Accessibility links

Ризада Жақыпбекке сот тағы да айыппұл салды


Ризада Жақыпбек баспанасын қорғамақ болғандардың бастан кешкендерін айғақтайтын суреттерді сотқа ала келді.

Ризада Жақыпбек баспанасын қорғамақ болғандардың бастан кешкендерін айғақтайтын суреттерді сотқа ала келді.

Бейсенбі күні мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында «Талмас» қоғамдық ұйымының жетекшілерінің бірі Ризада Жақыпбектің ісі қаралды.

Оған қарсы 10-шы қыркүйек күні даулы Алматыдағы аудандар мен жатақханалардың тұрғындарының басын қосып, қалалық әкімшіліктің алдында наразылық акциясының өтуіне мұрындық болғаны және сол жерде белсенділік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзғандығы үшін ҚР Әкімшілік кодексінің 373-ші бабының, 2-ші бөлімі бойынша әкімшілік іс қозғалған болатын. Дегенмен, аталған қоғамдық ұйымның белсендісі сот процесінің алдында биылдың өзінде осы мәселе бойынша екі рет жауапқа тартылғандығына байланысты бұл жолы бірнеше тәуілікке бас бостандығынан айырылатын шығармын деген еді.
Сот отырысы басталысымен Ризада Жақыпбектен судья Айзада Байекова 10 қыркүйек күні болған оқиға туралы сұрады. Болған жағдайды бастан аяқ баяндап берген қоғамдық ұйымның жетекшісі, сөзінің соңында биліктің қарапайым халыққа қарсы жасап отырған әділетсіздігін, соның ішінде көп балалы аналардың сот орындаушылары мен күзет қызметкерлерінен талай рет соққыға жығылғандығын көзімен көргендігін алға тартып, өзінің кінәсін мойындамайтындығын айтты.
Осы іс бойынша сұралған куәгерлер де бір-бірінің сөзіне қарама-қарсы келетін жайттарды баяндады. Бірінші болып сот алдында жауап берген Бауыржан Жапатов 10-шы қыркүйек күні банктің несиесін жабу үшін өзінің досымен жұмыстан сұранып, сағат 11-дің кезінде жол-жөнекей кетіп бара жатып, қалалық әкімшілік ғимаратының алдындағы айқай-шуды көргенін және сол жерде Ризада Жақыпбектің қолына жазу ұстап, құқық қызметкерлерінің ескертуін құлағына да ілмегенін айтты. Ал екенші куәгер Зәкір Тойғанбаев өзінің досының сөзін айна-қатесіз қайталап берсе де, қалалық әкімшіліктің алдына келген уақытты нақты айта алмай, сөзден жаңылысты.

Ризада Жақыпбектің адвокаты Денис Әлімбековтың басқа да сұрақтарына екі куәгер де дұрыс жауап бере алған жоқ.
"Талмас" ұйымының жетекшісі Айнұр Құрманов рұқсат етілмеген акция өткізгені үшін сот шешімімен 15 тәулікке абақтыға қамалған болатын.
Сот отырысы кезінде 10-шы қыркүйек күні болған оқиғаның бейнетаспасы көрсетілді. Бұл судья мен прокурор үшін басты дәлел болса да, пікір таластыру кезінде адвокат Денис Әлімбеков сот төрағасынан Ризада Жақыпбектің ісіне байланысты құқық қызметкерлерінің әкімшілік кодекстің кейбір баптарын бұзғандығын тілге тиек етіп, өзінің қорғаушысына қарсы жүргізіліп отырған істі тоқтатуды сұрады. Оның айтуынша, 10-шы қыркүйек күні қоғамдық тәртіп бұзылғанымен, наразылық танытушыларды әкімнің орынбасары Виктор Долженков қабылдап, екі тараптың арасында түсіністік орнаған.

«Одан соң, Ризадаға қарсы әкімшілік істің қозғалғаны бес күн өткен соң ғана белгілі болып және полицияның хаттамасы да уақытылы толтырылмаған. Ал полицейлердің Ризада Жақыпбекті уақытында таба алмадық деп айтуы - құр сылтау», - деді Денис Әлімбеков.
Сот отырысының соңына таман сөз алған айыптаушы тарап, тіркелмеген «Талмас» қоғамдық ұйымының белсендісінің осы мәселеге байланысты сот алдында бірінші рет жауап беріп тұрмағанын және куәгерлердің сөзі мен көрсетілген бейнетаспаның нақты дәлел екенін алға тартып, судьядан Ризада Жақыпбекті 15 тәуілікке бас бостандығынан айыруды сұрады. Екі тараптың да пікірін тыңдап шыққан судья Баекова әкімшілік жауапқа тартылған қоғамдық ұйымның өкілі Ризада Жақыпбектің жалғызбасты ана екенін ескеріп, оған ең төменгі бес айлық есептік көрсеткіші көлемінде айыппұл салды.
10-шы қыркүйек күні тіркелмеген «Талмас» қоғамдық ұйымының мұрындық болуымен даулы аудандар мен жатақханалардың тұрғындары қалалық әкімшіліктің алдында нарызылық акциясын өткізген болатын. Сол жерде Ризада Жақыпбек жергілікті биліктің назарына 6 талаптан тұратын үндеу оқыды. Халықтың оңайшылықпен тарамайтынына көзі жеткен соң әкімшілік қызметкерлері қала әкімінің орынбасары Виктор Долженковпен пикетшілердің кездесуін ұйымдастырған болатын.

Сонымен қатар, аталмыш ұйымның лидері Айнұр Құрманов 30-шы тамыз күні «Нұр Отар» деп аталатын жастар ұйымымен конституциядағы заңдардың толыққанды орындалмай жатқанын айтып, Алматының Арбат алаңында наразылық акциясын өткізген болатын. Сол үшін Айнұр Құрманов әкімшілік жауапқа тартылып, 15 тәуілікке абақтыға қамалды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG