Accessibility links

Ермек Нарымбаевтың жұбайы күйеуіне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған дейді


Оппозиция белсендісі Ермек Нарымбаевтың жұбайы Зоя Нарымбаева Алматы қалалық сотының алдында. Алматы, 19 мамыр 2010 жыл.

Оппозиция белсендісі Ермек Нарымбаевтың жұбайы Зоя Нарымбаева Алматы қалалық сотының алдында. Алматы, 19 мамыр 2010 жыл.

Ермек Нарымбаевты тұтқындауға берілген санкцияға орай қайта шағымдануға болмайды. Оның әйелі Зоя Нарымбаеваның айтуынша, Ермекке қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған. Зоя Нарымбаева куәгерліктен бас тартып, қоғамдық қорғаушы мәртебесін алуға өтініш білдірді.


ҚАЙТА ШАҒЫМДАНУҒА БОЛМАЙДЫ


Мамырдың 19-ы, сәрсенбі күні Алматы қалалық соты апелляциялық алқасының судьясы Елмахан Ділдабаев Бостандық аудандық сотының «Арман» қозғалысы жетекшісі Ермек Нарымбаевты тұтқындауға берілген шешімін өзгеріссіз қалдырып, оның жеке шағымын қанағаттандырмау жөнінде қаулы шығарды. Судья оған қоса «бұл қаулы ақырғы және қайта шағым беруге жатпайды» деп атап өтті.

Сот айыпталушы Ермек Нарымбаевтың қатысуынсыз өтті. Сотта оның шағымын адвокат Бақыт Бименов оқып берді.

Екінші сатыдағы сот шешімі бірден күшіне енеді. Алайда бұл шешімді жүзеге асырудың ешқандай қиындығы жоқ. Өйткені айыпталушы ішкі істер департаментінің уақытша оқшаулау абақтысында (УОА) қамауда отыр. Оның адвокаты Бақыт Бименов айыпталушыны неге осы уақытқа дейін Алматының тергеу абақтысына (ТА) ауыстырмағанын түсінбейді.

– Ермек Нарымбаевты 14 мамыр, жұма күні-ақ Алматы қалалық ішкі істер департаментінің уақытша оқшаулау абақтысынан Алматы қалалық тергеу абақтысына ауыстырулары керек болатын. Былай қарасаң, екеуі де түрме. Бірақ УОА заңды түрде ішкі істер министрлігіне, ал тергеу абақтысы әділет министрлігіне қарайды. Ал бұл екеуінің айырмасы жер мен көктей, – деді Бақыт Бименов.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жұма күні, 14 мамырда Бостандық аудандық соты «Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаевты тұтқындауға санкция берген. Бұған Ермек Нарымбаевқа тағылған айып («билік өкілдерінің өмірі мен денсаулығына қауіп тудырмайтын зомбылық жасауына байланысты») тағылуы себепкер болды. Қылмыстық кодекс бойынша бұл орташа ауырлықтағы қылмыс болып табылады. Оған айып салудан бастап бес жылға дейін түрмеге жабу қарастырылған.

Ермек Нарымбаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іске сәйкес, оған 2 мамырда, Алматы қалалық әкімшілік сотының ғимаратында өзіне қатысты әкімшілік іске байланысты сот отырыстарының арасындағы үзілісте «билік өкілдерінің өмірі мен денсаулығына қауіп тудырмайтын зомбылық жасады» деген айып тағылып отыр. Атап айтқанда, өздерінің қызметтік міндеттерін атқарып отырған Алматы қаласы Алмалы аудандық ІІБ-ның екі учаскелік инспекторларына қатысты зомбылық жасаған-мыс. Ермектің әйелі Зоя Нарымбаеваның айтуынша, арызды әлгі екі полицей жазған. Олардың жазуларынша, «полицейдің біреуін жерге жығып салып, екіншісінің погонын жұлып алған және қалтасын жыртқан-мыс».
Алматы қалалық соты апелляциялық коллегиясының
судьясы Елмахан Ділдабаев.
Алматы, 19 мамыр 2010 жыл.


«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаевтың әкімшілік жауапкершілікке тартылуына себепкер болған жай мынау. 1 мамыр күні ол демократиялық қоғамдастықтың республикалық жиылысында сөз сөйлеп, «Назарбаев, кет!» деген ұран көтерген. Оны оппозицияшыл саясаткер Жасарал Қуанышәлин қолдаған. Жиылысқа қатысушылардың бейбіт шеру өткізуіне полицияның кедергі жасауына қарсылық ретінде, жиылыстан соң екеуі де аштық жариялады. Оларға тағы бірнеше жақтастары қосылды. Аштық жариялаушылардың басты талаптарының бірі – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтен кетуі болатын.

Сол күні, мамырдың 1-інде кешкісін «Алға» партиясының кеңсесінің аумағында Ермек Нарымбаев пен Жасарал Қуанышәлинді полиция ұстап алып кетті.

Келесі күні, мамырдың 2-сінде, әкімшілік сот Жасарал Қуанышәлин мен Ермек Нарымбаевты соттады. Жасарал Қуанышәлинге айып салынып, Ермек Нарымбаев он бес тәулікке қамалды.

ЗАҢДЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ДӘЛЕЛДЕР

Судья Елмахан Ділдабаев шығарған шешімде Ермек Нарымбаевтың орташа ауыр қылмыс жасағандығы айтылды. Апелляциялық сот отырысы біткен соң Азаттық радиосының тілшісі судья Елмахан Ділдабаевтан осы жағдайға байланысты түсініктеме алуға әрекеттенді.
– Ермек Нарымбаевқа қатысты қазір қозғалған қылмыстық іс бойынша алда болатын сотта ғана оның қандай қылмыс жасағандығы зерттеледі емес пе, ендеше оның қылмысын орташа ауыр деп алдын ала қалай айтуға болады? –деген сұрақ қойылды судья Елмахан Ділдабаевқа.

– Түсініктеме бермеймін, – деген Елмахан Ділдабаев Алматы қалалық сотының екінші қабатындағы кабинетіне жылдам басып кетіп қалды.

Алматы қалалық прокурорының көмекшісі
Өркен Алшынбаев. Алматы, 19 мамыр 2010 жыл.
Азаттық радиосының тілшісі апелляциялық сотта айыптаушы жақтың өкілі болған Алматы қалалық прокурорының көмекшісі Өркен Алшымбаевтан да осы сұраққа жауап алмаққа әрекеттенді.

– Түсініктеме бермеймін, –деп жауап берген Өркен Алшымбаев, неге екені белгісіз, судья Елмахан Ділдабаевтың соңынан ілесіп кетті.

Апелляциялық сот барысында айыптаушы жақ «Ермек Нарымбаевты орташа ауырлықтағы қылмыс жасады, ол үшін бес жылға дейін түрмеге жабу қарастырылған» деген пікірді көбірек ұстанды.

Ал Ермек Нарымбаевтың шағымында оны айыптап отырған қылмыс үшін айып салудың да қарастырылғаны айтылады. Сондықтан оны тұтқындамауға да болатын еді.

Ермек Нарымбаевтың әйелі сот отырысы айыптау сипатында өтті деп есептейді.

– Мен басқаша болады деп ойлаған да жоқпын. Бірақ біздің шағымдануға заңды құқымыз бар болатын. Біз осы құқымызды пайдаландық. Сонымен бірге, сот әділ өтер деген үмітіміз де болды. Алайда, бұл үмітіміз ақталмады. Судья Елмахан Ділдабаевтың шығарған шешімінен-ақ ол заң бойынша қарастырылған жазаның төменгі шегін есепке алмай, тек жоғарғы шегін ғана ескергені көрініп тұрды. Дәл осы жағдай аталған сот отырысының айыптау сипатында өткеніне дәлел бола алады, – деді Зоя Нарымбаева сот отырысынан кейін Азаттық радиосының тілшісіне.

Зоя Нарымбаеваның айтуынша, оның күйеуін саяси себепке байланысты қудалап отыр.

– Ермекті әуел бастан-ақ саяси себепке байланысты қудалады деп есептеймін. Әңгіменің барлығы 1 мамыр күні өткен демократиялық қоғамдастықтың рсепубликалық жиналысындағы оның сөйлеген сөзінен басталды. Егер ол сол кезде «Назарбаев, кет!» деп ұрандамаса, осыдан кейін полиция адамдардың жолына бөгет болмаса, онда бұл да оппозицияның қатардағы кәдімгі бір жиналысы болып қалар еді, – дейді.

ҚЫСЫМНЫҢ КҮШЕЮІ

Зоя Нарымбаеваның айтуынша, оның күйеуіне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалып жатыр.

– Тергеуші маған Ермекке қатысты тағы бір қылмыстық істің қозғалып жатқандығын айтты. Бұл жолы «сотты құрметтемеді» деп айыптамақ көрінеді. Әңгіме 2 мамырда өткен сот отырысы жайында болып отыр. Ол дәл осы кезде сотқа құрмет білдірмепті-міс, – дейді Зоя Нарымбаева.

Бұдан бұрынырақ, 2 мамырда өткен әкімшілік сот отырысында өзінің кім екендігі туралы сауалға Ермек Нарымбаев Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпын деп жауап берген. Бұл жайында сот отырысының арасындағы үзілістердің бірінде саясаткер Жасарал Қуанышәлин Азаттық радиосының тілшісіне айтып берді.

– Өзінің айтуынша, Ермек осы арқылы соттың мағынасыздығын көрсеткісі келген. Өзінің жеке куәлігін алып келуге мүмкіндік бермейді, кім екендігін өз сөзі арқылы анықтағысы келеді, – деді сол кезде Жасарал Қуанышәлин.

Зоя Нарымбаеваның айтуынша, парламенттен соң енді судьялар да президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінше жағынғысы келеді.

– Ермекке қатысты қозғалып жатқан екінші қылмыстық істің негізгі іс болмайтындығын маған айтты. Менің ойымша, парламент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт көшбасшылығы туралы заң қабылдаған соң осы насихаттық шара барысында соттар да парламенттен қалыспай, президент Назарбаевқа адал берілгендігін бір көрсетіп қалғысы келіп отыр. Ендеше, президент Назарбаевқа қарсы кез-келген әрекетке жазаға кесетін жаңа заң әлі күшіне енбесе де, сот Назарбаевтың атын айтуға батылы барғаны үшін Ермекті бекерден-бекер жазалағысы келеді. «Сотты құрметтемеді» деп айыптауы – жай сылтау ғана. Егер Ермек сол жолы өзін Қуанышәлин немесе Козловпын деп таныстырса, онда судья Қоразбаева Ермекке соншалықты шүйлікпеген болар еді, – дейді Зоя Нарымбаева.

Адвокат Бақыт Бименов Ермек Нарымбаевты қорғауын жалғастыра береді. Ал Ермектің әйелі Зоя Нарымбаева куәгер мәртебесінен бас тартқысы келіп отыр.

– Мен куәгер мәртебесінен бас тартатындығымды айтып, Ермектің қоғамдық қорғаушысы етіп тағайындауларын сұрап, тергеушіге хат жаздым. Бұл барлық тергеу амалдарына, кейінірек сот отырыстарына қатысуыма керек, - дейді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG