Accessibility links

Назарбаев ескерткіші туралы ақиқат пен аңыз


Назарбаевтың Қырғызстандағы ескерткіші. Шолпан-Ата, маусым, 2007 жыл.
Назарбаевтың Қырғызстандағы ескерткіші. Шолпан-Ата, маусым, 2007 жыл.

Түрік президенті Абдулла Гүлдің Анкарада Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қою туралы ниеті барын айтқаны сол екен – қазақ депутаты оған Анкарадан бұрын Астанада ескерткіш орнатайық деген ұсыныс тастады. Бірақ көсемдерге тұрғызылған тас мүсіндердің тағдыры сан құбылып жататындығына тарихтың өзі куә.


БАСТАМАШЫНЫҢ ЫЖДАҺАТТЫЛЫҒЫ


«Ә» деп ауыз ашқан соң ар жағын да айту керек. Ұлт көшбасшысы мәртебесін бекіткен депутаттар енді бұдан былай тізгінді босатпауды жөн көрген сияқты.

Осы тұрғыда тез арада Астанада Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қою жөнінде бастама көтерді. Ескерткіш туралы әңгіменің бұлайша жедел басталуына себепкер болған - қазақтар емес, түріктер. Анкарада Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойылатындығын хабарлаған Түркия президенті Абдулла Гүл Қазақстанның қазіргі президентінің атын мәңгіге қалдырамыз деп алашапқын болып жүрген қазақ белсенділерін абдыратып-ақ тастады.

Шынымен де абдыратты ма? Өйткені мұндай идеялар аяқ астынан пайда бола қоймайды емес пе? Бұл идеяны біреулер тықпыштайды. Содан соң күмәнға бейім тұратындар «түрік президентінің бұл идеясы Ақорданың айналасынан шықты-ау» деген ортақ пікірге келіп отыр.

Дегенмен, ол ойды кім айтқанының қажеті қанша? Ең бастысы - нәтиже. Нәтиже көп күттірген жоқ. Осы бағыттағы халықаралық бәсеке бірден басталып кетті.

Бірақ бұл мәселеде түріктер де, қазақтар да әлдеқашан ұтылып қалғанын айта кету керек. Назарбаевтың тұтас тұлғасы сомдалған ескерткіш Қырғызстанда, Ыстықкөлдің жағасында Асқар Ақаевтың кезінде-ақ тұрғызылған болатын. Бұл бастаманы Ыстықкөлдің әлдебір жергілікті басшылары көтерді деседі. Әйтеуір ол жақта Назарбаевтың көлге қарап тұрған ескерткішін орнатып қойды. Назарбаевтың Украинадағы бюсті де шамамен сол кездерде пайда болған. Бірақ сәулет өнерінің осы бір қарапайым ескерткіші Назарбаевтың ресми жылнамашыларының назарына іліге қойған жоқ.

Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов Астанадағы ескерткіштің Анкарадан бұрын ашылуы керектігіне сенімді. Ләббайлық логикасы жеке адамның
Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов.
жұлқынғанын талап етеді. Оқтын-оқтын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мұндай бастамаларды тізгіндеп отыруы керек. Дегенмен жеке басқа табынушылықтың классикалық түрімен күресуге құдіретті саналатын оның өзінің шамасы келеді ме екен?

Бастамашылардың екпінінің қаттылығы сонша, егер Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін президенттің қарсылығына қарамай, оған айтпай жасырып, күтпеген сыйлық ретінде шілденің 5-інен 6-сына қараған түні қойып жатса да таңданатын ешнәрсе жоқ.

Президентті көкке көтерушілердің екпініне қарағанда, көп ұзамай Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі пошта маркаларында, мерейтойлық және өзге де монеталарда, ақша атаулының бәрінің бетінде, үлкенді-кішілі гүлзарларда пайда болатын сияқты.

Балалар оған өздері салған ұлт көшбасшысының суретін береді. Олигархтар оған Ай мен Шолпаннан телімдер сатып алып береді.

Александр Солженицын «В круге первом» атты романында жазғандай, советтік қайраткерлердің бір тобы Еділ өзені мен Айға Сталиннің атымен атауды ұсынған болатын.

Осы тұрғыдан келгенде қазақ бастамашылары кіммен болса да бәсекеге түсуге және жеңіске жете алатындықтарын дәлелдеуге даяр.

ҚАС-ҚАҒЫМ МӘҢГІЛІК

Бұндай жағдайға өмірде өзім куә болғанмын. Бүгінде келмеске кеткен алып мемлекетте соғыстан кейін Сталиннің ескерткіштері жаппай пайда бола бастады. Сталиннің ескерткіштері әрбір мектептің ауласы, аудандық комитеттерді былай қойып, әр әуылдық кеңестің алдында орнатылды. Айтпақшы, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де бала кезі мен жасөспірім шағында бұған куә болды.

Сапармұрат Ниязовтың ескерткіші. Ашғабад, 1 қараша 2001 жыл.
Сталиннің көзі жұмыла салысымен-ақ бұл ескерткіштер жоғала бастады. Ең таңқаларлығы, бұрын осы ескерткіштерді құлшыныспен тұрғызғандар енді оны соншалықты құлшыныспен алып тастады. Бұлардың қатарында Никита Хрущевтен бастап ауылдық кеңестің төрағаларына дейін бар. Олар өздері тұрғызған сталиндерді өздері құлатып жатты.

Қазақтар алысқа сабылып, мысал іздемеуі керек. Оңтүстігіндегі Түрікменстанға қараса да жетеді. Ниязовтың қазасынан кейін екі жылдан аса уақыт өте салысымен елдің қазіргі қожасы мәңгілік болып көрінген алтын Түрікменбашыны көзге сүйел қылмай алып тастауға бұйрық берді.

Мәңгілік дегеніміз - бар болғаны 800 күнге созылды. Құрбанғұлы Бердімұхамедов билікке келе салысымен Сапармұрат Ниязовтың алтын бейнесін алып тастауға ниеттенген сияқты.

СЕЗІКТІ ЖАҢАЛЫҚ

Қазақстанда ескерткіштерге байланысты әлдебір мистикалық жағдайлар болып жатқан сияқты көрінеді. Қазақтың тұңғыш хандары Керей мен Жәнібектің тәлкекке түскен ескерткіштеріне қатысты әлдебір түсініксіз оқиғалар болып жатыр. Ескерткіш мамырдың 27-сі, бейсенбі күні ашылуы керек болатын.

Ескерткіш ашылған жоқ. Парламенттегі Нұрсұлтан Назарбаевқа жеделдетіп ескерткіш ашу туралы идея да осы кезде көтерілді. Көпшілік бұл жаңалыққа күдікпен қарауы мүмкін. Хандардың ескерткіші тағы да күте тұратын болды. Тіпті, оларды ұрлап кетіпті деген әңгімелер де жетті.

Содан соң ескерткіштің тұғыры дұрыс жасалмаған екен деген ресми нұсқа да пайда болды. Оны қанша уақытта жасап бітерін ешкім де білмейді. Мүмкін, президенттің ескерткішін құйып біткенше жасайтын болар? Назарбаев тұп-тура 70 жасқа толатын 6 шілдеге дейін кідірте тұрар? Бұл күнді де Астана қаласының күні деп жақауратуы мүмкін?

Жәнібек пен Керейдің ескерткішінің ашылуы неге кешігіп жатыр? Бұның шынайы себептері мен Нұрсұлтан Назарбаевтың граниттен жасалған жаңа ескерткішінің арасында қандай байланыс бар екенін көп ұзамай-ақ ұзын құлақтан еститін болармыз.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий Лондонда тұрады. Бұл мақаладағы өзінің жеке көзқарасы мен пікірлері Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін.)
XS
SM
MD
LG