Accessibility links

Парламент депутаты Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі кейінге қалдырылуы мүмкін емес дейді


«Алға» партиясы мен Қазақстан коммунистік партиясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына «Қазақстанның осы ұйымға төрағалық етуі туралы шешімді кейінге қалдыруға шақырған» ұсыныспен қайрылды. Олар Қазақстанда адам құқтарының сақталуы саласында кері кетушілік бар дей келе, дәлел ретінде жаңа фактілерді алға тартты.

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЕУРОПАҒА АУТОРИТАРЛЫҚ ТӨРАҒА ҚАЖЕТ ЕМЕС

Тіркелмеген «Алға» партиясы мен Қазақстан коммунистік партиясының жетекшілері жариялаған үндеуге Алматы әкімшілік сотының «Алға» партиясы үйлестіру комитетінің төрағасы Владимир Козловты тіркелмеген партияға басшылық еткені үшін айыпты деп тауып, 130 мың теңге айыппұл төлеу туралі шешім шығарғаны басты себеп болған.

Сонымен қатар Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин жақында қабылданған «БАҚ туралы», «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы» жаңа заңдар «елдегі ауторитарлық билікті одан сайын қорғаштап отыр дегенді айтады.

- Сайлау туралы заңда партия мүшелерінің санын азайту жөнінде ұсыныс жасалды. Ол саяси партиялардың біреуіне де қажет емес. Партия мүшелерінің санын азайта отырып, партияның тіркеуге құжаттарын қабылдап, оны қараудың өзін тым күрделендіріп жіберді, – дейді Серікболсын Әбділдин.

Оның пікірінше, өз ішіндегі проблемаларды шеше алмай отырған Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына басшы болуға лайық емес.

- Мадридте елдің сыртқы істер министрі бірнеше уәде берген болатын. Бірқатар заңды түзейміз, демократиялық жолмен ел азаматтарының құқын қорғаймыз дегендей. Алайда оның бірде-біреуі жасалған жоқ. Есесіне, ептеп өзінің ойы мен сөзін айта алатындай саяси күш болса, оған шап беріп құртуға тырысуда, – дейді ол.

ДЕПУТАТТЫ ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ЗАҢДАР ҚАНАҒАТТАНДЫРАДЫ

Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан болса қолданыстағы заңдардың негізінде Қазақстанда демократиялық қоғам орнатудың алғышарттарының барлығы да бар деген пікір айтады.

- Бүкіл әлем Қазақстандағы саяси өзгерістерді, демократиялық үрдістерді мойындап, елдің ЕҚЫҰ –ға жетекшілік етуін бір ауыздан мойындап дауыс берген болса, оған өз ішіміздегі көнекөз коммунистер мен тіркелмеген партия жетекшілерінің Қазақстанның ЕҚЫҰ –ға төрағалық етуін кейінге шегеру керек деп байбалам салуын күлкілі деп айтуға болады. Кез келген өркениетті мемлекеттерде өзінің ішіндегі проблемаларды басқа елдің проблемаларымен шатастырмайды. Және оны айтпайды, сондықтан да Қазақстанның бүгінгі жетістігін мойындауымыз керек, – дейді депутат.

Уәлихан Қалижанның пікірінше, Мадридте 2007 жылдың аяғында Қазақстан үшін дауыс берген мемлекеттер елдегі бар жағдайға қанық болған. Сондықтан Қазақстанда адам құқы мен демократиялық құндылықтар өрескел бұзылып жатыр деп айту дұрыс емес және "Қазақстанның аталмыш ұйымға төрағалығы кейінге қалдырылуы мүмкін" деген бос сөз дейді сұхбаттасымыз.

Қазақстандағы жағдайлар туралы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдарға өтініш-арыз жазу соңғы уақыттары белең алып кеткендігін алға тартқан мәжіліс депутаты "бұл өз үйіндегі өртті өзі емес өзгеге өшіруді өтінгенмен тең" дегенді айтады.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҚЫҰ-на ТӨРАҒА БОЛУЫН ҚОЛДАҒАНДАРДЫҢ ӨЗІНДІК МАҚСАТЫ БОЛҒАН"

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының мүшесі Болат Дүйсенбінің пайымдауынша, Қазақстанды 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа белгілегенде - ол ұйымға мүше мемлекеттер белгілі бір мүддені көздеген.

- Неге десеңіз, Қазақстанда соңғы уақытта орын алып жатқан көптеген жағдайлар; саяси қуғындаушылықтар, баспана мәселесі сынды бірқатар жайттар туралы ЕҚЫҰ құлағдар болды. Алайда әзірге дейін ешқандай шара қолданылмады. Менің пікірімше, ұйымға мүше елдерге керегі – Қазақстанның мұнайы мен байлығы. Сол себепті біздің биліктің астына көпшік қойып, ЕҚЫҰ –на төрағалықты беруінің артында саяси астар бар. Еуропаның тек қана бір аздаған алпауыт мемлекеттердің мүддесін қорғау үшін жасап отырға ісі, - дейді сұхбаттасымыз.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG