жеті факті анықталды. Үш бірдей бұқаралық ақпарат құралы өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Осы күнге дейін 12 сайтқа тосқауыл қойылып, БАҚ қызметкерлерін қылмыстық қудалаудың 9 фактісі тіркеліп отыр. Бұл бассыздықтардың барлығы заңның аясында жасалынып жатыр. Біздің заңдарымыз міне, осындай, - дейді Тамара Калеева.

Оның сөзінше, әсіресе, биыл журналистерге қарсы заң талаптары күшейе түскен.. Айталық, жаңадан қабылданған БАҚ туралы заңда интернет сайттары тіпті жекелеген блогтар, чат бөлімдері, әлеуметтік сайттардың бәрі кәдімгі дәстүрлі баспасөз санатына жатқызылды. Одан өзге, осы жылдың наурыз айында ақпараттандыру және байлданыс агенттігі аясында деструктивті, яғни зиянды сайттарды бақылап отыратын арнайы қызмет құрылды. Бұл аздай, енді қазақ үкіметі спутниктік телеарналарға да шектеу қоюды көздеп отыр.

«СОВЕТ ОДАҒЫ КЕҢІСТІГІНДЕ ЕШНӘРСЕ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ»

Сарапшы мамандар мұның барлығы азаматтардың ақпарат алу құқын шектейтіндігін айтады. Сондықтан бұл мәселе жоғары деңгейде – Астанада өтетін жиында талқылануы міндетті дейді халықаралық журналистерді қорғау ұйымы. Алайда, құқыққорғаушы Нинель Фокина, талқылау қажет-ақ дегенмен одан ешнәрсе өзгермейді деген сенімде.

– ЕҚЫҰ 1975 жылдан бері – 35 жыл жұмыс істеп келеді. Әзірге бұрынғы Совет Одағы кеңістігінде айтарлықтай ешнәрсе өзгерген жоқ. Сондықтан меніңше бір ғана кеңес немесе бір ғана талқылау барысында мәселені шешу мүмкін емес. Бұл жиында баспасөз бен адам құқық мәселесі талқыланып жағдай өзгереді деу қиын, бірақ бұл мүлдем талқыланбау керек деген сөз емес, - дейді Фокина.

Ал мәлімдеме жасаған журналистерді қорғау комитеті ЕҚЫҰ мүшелері басшылары саммитіне тәуелсіз журналистер мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатыстырылатындығына да сенгісі келетіндігін айтып отыр. Алайда Қазақстандық мамандар бұған күмән келтіреді.

«ӘДІЛ СӨЗ» ЕКШЕГЕН ӘДІЛЕТСІЗДІКТЕР

«Әділ сөз» қорының келтірген мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері БАҚ өкілдерін соққыға жыққан 7 факті тіркелген. Соққыға жығылғандар қатары мынандай: Абзал Ағалиев («Таң»ТА, Алматы қ.), Жұлдыз Төлеу, Бауыржан Смағұлов (ТРК «31 канал», Астана қ.), Игорь Ларра («Свобода слова», Ақтөбе обл.), «Жас Алаш» (Алматы қ.), Арман Жәниев («Бұқпа!», Кокшетау қ.), Юрий Гейст («Диапазон», Ақтөбе қ.), Лариса Чен («Голос Республики», Қарағанды обл.)

Одан өзге «Әділ сөз» қазіргі күнге дейін бес журналист кәсіби қызметі үшін түрмеде отырғандығын айтады. Олар:

- 2008 жылы ақпаратты сатып алмақ болған деген айыппен 3 жылға бас бостандығынан айырылған «Закон и правосудие» басылымының бас редакторы – Тоқберген Абиев.

- 2009 жылы мемлекеттік құпияны жариялады деген айыппен 3 жылға сотталған «Алма-Ата Инфо» басылымының бас редакторы – Рамазан Есіргепов.
Сөз бостандығын қорғау ұйымдары қамаудағы
журналистерді босатуды талап етіп тұр. Aлматы.
24 маусым. 2009 жыл.


- 2009 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімін сынға алғаны үшін 1 жылға сотталған Алпамыс Бектұрғанов.

- 2009 жылы қыркүйекте Шымкент қаласының әкімін сынаған Камалатдин Дулатов бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды.

- 2009 жылы Шымкент қаласы әкіміні сынағаны үшін Мұхтар Мұхамбетжан бір жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Мұның ішінде Камалатдин Дулатов «Қазақ хандығы» қоғамдық қорын, Мұхтар Мұхамбетжан «Ел бірлігі үшін» қоғамдық қорын басқарады. Олардың баспасөз өкілдері қатарына еніп кеткендігі назар аудартпай қоймайды.

Қор мәліметінше, 2010 жылдың алғашқы алты айында «Голос Республики» мен «Взгляд» басылымдары мен көкшетаулық Мәдина Мұхаметжанова мен солтүстік қазақстандық Виктор Мирошниченколарға қарсы қоқан-лоққы әрекеттері тіркелген.

Статистика бойынша, соңғы жарты «Город 326» ( Тараз қаласы), «Земля и люди» (Орал қаласы), «Алма-Ата инфо» (Алматы қаласы) тәрізді БАҚ құралдарының жұмысы күштеп тоқтатылды.

Одан өзге Қазақстанда веб-сайттарға тосқауыл қойылудың 12 фактісі тіркеліп отыр.

«Әділ сөз» сонымен қатар журналистердің заңды кәсіби қызметін атқару барысында кедергі келтірген 19 факті тіркелген. Бұның ішінде 9 факті бойынша журналистер қылмысқа барды деген айыппен қудалауға ұшыраған.

Аталған қордың есебінде сонымен қатар журналистерді сот орындарына БАҚ орындарынан әртүрлі мөлшерде шығын өндіруді талап еткен шағымдар түскенін және БАҚ өкілдері үшін қоғамдық маңызы бар ақпараттарды алуда қарсылыққа тап болғаны да келтірілген.
XS
SM
MD
LG